"АЗСЫНЫП ОТЫРМЫЗ": ҚЫЗДЫҢ ҚАЛЫҢ МАЛЫ ҚАНША?

Уақыты: 02.01.2020
Оқылды: 1937
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

«Алтын тақпадым» деп жатып кеп өкпеледі орта бойлы келіншек. Шамасы әулеттің «генерал» келіндерінің бірі болуы керек. Аш бүйірін таянған қалпы табан астынан бәле іздеуге бейіл тұр. Жаңа құдалардың алып келген кәдесыйынан күміс қана бұйырғанына бүйі тигендей бүрісті де қалды. Өрісім кеңейеді емес, ұяттан өлдім-ау деген әнтек ойдың жетегіне еріп, әбігерге түсуде. Ағайынның алдында азарда-безер. Өлтірісін өндіріп әкелмеген болашақ құдалардың қылығына күйіп-пісіп барады.

Қарақаттай қыздың қалыңмалын сырттан сынап тұрған абысын-ажынның біз де сыбағалы болатын шығармыз деген мінәйі мінезі, көрші-қолаңның күндесше күңкілі мен күбірі, жақын-жұрағаттың кірпідей жиырыла қалуы өз алдына бөлек жосын. Әркім әр нәрседен бір дәметіп, тоғышардай топталып, тілдеп, тіміскілеп тісін батыруда. Араны ашылған ағайынның әбестігін аңдаған су жаңа құдалардың да сөзі сұйылған. Болмашыға бордай тозып, балағаттай жөнелген жамағаттың алдында белге соққан жыландай тұрып қалды. Жинап, сыйлап әкелген дүниең жұмырымызға жұғын болмады, шығып кетер жол әне дегендей, кердеңдеген жүзі суық кісілердің жүрегінің қаттылығына қайран. Бұрымдысының бағы ашылып, барған жеріне тастай батып, судай сіңуіне тілек білдіргеннің орнына киіз кеуделеніп, кесім айтып, кешірімін алмай күсталануы көңілдеріне көлеңке ұялатты. Екі ортада бір-бірін сүйе қосылған екі жастың сезімін табалап, бүгініне бүлік салғаны жандарына батты-ау, сірә. Баласының бақытын ойлап олар үнсіз. Ескі жоралғыны ағаш атқа мінгізбей, аз да болса көптей көруін өтінген жігіт жақ ілтипатпен ізет білдіріп әлек.

Кілем үстіне жайылған жаңа құдалардың жөн-жоралғысы анау айтқандай жаман да емес. Алыстан бақылап тұрған біз соншама таяқ астына алардай мәселе көрмедік, тіпті. Тек адамдардың ниетінің бұзылғаны мен қанағатының қағанағынан қағынғанын ұяттың үлкеніне балап тұрмыз. Ат-шапан айыбына ат мінгізді, сандық толы сыйын берді, алтынмен аптады, күміспен күптеді. Одан артық не керек?!

Әлімсақтан келе жатқан ата дәстүрді аяққа таптаған жоқ. Көрпесіне қарай көсілді. Әдет-ғұрпымыздың әдепкі адымын жасады. Алдын кесіп өтпеді. Ақиқатын айтты. Иіліп жастық, жайылып көрпе болды. Тектіліктен түрен тартты. Жібек орамал жапты. Ақманар шапан кигізді. Ағайынды бөле-жармады. Алысын аңдатты, жақынын жарылқады. Шетқақпайламай, шама-шарқынша үлкенінің де, кішісінің де көңілін аулап, құрқол қалдырмады. «Біздің қыздың үш дипломы бар», – деді долдана, буырқана сөйлеген қатын-қалаш. – «Жұмысында беделді. Қызығып, үй торуылдап жүргендер көп. Жібі түзу жігіт табылады. Қалыңмалын қатырып әкелем дегендер де аз емес. «Тең-теңімен, тезек қабымен» деген. Біз азсынып отырмыз», – деп шымшып сөйледі.

