ҚАЗАҚСТАНДЫ КЕДЕЙ МЕМЛЕКЕТ ДЕГЕН МҰҒАЛІМ КӨПШІЛІКТЕН КЕШІРІМ СҰРАДЫ

Уақыты: 09.04.2020
Оқылды: 1711
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Көксу ауданының Мұқыры, Қазақстанның 10 жылдығы ауылдарында сабақ беретін мұғалім Майра Байболатованың желіні шарлап кеткен бейнежазбасы көпшілікті бей-жай қалдырмады. Бейнежазбада ол ауыл көшесінде түсірілім жасап, елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты қашықтықтан оқыту жұмысында қиындық көріп отырғанын айтады.

Бейнежазбада ол ғаламтордың нашарлығын, ұялы телефонының күші жетпейтіндігін айтып, Білім және ғылым министріне шағымданады. "Менің басымда үйім жоқ. Кваритарада тұратын, тұрған квартирасында WiFi жоқ, қайыршы, кедей мемлекеттің кедей мұғалімімін. Сол үшін өкпелімін. Жағдайың болмаса, сенің білімің ешкімге қажет емес. Мұндай мұғалім алдындағы баланы қалай тәрбиелейді? Қалай ол ұрпаққа ұлттық рух, патриоттық сезім дегенді ұғындырады?" - деп ашынған мұғалім көзіне жас алады. Сондай-ақ, Майра ханым жергілікті атқарушы биліктен ғаламтор желісіне қосу мен баспана мәселесін шешіп беруді сұрайды, атқарушы биліктен жауап жоқ екендігін жеткізеді.

Алайда көпшілік арасында тез тараған бейнежазба үшін көксулық ұстаз көп уақыт өтпей, кешірім сұрады. Ұстаз төтенше жағдай кезінде ашуға берілген.

Мұқыры ауылында тұратын Майра Байболатова - шәкірт тәрбиелеп отырған ұстаз. Оның бейенежазбадағы бір ғана сөзі баршаның көңіліне күдік әрі қаяу салды. Шын мәнісінде, ішкі назын білдірген жанның тұрмыстық жағдайы жақсы. Екі бірдей мекемеде қызмет атқаратын Майра Байболатованың айлық табысы 200 мың теңгеден асады. Соған қарамастан, бейнежазба арқылы елдің назарын өзіне аудару арқылы көксегеніне жеткісі келген.

Мұғалім тұратын Көксу ауданында 4G интернет желісі жұмыс істейді. Сондай-ақ, Майра Байболатоваға мектептің меншігінен моноблок берілген. Одан басқа, өзінде ноутбук, смартфон бар. Ал жергілікті атқарушы орган болса, баспанаға қатысты мәселені шешуге көмектесетінін айтып отыр.

Бүгінгі күні аталған бейнежазба иесі өзінің қателігін мойындап, халқынан кешірім сұрады. Кешірім сұраған бейнежазбасы да әлеуметтік желідегі парақшаларда кең тарады. "Армысыздар, қазақ елі! Мен Байболатова Майра Берікқызы, интернет желісіне салынған бейнежазба туралы ақпарат бергім келеді. Мені толғандырған мәселелер бойынша жергілікті атқарушы билік органдары, атап өтер болсам, Көксу ауданының әкімі Алмас Әділге және де әкімдіктің қызметкерлері интернет желісіне қосылу мәселесін, болашақта баспана мәселесін шешуге уәде берді. Мен халық үніне құлақ асатын мемлекетке сенемін. Қазіргі таңда мен өзімнің бейнежазбамда айтылғандай, өзімнің туған жерімді кедей мемлекет деп айтқаным үшін жалпы жұртшылықтан кешірім сұраймын", - делінген атышулы мұғалімнің екінші тараған бейнежазбасында.

Осы мәселеге қатысты Алматы облыстық білім басқармасы басшысы Майгүл Омарова да түсініктеме беріп, әлеуметтік желіде жазба жариялады. "Мұғалімнің материалдық жағдайы жақсы, 26 сағат жүктемесі бар. Жекеменшік көлігі бар. Бұл видеожолдаудың негізгі мақсаты - баспана мәселесін шешу. Жергілікті атқарушы органның көңілін өзіне аудару. Бүгінгі күні жергілікті атқарушы орган баспана мәселесін шешуге көмектесетіндігін айтты. Аталған мәселе бойынша қызметтік тексеру жүргізілуде", - деді ол.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Көксу ауданы

Алматы облысы