"АЙТА-АЙТА ШАРШАДЫҚ": ІЛЕ АУДАНЫНДА ЖОЛДЫҢ ЖЫРЫ БІТПЕДІ

Уақыты: 11.04.2020
Оқылды: 1290
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Тәуелсіздік алдық, егемен ел болдық деп мақтанғанда алдымызға жан салмайтынымыз анық. Бірақ кемшіліктер шаш-етектен. Халықтың жанайқайына құлақ асып, көңіл бөлетін жан болса, шіркін?!

1993 жылдан бері Өтеген батыр кентінің Жерұйық көшесінде тұрып келеміз. Ауданымыз облыстағы ең үлкен аудандардың бірі. Қаншама кәсіпорын мен зауыт осы өлкеде орналасқан?! Алматы іргесінде тұрып жатсақ та, жол азабын тартудай-ақ тартып келеміз. Жауапты мекемелерге айта-айта шаршадық. Жыл сайынғы әкімнің халық алдындағы есеп беру кездесуінде айтылып та жүр. Алайда еш нәтиже жоқ.

Бұрындары жөнделген. Бірақ әр нәрсенің тозығы жетеді емес пе? Әр аттаған сайын ойдым-ойдым шұңқыр. Қырық жамау қара жолды 2007 жылдан бері тұрғындар өздері жамап келе жатыр. Олай істемейін десе, жаңбырлы күндері тұрғындарға, жыл он екі ай жүретін көліктерге обал. Жолға бір шығын, көлікке екі шығын. Халықтың қалтасына салмақ түседі. Осы мәселеге құлақ асып, нәтиже шығаратын жанашыр жан болса деп армандайтын болдық.

Ләйлә ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ

Іле ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды