"АЛДАНБАҢЫЗДАР": ЛОТЕРЕЯ - ӨМІРІ БАЙЫМАЙТЫН АДАМНЫҢ ІСІ

Уақыты: 19.12.2019
Оқылды: 1080
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазір лотерея өткізу сәнге айналыпты. Мен көп адамға жазылмағандықтан, біле қоймаушы едім. Бірақ таныстарым қайта-қайта айта берген соң, соңғы күндері кішкене ден қойып, тыңдап көрдім. Кім не ойнатып жатқанын айтып берді.

Араларыңызда әртүрлі лотереяға қатысып жүрген адамдар болса, ренжімесін, бірақ лотерея ойнау - өмірі байымайтын адамның ісі. Тер төкпей-ақ байысам деген адамның шаруасы. Ақшаға, байлыққа немесе кез келген материалдық игілікке деген көзқарасы дұрыс қалыптаспаған адамның жұмысы ол.

Өзіңіз ойлаңызшы, Стив Джобс немесе Илон Маск лотерея ойнап жүрсе? Асқар Жұмаділдаев, Марғұлан Сейсембай лотереяға қатысса? Адам ақша тапса, қоғамға бір нәрсе беріп табуы керек. Маңдайынан тер тамуы керек. Уақытын, энергиясын, білімін жұмсап жүріп табуы керек. Сондай адам байиды, бақытты болады, жетістікке жетеді.

Лотерея ұйымдастыратын адам көрсеңіз, ол не терең ойланбай, оңай ақша табуға әуестеніп, қателесіп жүр не ол ештеңеден тайынбайтын алаяқ деген сөз. Шындық - осы. Өкінішке қарай, осылай. Нақты біреуді меңзеп жазып отырған жоқпын.

Тек сіздердің ақшаларыңыз беталды кетпесін деген оймен жазып отырмын. Алданбаңыздар. Қаржылық сауаты жоқ адамның ісін істемеңіздер. Бала сияқты алданбаңыздар. Тегін нәрсеге жүгірмеңіздер. "Тегін ірімшік тышқан аулайтын қақпанда ғана болады" деген сөз бар ғой?!

Радислав Гандапастың бір сөзі бар. Ұшақта бизнес-класпен ұшатын адамдарға бортсерік барып, небір сусындарды ұсынып, не ішесіз десе, газы жоқ су сұрайды дейді. Тегінге жүгірмейді, әр нәрсенің қадірін біледі. Ал эконом-класс қонақүйге қонған, түк көрмеген кедей "одноразовый" сабынды қалып қойса қалтасына салып әкетеді дейді.

Бай болатын адам сияқты ойланыңыздар. Бай болатын адам лотереяға қатыспайды. Ол - ұят нәрсе. Беталды бірнәрседен дәмелену - бай адам үшін ұят. Бай я кедей болу адамның қалтасындағы ақшаға емес, санасына қатысты бәрінен бұрын. Бай сияқты ойланбайтын адам өмір бойы бай болуды армандап, соның оңай жолын іздеп, тәуекелге бармай, жанын қинамай, қартайып қалуы мүмкін.

Арман ӘЛМЕНБЕТ

"Facebook" парақшасынан

Сурет ғаламтордан алынды