Менің қазақстаным!

Уақыты: 04.06.2016
Оқылды: 2330
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ұрандап атқа қонып, «Абылай­лап» жауға шапқан, Ұлы Дала төсін мекен еткен ақылгөй, дана, батыр халықтың әрбір ізі – тарих, әрбір мұрасы қазына. Бойына қымыз-шұбатпен қан жүгіріп, көкпар, қыз қуумен қызығы таусылмайтын елі іші – өнер кеніші екеніне көз жеткізесің. Іле таңдай қағып, талантымен тәнті еткен тұлғаларға қызыға да, қызғана да қарайсың.

Жау жағадан алған тұста қа­зақтың білек күшін екі есе­лен­ді­ретін үйдегі жары мен болашақ тіз­гін иесі ұр­пақ­тары болса, екінші ұраны еді. Сол ұран ұлан-ғайыр жерді сыйлады, береке-бірлігі жа­рас­қан елді сыйлады. Бұлт торлаған көгіміз ашылып, жайма-шуақ күн туды. Ала­қайлап сүйінші сұрап, ұлан-асыр той жасадық, сан ғасыр арман болған тәуел­сіз­ді­гі­мізге тәу етіп, әр таңымызды шүкіршілікпен қарсы алдық. Сол ұран әуелеп әнге ай­налды, жүрекке жылулық сыйлап, бір кездері жо­ғалт­қанымызды тү­ген­деп, қайта атқа қондық.

Рас, әділ жолды арым деп бі­ле­тін би-шешен, ақын-жы­рауларды айтып тауыса ал­маймыз. Сол секілді ізгілікке үндер күйші, сазгер, сал-серілердің де жөні бір бөлек. Бо­дан­дықтың қамытын ки­ген, торға түс­кен құстай ер­кіндігіміз шектелген тұста халыққа жігер сыйлар шоқ­тығы биік тұлғалар жетіп-артылады. Кеңестік кезеңнің уыты айықпай тұрған кездегі «Менің Қазақ­ста­ным» деп өлең жазған Жұмекен Нә­жімеденов пен оған ән қосқан Шәмші Қалдаяқовтың есімі еш­қа­шан ұмытылмақ емес. 1956 жылы өмірге келген бұл туынды сан түрлі қиын-қыс­тау кезеңдерді артқа тас­тап, «малым – жанымның са­да­ғасы, жаным – арымның са­да­ғасы» деп тағдыр тау­қы­метін тартқан халыққа дем берді, тәуелсіздік жолындағы күресін үдетіп, арман көк­жиегіне қарыштап ұшуының себепшісіне айналды.

Құнарлы да шұрайлы же­рі­­міз­ден айырып, ты­ңай­ту­дың кесепатын басымыздан кешіргенде де кері ше­гін­бедік. Сан мәрте шалынсақ та, «сабыр түбі – сары алтын» деп шы­дамның шегін күттік. Сөйт­тік те, жүрегімізге суық мұзы қадалған 1986 жылдың алаңынан табылдық. Та­был­дық та Амангелді Иманов, Сы­рым мен Махамбет, Есет пен Ке­не­сарының жолың жаң­ғыр­тып болашақ үшін күрестік. Алаңдағы әрбір қазақ «Менің Қазақстанымды» айтып, жа­лаң қол, жалаң аяқпен қар кешіп, мұз шайнады. «Бейім­бет жау болса, мен де жау­мын», – деген Ғабит Мү­сі­ре­повтің, Алаш ордашылардың жан қиғандағы армандарын жалғап, баба үмітін ақтадық.

«Кең екен жер деген, Жер­ге гүл шықты ғой. Дән егіп терлеген, Қа­за­ғым мықты ғой!» – деген сөздері қа­зақ­тың мықтылығын ғана танытып қой­май, ұрпақ амандығы үшін за­ман­ға бейімделу керектігін айтады. Әйт­песе, қазақтың мықтылығы дән егу­мен шек­телмейді. Сондағысы – сая­сат пен идеология айласын айна­лып өту­дің тәсілі. «Менің Қа­зақ­ста­ным­ның» алғашқы орын­даушылар Ес­кен­дір Ха­санғалиев пен Нұрғали Нү­сіп­жанов әлі күнге дейін сол кездерді көздеріне жас ала еске алады. Әнші, Қазақстан Республикасының Халық әр­тісі Нұрғали Нүсіпжанов: «Ол ән әу баста дұрыс шықты, гимн болғанда да әні өз­гер­меді. Өзінің тақырыбын ақ­тады. Сөзі өзгергенмен айтар ойы бір, тамыры бір жерден таралады. Гимн жаңарар сәт­те конкурсқа тү­сіп, бәй­геден келді және та­қы­ры­бын ақтаған ән, рух сыйлауда, пат­рио­тизме үндеуде қыз­метін ат­қар­ды және бола­шақта атқара береді де», – деп әннің негізгі қызметін ай­қын­дап берді.

Қазақтың басына қиын­шылық үйі­рілгенде туған бұл ән «Елім-ай» сын­ды тағ­дыр­лы шығарма. Себебі, алып орыс империясы Ақмола, Пет­ро­павл, Павлодар, Қос­танай, Қара­ған­ды облыс­та­рын 1956 жылдары өздеріне алуға тырысады. Дәл сол тұста Шәмші Қалдаяқов бас­таған ұландарымыз оған қар­сы болып, на­ра­зылықтарын әнмен білдіреді. Ра­диодан күніне 3-4 рет беріліп, рухқа рух еселеп, еңсесі түскен халықтың қайта аяқтан нық тұруына себепші болады. Бұл сөзімізді Шәмші Қал­дая­қов өзінің берген сұхбатында нақ­тылай түседі.

– «Менің Қазақстаным» деген әнді жазуыма тура келді. Халық жап­пай жер деп шулап жат­қан­дағы туын­даған ұран әніміз еді. Мен сонда Жұмекен Нә­жі­ме­де­нов­ке: «Сенің кеудеңде қазақ­тың қаны бар ғой, «Менің Қазақстаным» деген сөз жаз, мен әнін жазып бере­мін», – деп салмақ салдым, – дейді Шәмші Қалдаяқов.

Елім деп еңіреген өр ерлердің қолдарынан шыққан туындының мәтіні неше мәрте өзгерсе де мән-мағынасын жоғалтпады. Керісінше, бүгінгі күнде әрбір қазақ жүрегіне алақанын қойып шырқайтын тәуелсіз Қазақстанның Әнұранына айналды. «Ежелден ер деген, Даңқымыз шықты ғой. Намысын бермеген, Қазағым мықты ғой!», – деп келетін сөздері сай-сүйегіңді сырқыратып, жігер отын жандырады. Иә, қазақ ешқашан намысын бермеген, бермейді де. Ер болып, еркіндіктің туын жықпаспыз. Себебі, біздің жалғыз ғана бағымыз бар. Ол – Тәуелсіздік.

Мәулен Әнербай