"НЕ БҮЛДІРДІ ОЛ?" АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ЛЕНИННІҢ ЕСКЕРТКІШІН АЛДЫРМАЙ ОТЫР

Уақыты: 11.02.2020
Оқылды: 2608
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Суреттегі Ленин жолдастың ескерткіші бұрынғы заманның ретро-фотосы емес, жақында ғана түсірілген дәйек. Ескерткіштің тұрған орны – Көксу ауданына қарасты Лабасы ауылдық округіндегі Мәмбет ауылы. Былтырға дейін әкімдік ғимаратына қарама-қарсы орналасқан «күн көсемінің» тас бейнесі 1969-1970 жылдары орнатылған.

– Лениннің дәуірі өтті ғой, қазір тәуелсіз ел болғанымызға да 29 жыл болып қалды. Ескерткішті алып тастау туралы шешім шыққан. Қанша әкім ауысқанымен Көсемнің орнынан қозғалатын түрі жоқ. Әлі тұр ғой, міне! – дейді ауыл тұрғындарының бірі. Өкініштісі, ол аты-жөнін айтудан бас тартты. Айтуынша, зияны тиіп кетеді ме деп қорқады.

Ескерткіш қашанда ұрпаққа тарихи жәдігер ретінде табысталатын құнды мұра екендігі белгілі. Ендігі ретте тәуелсіз ел ұрпақтарын Лениннің бейнесіне қаратып қойғанымыз қалай болар екен?! Бәлкім, қолын сілтеп тұрған Лениннің орнына қазақтың ұлы ақыны Абайдың ескерткіші не болмаса азаттық үшін қан майданда жан берген батырдың бейнесі орнатылса, артықтық етпес еді. Бұл ойымызбен Мәмбет ауылының кейбір тұрғыны келіспейтін болып шықты.

Оны алып тастағаннан не пайда? Бүгінгі күнге жеткеніміз осы кісінің арқасы. Әп-әйбәт тұрған ескерткіш. Кішкене жөндеу жұмысын жасап, қалпына келтіру қажет. Соғыс ардагерлерінің ескерткіші мектептің алдында тұр (Соғыс ардагерлерінің мүсінін орнату туралы пікір сұрағанбыз – ред.). Оларға да бердік. Біздің ауылда мектептің алдында Лениннің ескерткіші болған. Екі крандаушы ескерткішті сүреміз деп өмірден өтті. Бұл кісі – әулие кісі (күн көсемін меңзеп тұр – ред.). Қазір түсіремін десеңіз, ешқандай «крановщик» келе алмайды. Барлығы қорқады. Оның бізге ешқандай зияны тимеді. Ескерткіштің тұрғаны дұрыс деп ойлаймын. Кей кездері маскүнемдер де келіп сүйенеді. Оларды қуып шығамын. Біз осы кісінің ұранымен өстік. Қазіргі жастардың пікірін білмеймін. Менің ойым осы. Оны алатын түгі де жоқ, – дейді «Шаңырақ» ұжымшарында күзетші болып қызмет ететін Ермек Каримбаев.

Аталған сұрақтың жауабын Лабасы ауылдық округінің әкімі Ерік Тұрғанбаевтан да сұраған едік. Басшыны ауылды аралауға шығайын деп тұрған жерінен тоқтаттық. Өйткені, оған дейін хабарласып, жауап ала алмай қойған едік.

Біздің ауыл тұрғындары ескерткішті алғанға ешқандай қарсылық білдірмейді. Арнайылап алып тастаймыз десең, өзіңе қарсы шығады. Өйткені, біздің аға буын коммунистік партия көргендер. Қарттарымыз барлығы Кеңес тәрбиесінен шыққан. Өзінің бір уақыты келгенде реттелер. Мен халықтан аса алмаймын. Ештеңе айта алмаймын, – деген Ерік Түстікбайұлы дәл қазіргі уақытта ескерткішке тиісудің керегі жоқ деген пікірін білдірді.

Біреуі болсын округ әкімі меңзеген уақыт келді дегенді айтар деген ниетпен тағы басқа қариямен тілдестік. Бірақ ойлағанымыз болмай шықты. «Тұру керек». Не үшін тұру қажет деген сауалымызға:

Ал, не үшін алып тастау керек? Не бүлдірді ол? Сенің басыңнан келіп шертті ме? Осы жерге егін егейін деп едің? Кедергі келтірді ме? Тұрсын, тиіспеңдер. Қайта майлап, дұрыстап жөндеп қою керек, – деп жауап берді ауыл ақсақалы Алыбай Базаралин.

Ал ауылдағы әкімдік қызметкері Анар Сарымолдаева:

Жаппай барлығын ал деген кезде ұсыныс білдіргенбіз. Ұмытпасам, 2002-2003 жылдары. Сүру үшін 50 тонналық кран керек екен. Ондай техника біздің әкімдікте, ауылдық округте жоқ болды. Сонымен табылмай қалып қалды. Сол уақыттан бері бұл мәселе көтерілмеді. Бір жылдары тұрғындардың пікірін білген едік. Барлығы: «Бұл кісі біздің көзімізді ашқан» деп өзімізге ұрса жөнелді. Ономастикаға Лениннің ескерткіші бар деп құжаттар өткізгенбіз, – деген соң Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастика бөліміне хабарласқан едік. Ол жердегі мамандар мемориалды тақталар 2013 жылға дейін ономастикаға қарап, кейін барлық құжаттар Алматы облыстық мәдени мұраны қорғау орталығына тапсырылғанын жеткізді.

Облыстық мәдени мұраны қорғау орталығының маманы Шынар Саматованың айтуынша, 2002 жылы Алматы облыстық мәслихат шешіміне сәйкес, бұл көне нысан мемлекет есебінен шығарылған. Сол жылдары ауыл қариялары тарихтың көзі деп құлатпай қойыпты.

Не дегенмен де, аты жоғалған коммунистік партия көсемінің ескерткішін орнынан алып тастаудың аса бір қиын іс болып тұрғаны өте өкінішті. Жас ұрпақты ұлтын мақтан ететін, рухы жоғары азамат етіп тәрбиелейміз десек, қазақты қан жылатқан кешегі қызыл жүйенің жұрнағын жуық арада алып тастауымыз қажет-ақ. Қаймағы бұзылмаған ауылға біз сөз еткен ескерткіш тәуелсіздік рухын дарытпай тұрғандай сезіледі.

Еңлік ҚАБДЕШ

Көксу ауданы

Алматы облысы