Құда мен құдағи қызара бөртіп, сасып қалды. Не болар екен деп біз де қобалжи бастадық. Достық рәуішпен ымыраға жүгінуін тіледік. Қайта құдай оңдап, қария килікті араға. Істің насырға шауып бара жатқанын аңдаса керек. Ақсақал ағайынға басу айтып, көргенсіздік көрсетпеуін сұрады. Екі жастың ортасына есі кеткен түседі деп ескертті елге. Арғы елмен бергі бұқараға көпір болған екі жастың ыстық махаббатын суытпай, дүбәрә дүниеге құнықпай, ертеңіне елші болар ұлағатты лебіз білдіруін, береке басұйытқы болуын тіледі. Содан кейін қыз жақтағылар қыңыр мінезін қысқартып, сабырға келіп, әңгімесін ары жалғады. «Уһ» деп бір тыныстадық сол мезетте. Досымыздың маңдайынан аққан ащы тер енді құрғай бастағандай болды.

Қазақтың ниеті бұзылғаны ма? Әлде салт-дәстүрдің сорабы ма бұл? Осы екі сұрақ өз иіріміне тарта берді сол сәтте. Дәстүріміздің даңқты дәуірі артта қалса да, жамандыққа қимайды екенсің. Өз қазағыңа тағы да оқ ата алмайсың. Заман құбылған сайын, пенденің пәруайым пейілі де тарылып бара жатқан сияқты. Десе де, ой таразысына салып, безбендеп көруге бел будық.

Қыз бен қойдың жүрмейтін жері, баспайтын белі жоқ. Қойдың құны – сұлудың сыны қазір. Ол рас, оңтүстік пен солтүстіктің, батыс пен шығыстың басын қосатын торқалы тойымыз. Той болғанда басқа-басқа емес, кәдімгі екі жастың шаңырақ көтеруі. Әлеуметтік желінің арқасында немесе алып шаһар Алматының бауырмалдылығының себебінен мыңдаған шақырымды місе тұтпайтын махаббат оқиғалары орын алып жатыр. Бұдан біз ешқандай әбестік көріп отырған жоқпыз. Қайта жақсы емес пе, ел көресің, жер шарлайсың дегендей. Оның үстіне қан мен тектің де жаңарып, жандануына да жәрдем. Мәселе сол елдің жеке салтында болып отыр. Ал салт пен сенімнің өз уақытына орай жаңарып, қоғамдық болмыс ұстанымдарына бейімделіп отыратыны айтпаса да белгілі.

Батыс - бай аймақ. Әйтсе де «қыз кәдесі» Ақтөбеге қарағанда Атырауда салмақты. Дені доллармен есептеледі. «Той малы» деп ірі қара болмаса 100 мың теңге ақша береді. Бұл тойға дейінгі алыс-беріс. Содан кейін «Ана сүтінің» өтеу ақысы мың доллар және «киттесу» деген бар. Қыздың ауылынан тізім келеді. Ол кемі 15 адам. Әр үйдегі ерлі-зайыптыларға бөлек-бөлек құрмет көрсетіледі. Бұрын киім-кишек берілетін.

Қазір бұл сыйлықтар тұрмыстық техникаға ауысып жатыр. Әрбір отбасыға бір данадан бағалы техника әкеледі. Енді құдалар бір-біріне қонаққа барған сайын ақшалай сый жасайды. Оған қоса «Балауыз» құда деген бар. Онда құданың барлық бауырларына бір-бір қойдан атайды немесе әр шаңырақ иесіне кілем үлестіреді. Бұл қыздың ауылының мойнында, оның тума-туысқа берген «ілуі» саналады. Осы кәделерді өтеп, жаңа туыспен араңды түзеп, қарым-қатынас жақсаратын секілді.

