КОРОНАВИРУС: ТУҒАН ХАЛҚЫҢДЫ ҚАНАҒАННАН НЕ ТАБАСЫҢ?

Уақыты: 29.03.2020
Оқылды: 1200
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алыпты», – деген сөздің жаны бар. Елде қиын жағдай болып жатқанда жаудай жағаласып, ебін тауып, екі асап қалғысы келетіндер бар. Қару алып, қарсы келген жауға кезеніп жатқан жоқпыз. Бірақ жаудан жаман індетке қарсы тұрдық. Аты жаман пәле күллі адамзатқа қауіп төндіріп отырғанда, ішімізде осыдан пайда тауып қалғысы келетіндер де аз емес.

Елде төтенше жағдай жарияланған күні халық дүрбелеңге көшті. Дүкендегі азық-түлікке таласып, жанталас болды. Дәл осы уақытта саудагерлер, яғни, алып сатарлар пайда тапқысы келгендей бағаны шарықтатып, қиналған жұрттың арқасына қамшы соққандай етті. Артынша жауапты мекемелер алдын алып, бір жөнге келтірді. Әйтсе де, оқтын-оқтын орын алып жатқан жайттар бар.

Ал мына масқараны қалай түсінуге болады? Вирустың алдын алатын, таралмаудың жолына тосқауыл болатын бетперденің тапшылығы. Оның да бағасы шарықтап, алыпсатарлардың қолына өтіп кеткен. Жаны қысылған халық алар. Қалай дегенмен де, бұл жақсылық емес. Керісінше, мұндай қиын кезде көмек қолын созудың орнына қарабастың қамына көшкеніміз қалай?! Енді, міне, әлеуметтік желі арқылы алаяқтар пайда болды. Бетперде сатамыз деп, электронды аударым арқылы қаражатты аудартып алып, алдаушылар да шыға бастады. Сонда бұл не? Адамдық қасиеттен жұрдай болғанымыз ба?!

Елді алдап тапқан ақшаңның жұғымы қалай болады екен? Мүмкін, бүгін аздаған пайдаға кенеліп қаларсың. Бірақ ертең екі есе болып шығынға ұшырамасаң жарар еді. Дана халқымыз: «Атаңнан алмағанды, ботаңнан алады», - деген. Ертең бармағыңды тістеп, өкініштен өзегің өртенгенде кімнен көресің?! Қайта қиналғанда көмек қолын созып, жұртыңа болыссаңшы. Соның сауабы еселеп қайтады.

«Қайыр қылсаң, бүтін қыл», – деген. Бұл сенің азаматтық парызың. Жығылған жұрттың қабырғасын қаусатқаннан не пайда табасың?

Мұнан басқа, Алматы мен Нұр-Сұлтанды карантинге жапты. Елорданы білмеймін, мына тұрған Алматыдан Талдықорғанға дейін таксилер адам басына он мың сұрапты. Бұл не сұмдық? Негізгі ақысы үш мыңнан аспайтын еді ғой. Онсыз да үрейленіп отырған жұртты одан ары неге шошыттың? Оның басына төнген қауіп, сені айналып өтіп кетеді дегенге қандай кепілің бар? Сол бұрынғы жолақысын алып жүре берсең нең кетеді? Адамшылдықтан кетіп барамыз ба?!

Мұндай жаман қасиет біздің қанымызда жоқ еді ғой. Қиналғанды демеп, құлағанның қолтығынан сүйейтін асыл текті қазақтың ұрпағы едік. Қайда кетіп барамыз?! Сәл ғана ойланшы, ағайын! Дәл сол жерде такси болып жұмыс істеп жүргеннің басым көпшілігі қара домалақ қазақтың балалары. Туған халқыңды қанағаннан не таптың?!

Ал барма деген жерге барып жатқан, шықпа десе шығып жатқан ағайынға да айтарым: өзіңді ойламасаң да, өзгені ойлашы. Соғыс кезінде тәртіпке бағынбағанды атып тастайтын. Мынау соғыс емес, соғыстан да қиын кезең. Мұнда сені атып өлтірмейді, өзің өлесің. Өзіңмен қоса, біреуді өлтіресің. Сен осыны ойлағаның дұрыс болар. Сол шығам деген жұрттан, пара алып шығарып жүрген азаматтардың ісі нағыз қылмыс. Көпе-көрнеу халыққа жасалған қастандық деп бағалаймын. Ол ақша саған опа әкелмейді, берекесі де болмайды. Ертең желкеңнен шығып жүрмесе болғаны. Бір сөзбен айтқанда, етекке жармасып, ерсі қылық көрсетпейікші.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Сурет ғаламтордан алынды