ТАЛДЫҚОРҒАНДА СПОРТШЫЛАР АБАЙДЫҢ ӨЛЕҢІН ОҚЫДЫ

Уақыты: 08.02.2020
Оқылды: 1459
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Біз, әдетте, спорт мектебі дегенде тек қана спорттық шара өтеді деп пайымдауымыз мүмкін. Алайда дарынды балаларға арналған облыстық спорт-интернаты колледжінде хакім Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Ұлы халықтың ұлы Абайы» атты ашық тәрбие сағаты өтті.

Тағылымы мен тәрбиесі мол шара білім ошағының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Марлан Заманбековтің, тәрбиешілер Бибігүл Баймолданова мен Шолпан Есімбекованың ұйымдастыруымен өтті.

Тәрбие сағатында оқушылар Абай ақынның өлеңдерін жатқа оқып, әндерін орындады. Кештің басында ақынның өмірінен сыр шертетін бейнеүзік қойылып, жиылған оқушыларға аздаған мағлұмат берілді. Спортты жандарына серік еткен болашақ чемпиондар ұлттық өнерден де кенде емес екендіктерін дәлелдеді. Үлкен қызығушылықпен атсалысқан оқушылар әдебиетке де жақындықтарын көрсетіп, Абай оқуларын нақышына келтіре орындады.

Балалардың шығармашылығын тамашалаған біздер әдебиет пен спорт егіз ұғым екеніне көзіміз жетті. «Талантты адам бар жағынан талантты» дегендей, тәрбие сағатындағы ұл-қыздар бар өнерін ортаға салды.

Кеш соңында Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін хормен айтып, залға жиылған оқушыларды да әнге елітіп, олар да қосыла шырқады. Әсерлі өткен кеш соңында колледждің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Марлан Майданұлы құттықтау сөз сөйлеп, оқушылар мен тәрбиешілерге сәттілік тіледі.

Әмір САНА

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды