Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖАНАЙҚАЙ: ТОҚАЕВ ТУҒАН АУДАНДА МУЗЕЙ МЕН КІТАПХАНА ЖОҚ

Уақыты: 13.02.2020
Оқылды: 1089
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Әр өңірдің өз тарихи ерекшелігі бар. Қазақтың қай даласына барсаң да, көне тарихтан сыр шерткен тарихи орындар мен елдің абыройын асыратын тұлғаларды жолықтырасың. Бүгінгі ұрпақ сол тарихпен қуаттанып, заманның заңғарларын мақтанышпен айтып, ел алдында абыройын биіктететіні анық. Сондай киелі мекеннің бірі – он сегіз әулие мен әмбие жатқан жер Қаратал ауданы. Бауырына небір жақұтты басқан қасиетті Қаратал жеріне бара қалсаң, алдыңнан бағзы заманның заңғар тұлғаларының кесенесі қарсы алып, тағзым жасап, бет сипамай өтпейсің. Иә, бұл біздің қазақы салт-санамыз, дін мен аруаққа деген құрметіміз. Алайда осы жерде өзегіңді өртейтін бір өкінішті дүние бар.

Ауданның орталығына бара қалсаң, сол он сегіз әулиенің тарихынан сыр шертіп, көңіліңді марқайтатын музейдің жоқтығы жанға батады. Тарихи тұлғаларымыздың тәбәрік болатын заттары жоқ емес, бар. Ел арасында, ұрпақтарының үйінде, сандықтың түбінде шаң басып жатқан болар?! Сол құндылықтарды жиыстырып, бір орталыққа тоғыстырып, тарихи-өлкетану музейін неге ашпасқа?! Келген қонақтың алдына ұсынып, мынау осы өңірдің құны жетпес байлығы деп неге айтпасқа?! Ал аудандағы жас өркеннің бойына ұлтжандылық пен рухани байлықты құйып, санасына жаттататын бірден-бір тәрбиелік орын ол – музей.

Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында бұл іс неге қолға алынбаған? Рухани жаңғыру дегеніміз осы емес пе? Мемлекеттің өзі осындай тарихи тұлғаларымызды жарыққа шығарып, бүгінгі ұрпақтың санасына ұлттық код ретінде жаттатып жатқанда, Қаратал ауданының бұл жұмыстан кеш қалып жатқаны қынжылтады. Әрине, бұл аудан көлемінде шешілмейді. Облыс, тіпті, республика шеңберінде назар аударатын өзекті мәселе. Ауданнан басқармаға ұсыныс түскен болар? Егер түскен болса, мәдениет саласына жауапты басқарма неге жүзеге асырмай келеді?! Өзге аймақта үлкен өлкетану музейі мен мемориалдық мұражайлардың ашылып жатқанын естиміз.

Бұл – қуанарлық жайт. Меніңше, әр ауданда осындай музейлер болу керек деп ойлаймын. Ескелді, Балпық, Айту би мен Қарымбай, Жолбарыс пен Қабан жырау, Жәлменде мен Пышан ақынды дүниеге әкелген аймақтың музейі жоқ деп айтуға ыңғайсыз. Заманында Құнанбайдың өзі Жәлмендені шақыртып, үлкен дауды шештірген деген әңгіме бар. Оны былай қойғанда, солақай саясат ақын, болыс болған Пышан ақынды да оққа түйремеп пе еді?!

Ендеше, осындай арыстардың соңында естеліктерді жас жеткіншек музейден естіп, қолданған заттарын өз көздерімен көріп тұрса, қандай әсерлі болар еді. Мұнымен қоса, музей қызметкері деген атқа ие болып, біраз адамды жұмыспен де қамтитын едік. Онымен қоса, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген мамандарымызға да қолайлы жағдай туатыны белгілі. Бір сөзбен айтқанда, Қаратал ауданына бір музейдің керек екенін айтқым келеді.

Музейдің жырын айтып отырып, мына бір мәселеге де кеңінен тоқталғым келеді. Аудандық кітапхананың өз шаңырағы жоқ. Біреудің босағасын сығалап жүр. 50 мың кітап қорымен аудандық кітапхана Үштөбе қаласының А.Пушкин атындағы орта мектебінің бір бөлмесінде отыр. Елдің есігінде, аядай жерде күн кешкен кітапханашылардың күні күн емес. Бір ғимараттың зары өткен қызметкерлер өздеріне емес, кітапқа алаңдаулы. Тар жердегі, кітап ертең құрдымға кетеді. «Білімнің көзі – кітап», – деп кез келген адам айтады. Алайда сол бұлақты біз басынан тұншықтырып жатқандаймыз. Ертең қаншама құндылығымыз жарамсыз болып қалмай ма? Аядай бөлмеде еркін орналастырылмаған кітаптар ылғал тартып, бір қалыпты температура сақталмағасын көгеріп кетуі әбден мүмкін.

Қазіргі уақытта 10 қызметкері бар аудандық кітапхана 280 шаршы метрде отыр. Бұл дегеніміз небәрі үш бөлмені құрайды. Оның бір бөлмесін есеп-қисап жүргізетін бухгалтерия алса, қалған екі бөлме кітапханашыларға тиесілі. Ал оқырман залы қайда? Қазір заман талабына сай, барлық кітапханада интернет желісі, өз-өзіне қызмет көрсету орталығы немесе түрлі мәдени шараны өткізетін арнайы залдар бар. Бұл кітапханада ондай жаңа технологияны былай қойғанда оқырманмен жүздесу, кітапты сақтайтын арнайы мұрағат бөлмесінің өзі жоқ.

Кезінде Отырар кітапханасы өртеніп кеткенде талай тарихымыз жойылып кетті. Отырар кітапханасында әлемдік кітапханамен теңесетін құндылық бар еді деп зар иелегенде етегіміз жасқа толады. Ал айдың, күннің аманында қолдағы бар байлықты өз қолымызбен жойып жіберуге жақын тұрғанымызды аңғармаймыз. Сондықтан да, Қаратал ауданына бір кітапхана керек екенін айтқым келеді. Елдің есігін сығалаған аудандық кітапхана қызметкерлері өз шаңырағында отыруға толық құқығы бар емес пе?! Осы мәселе шешімін табады деген үміттеміз.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды