"СЕНДЕР ҚАЗАҚСЫҢДАР!" ЖЕЛТОҚСАН ҚОЗҒАЛЫСЫ 79-ДАН БАСТАЛДЫ

Уақыты: 10.01.2020
Оқылды: 1260
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Көзді ашып-жұмғанша біз де алпысты алқымдап, зейнеткер жасынан асып кеттік. Бірақ сол дәуірдегі студенттік кездер, аяулы ұстаздарым ұмытылмақ емес. Есті естеліктер көз алдымнан тізбектеліп өтеді. Сөйтсек, халықтың қабырғасын қайыстырған Желтоқсан оқиғасы 1979 жылдан бастау алған екен ғой.

Сол бастаудың басында сол кездегі Қарағанды тұтынушылар қоғамы институтының саяси экономика кафедрасының меңгерушісі Шегенов Марат Смағұлұлы тұрғандай. 16 желтоқсан жақындай түскен сайын менің ойыма марқұм Марат аға оралады. Ол кісінің келбеті, жымиған күлкісі, әсіресе, «сен қазақсың, соны ұмытпа, қазақ болып туғаныңа қуан» деп айтатын жігерлі сөздері есіме түседі. Сол жайында тебірене жазайын деп ойлайсың, бірақ күнделікті күйбең шаруа ырық бермей кетеді. Міне, бүгін реті осы мақалаға келіп тұрған сияқты.

Мен 1977 жылы Отан алдындағы борышымды өтеп келгеннен кейін Қарағанды кооператив институтына экономика факультетіне оқуға түстім. 1-курста саяси экономика пәні оқытылды. Онда кафедра меңгерушісі Марат Шегенов еді.

Бір күні кезекті бір дәрістен кейін Марат аға өзіне жолығуымды сұрады. Мен кәдімгідей абыржып қалдым. Оның үстіне бірінші семестрдің аяқталуына жақын қалған уақыт. Сәлден соң жүрексіне басып, ағамыздың кабинетіне келдім. Жылы жанарына қарап, алып-ұшқан жүрегім орнына түсті. Сол жымиған қалпында қолымды алып, қай жерден  келгенімді, әке-шешемнің жағдайын, қанша ағайынды екенімізді сұрады. Мен отбасым жайында баяндап бердім. Сәл ойланып, батылданып әңгіме бастады.

– Бізде екі факультет бар. Бірі есепші, бірі экономикалық. Ауылдан келген жастардың дені есепші болғысы келеді. Сен осы  мектепте қабырға газетін шығарып па едің? – деді толғанып. Мен қабырға газетінің редакторы, комсомол комитетінің бюро мүшесі болғанымды айтып едім, бірден қуанып кетті.

– Біз де институтқа сондай газет шығаруымыз керек. Өйткені, ауылдан келген жастар ауылын сағынады. Осы қабырға газетіне мақала, өлеңдерін жазып, мауқын басып отырады, – деді ыждағаттылықпен.

Мен қабырға газетінің аты қалай болады деп едім, ол кісі ойланбастан: «Жас қазақ» болады. Өйткені студенттердің дені қазақ жастары», – деді қуанышын жасыра алмай. Сонымен біз газет шығара бастадық. «Жас қазақ» газетін оқу орнының төртінші мен бесінші қабатына ілуге рұқсат берді.

Бірде менен Марат аға: «Газет неге жоғары қабатта ілулі?» деп сұрады. Мен бізге рұқсат еткен жер сол, оның үстіне түстен кейін газет тіпті алынып тасталатынын түсіндірдім.

Екі-үш күннен кейін ректордың кабинетінде жолықтық. Ол кезде институт ректоры қазақшаға судай Котляров деген ақсақал. Ол кісі бізге жанашырлық танытып, газеті 1-ші мен 2-ші қабаттың ортасына, ректорат, партбюро газеттерінің жанына ілінсін деген тапсырма берді. Маған қарап: «Сенің үстіңнен обком партияға арыз түсті, коммуниссің бе?!» – деп сұрады. Мен жоқ дедім. «Онда жарасы жеңіл екен, осындай студенттерімізді сақтап қалуымыз керек» деп мейірімділік танытты.

Бірде Марат аға: «Мен қазақпынды» ерт те, маған кел», – деді. «Мен қазақпын» деген Айдын Уахитовтың жалған аты. Себебі ол Жұбан Молдағалиевтің атақты өлеңі «Мен қазақпынды» аузынан тастамайтын. «Екеуің Сәкен Сейфуллин атындағы театрға барасыңдар. Сол жерде Қарғаш Сатаев деген ағаларың бар. Соған  жолығасыңдар», – деп нұсқады.