Қыз алған кезде де, қыз берген кезде де шығынға батасың. Себебі, қыздың дүниесі болады. Енді оған алмайтын затың жоқ. Кейде осындай кәдені, шығынды ойлаған қыздар қашып кетіп жатады. Алып қашу дәстүрімен үйленгеннің өзінде кәдесый жойылмайды. Тек жеңілдейді. Қазір дағдарыс деп жатыр ғой. Бірақ адамдар ұятқа қалмас үшін, қарыз алса да, жоғарыда айтылған кәделерді өтеуі тиіс. Ақтөбеде керісінше, қыздар үшін жаңа шаңырақта бақытты болуы – басты мәселе. Құдалар өзара келісіп, шамалары келгенше бір-біріне сый жасайды.

Шығыста шарт бөлек. Мұнда ең қымбат кәде «Ана сүті» мен «Әке күші». Осы екеуін қосып, жігіттің туыстары 1 жылқыға кілем жауып әкеледі. Егер отбасы мал өсірмейтін болса, жылқының құнындай қаржы, яғни, 100 мың теңгеден жоғары ақша береді. Ұзатылатын қызға бірінші «Сырға салады» яғни, болашақ келіндерінің құлағына алтын сырға тағып, көршілерінің үйіне 1 қой сойып, етін асып, 20 адамға дастарқан жаяды. Сонымен қатар, туыстары мен ауылдастары үшін 20 метр бағалы мата әкеледі.

Семей өңірі үшін қызға апаратын кәделердің көлемі екі жақ құдалармен алдын ала келісіледі. Кейбірі «дәстүрді аттап кетпеу керек» деп, азын-аулақ сый жасайды. Ал кейбір құдалар артық шығын шығармай жас шаңыраққа береді екен. Солтүстікте де солай.

Оңтүстіктің қыздары "удай қымбат". Қалың малдың құны миллионға шамалас. Киітке бірыңғай алтын, гауһар тасы бар қымбат әшекейлер, жағалы киімге құндыз ішік кигізу міндет. Мұны сіз де, біз де жақсы білеміз.

Алматы мен Жетісудың қыздарының қалың малының құны біліміне байланысты деседі ел. Оқыған қыз бен оқымаған қыздың арасы жер мен көктей саналып, дипломына қарай бағаланады-мыс.

– Жоғары оқу бітірген қыздың қалың малы да жоғары. Жылқыға кілем жауып әрі 300 мыңнан жоғары ақша әкелу қажет. Алтын-күміс өз алдына, өлтірісі деген кәде үшін қосымша 25 мың теңге және бір қоржын тәтті, тойбастар, жыртыс әкеледі, – дейді 2 қызын ұзатқан Келгентай апамыз.

Хош, бұл ақпараттармен құлақтанғанда көзіміз шарасына шығардай шошыдық. Жұрттың жүрегі қатайып кеткен бе? Жылдар домалаған сайын ынжық ырымдар мен әсіре-бөспе әдеп-ғұрыптар етек жая бастағаны ма әлде? Түсінсек бұйырмасын. Бабатаным «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деп ғұлама ғұрыптан аттамағаны аян. Қазақ халқы қашанда қызын жатжұрттық деп қадірлеп-қастерлеп, дәстүрге сай ұзатқан. Десе де, даңғойлық пен заңғойлыққа бармай, даурығып саудаласпағаны даусыз.

Иә, «күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл, қыз таныстыр – қызыққа жұрт ыржаңшыл» деген хакім Абайдың дәйегінен дәріс алсақ, қызыққа құмар ыржаңшыл жұрттың аузына қақпақ бола алмайсың. Бірақ «қызыңның қалыңмалы арзандау болды» деп қайығы қарасуға кетпесі анық. Бұл тек мақтаншақтықпен мәнзелдес, кеудемсоқтықпен аталас дерт.

Міне, біз осы дерттен айығуымыз тиіс. Байларға қарап тұрмысы орташа адамдар да шамасына қарамай несие алып сонша шығынданады. Ал осының кімге пайдасы бар? Біз балаларымыздың болашағын, бақытын неге ойламаймыз?

Мұхтар КҮМІСБЕК

Сурет ғаламтордан алынды