Біз барсақ, ол кісі репетицияда екен. Мән-жайға қаныққан соң «ертең 30 бала жинаңдар» деп тапсырма берді. Біз 40-50 бала жинадық. Бірақ соның ішінен ерекше көзге түскен 20 бала таңдап алынды. Нәтижесінде, «Әпке», «Ақтоты» сияқты басқа да қойылымдар сахнаға шығарылды. Кейіннен «Қазақ драма үйірмесі» студенттер арасында «халық театры» деген атаққа ие болды. Игі істің басында ұйытқы болып Марат ағамыз тұрды.

Ректормен кездесуден кейін мені деканға шақырды. Барсам, деканның бөлмесінде үлкен сары орыс отыр. Ол: «Коммуниссің бе? Сен неге жастардың арасына іріткі салатын газет шығарып жатырсың?» – деп тарпа бас салды. «Жас қазаққа» кілең жастар мақала жазатынын түсіндірдім. Кейін мені институттан шығарылсын депті. Алайда бағыма орай ол мәселе ұмытылып кетті.

Ректор жолыққан сайын қазақша қал-жағдайымды сұрап, "Қалай, декабрист?" дейтін жымиып. Телгарина кейін партком хатшысы болды. Ол кісі мені талай қырғыннан алып қалды. Бірде Саранша деген орыс қызы қазақтың намысына тиетін сөз айтқанда, мен шыдамай шапалақпен тартып жібердім. Осыдан кейін жалпы институт жиналысы өтті. Сонда кейбір кісі мені институттан шығару керек, оның үстіне бұл жігіт қазақшаны белсенді насихаттап жүрген адам деп наразылық танытты.

Сонда Л.Телгарина мен Б.Айжігітов менің кінәм қызға қол жұмсағаным ғана екенін баса айтып, жағдайды ушықтырмауды өтінді. «Ал қол жұмсағаны үшін жазаланады, бірақ өкініп, кешірім сұрады» деп қорғады. Залда отырған көпшілік, оның ішінде  Марат аға бастаған ұстаздар қолдап, бір бәледен аман қалдым.

Марат аға Қарағанды қаласында «Гармошка» деген үйде тұратын. Бірде ол кісі маған «Бақтығали, сен кешке мен тұратын үйдің төменгі қабатына «Блинная» деген жерге кел», – деді. Мен уәде еткен уақытта бардым. Бір бұрышта отыр екен. «Бақтығали, мен Кисловодскіге демалысқа кетіп барамын. Қайтарда Мәскеуге соғам, өйткені, ол жерде біраз шаруаларым бар. Бірге оқыған жігіттерге жолығамын. Сен «Жас тұлпар» туралы не білесің?», – деді толғана сөйлеп. Мен ештеңе білмейтінімді айттым. 

– Ол Мұрат Әуезов бастаған қазақ жастарының ұйымы. Өз ісіңмен сен де осы ұйымға сырттай мүше болып жүрсің. Сен атқарған іс-шаралар әлі азғантай, бірақ атқарылар іс көп. Қазір «Атамекен» атты құрылыс отрядына командир болып барасың. Жүрген жеріңде қазақша концерттер ұйымдастырып, өзіміздің ұлтымыздың шежіресін, ойындарын, тарихын насихаттауың керек, – деді әр сөзін салмақтап.

Біз түн ортасы ауа тарқастық. Мен ағама сәт сапар тілеп қайттым. Біздің соңғы көрісуіміз сол еді. Бір-екі күннен кейін қаралы хабар келді. Жанашыр ағамыз жүрегі тоқтап, кенеттен қайтыс болыпты.

Міне, бүгінде сол кезде Марат аға аңсаған тәуелсіздікке де қол жеткіздік. Қазақ деп жүрегі соққан ағамыз енді ортамызда жоқ. Біз сол кісі армандаған болашақта өмір сүріп жатырмыз. Қазіргі уақытта онымен қызметтес болған А.Аймағанбетов академия ректоры, Р.Бұғыбаева проректор болып қызмет етіп отырған оқу орнында ағамызға арналған кабинет болса екен дейміз. Жоғарыда айтылғандарды біреу білсе, біреу білмейді. Көз көргендердің көбі марқұм болып кетті.

Котляров, Әбдразақов, Жақұпов, Талпақов, Жаңагүлов, Шүмеков, Күрлеубаев, Аймағанбетов, Қуанышов, Улаков және басқа да ұлтқа жанашыр ағаларымызға, Достамесова, Телгарина, Жақұпова, Бұғыбаева сияқты апаларымызға жүрегімізге қазақ деген сөзді ұялатқаны үшін, «сендер қазақсыңдар, осыған лайықты болуларың керек» деп тәрбие бергендері үшін үлкен алғысымды айтамын.

1979 жылы бұлақ бастауындай болып, кейіннен 1986 жылы теңізге айналған аға арманы бүгінгі күні орындалды. Біз арда азаматтар Марат Шегенов, Айдын Уахитов, орынбасары Атимовті мәңгі есімізде сақтаймыз.

Бақтығали АЙЖІГІТОВ

Сурет ғаламтордан алынды