"БАУЫРМАЛДЫҚТАН АЖЫРАДЫҚ": ҮШ БУЫННАН ҮШ ТҮРЛІ ЖАУАП

Уақыты: 13.04.2020
Оқылды: 1409
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Көшеде жүрсек те, қоғамдық көлікте кетіп бара жатсақ та, театрға барсақ та, жай ғана қарым-қатынаста да көзге оттай басылатын, адам мен адамды жақындастыратын, соған қарап ол адам туралы баға бергізетін бір қасиет бар. Ол – адамның мәдениеттілігі, әдептілігі, ішкі жан дүниесінің сұлулығы. Осы орайда «Мәдениеттілігіміз қай деңгейде?» деген сауалды үш буын өкіліне қойған едік.

* * *

Қасымхан БЕГМАНОВ,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дәстүр» этнографиялық журналының бас редакторы:

- Қазақ мәдениеті – әлемде теңдесі жоқ мәдениет. Біздің болмысымыз, жаратылысымыз, мәдениетіміз салт-дәстүрімізде, әдет-ғұрыптарымызда, ырым-тыйымда-рымызда жатыр. Мәселен, балаға көз тимесін деп күйе жағып қояды, жүріп кетсін деп тұсауын кеседі. Тәрбиелі болып өссін деп «қызға қырық үйден тыйым» жасайды. Тыйым бұлай істеуге болмайды, былай айтуға, жүруге болмайды дегенді білдіреді. Мұның бәрі біздің мәдениетіміз. Бүгінгі ұрпақ осы салт-дәстүрден алшақтап кеткен соң да мәдениетімізден ажырап барамыз.

Ұлттық құндылықтарымызды өз дәрежесінде  меңгермегендіктен, кешегі эпостық жырларымызды жаттап өспегендіктен осындай жағдайға жеттік. Бұрын үлкен кісілер келсе, жастар орнынан ұшып тұрып, қос қолдап амандасып, ерекше ишарат білдіретін. Ене мен келіннің, аға мен қарындастың, қыз бен ұлдың, үлкен мен кішінің арасында қалыптасқан сыйластықтың өзіндік бір үлгісі болған.

Қазір соның бәрі қайда? Басқа елдің болымсыз нәрсесіне қызығып, барымыздан айырылдық. Жаһандану деген аждаһаға ұрындық. Туыстық, бауырмалдықтан ажырадық. Аға мен інісі, әпкесі мен сіңлісі араласпайтын жағдайға жеттік. Әркімнің күйттегені өзінің қара басының қамы. Ниетіміздің тарылып, адамгершілік қасиетіміздің азайып бара жатқандығы бүгінгі өмір шындығы.

Ал енді мәдениетті адам қандай болу керек дегенге келсек, бұл тұста Абайдың «толық адам» тұжырымына ораламыз. Ол елдің қамын ойлаған, өзінің бойындағы өзімшілдік қасиетін жеңген адам, парасатты, зиялы, бекзат болмыс тұлға. Мәдениеттілік адамның о бастағы жаратылысына да байланысты. Тәрбие бесіктен басталады. Кейін келе адам өзін-өзі қамшылайды, жақсы қасиеттерін жетілдіреді. Өз бойындағы бар кемшілігін жеңген жан «толық адам».

Ондай жандар төңірегіне нұрын төгіп, сәулесін шашады. Ел-жұртына қамқорлық жасап, қайырымдылығын көрсетеді. Мұндай адамдар біздің қоғамда да жоқ емес, бар, әрине. Тек азайып барады. Ата-баба жолымен, салт-дәстүрімен жүретін адамдар менің ұғымымда ең мәдениетті жандар. Өйткені, ұлттық құндылығымызды құрметтеу – мәдениеттіліктің ең жоғарғы көрінісі.

* * *

Руслан СЕҢКЕБАЙ,

Б.Римова атындағы Алматы облыстық драма театрының директоры:

- Мәдениеттіліктің ең үлкен өлшемі  — адамның жан дүниесінің тазалығы, ішкі мәдениетінің жоғарылығы, шыншылдығы, адалдығы, шынайылығы дер едім. Әдепті адам ешқашан жалған сөйлемейді, біреуге жала жап-пайды, өз арына, намысына нұқсан келтіретін әрекеттерге бармайды. Қандай жағдайда да өзін қалыпты ұстайды, орынсыз мақтанбайды, өз іс-әрекетін асыра бағалаудан аулақ болады. Тәкаппарлық, атаққұмарлық, менмендік, дандайсу, мақтаншақтық, өзін-өзі дәріптеу сынды мінез-құлық мәдениетті адамға мүлдем жат.

Сыпайы адаммен тілдесіп, сөйлесудің өзі қуаныш сыйлайды. Өйткені, ондай жанның бойында кішіпейілдік, адамгершілік, қайырымдылық деген қасиеттер тұнып тұрады. Бір өкініштісі, қазіргі қоғамда мәдениетті деп толық сеніммен айтатын адамдар қатары азайып барады. Себебі, рухани азық берер кітап оқымайды, театрларға бармайды, ұлттық ән-жыр, термеміз айтылатын, опера шырқалатын концерттерге де жиі бас сұға бермейді.

Театрды мысалға алсақ, бір қойылымның өзінен адамның жан дүниесін байытар қаншама жақсы нәрсені бойға сіңіруге болады. Тарихымыздан бастап бүгінгі өмір шындығы, адамдардың қарым-қатынасы, ішкі әлемі, жақсылық пен жамандық, адалдық пен сатқындық, жағымпаздық, ұлы тұлғалардың өнегелі өмірі, қалдырған мол мұрасы, ұлағатты сөздері, тәлімді тәрбие жолы, бәрі осы театрдан табылады. Ұлттық ән-жырымыз да, әдебиетіміз де сондай. Театрға көпшілік мүлде келмейді дей алмаймыз, өз көрермендері бар. Дегенмен де адамдардың талғамы жоғары болса, көрген әр спектаклі туралы ой бөлісіп, жылы лебіздер білдіріп жатса нұр үстіне нұр болар еді.

Иә, қоғам алға жылжыған сайын адамдардың да мәдени деңгейі жоғары болуы тиіс. Алайда мен мәдениеттіліктің үлгісі деп кешегі адал еңбек еткен ата-аналарымызды, бір-біріне шынайы қамқор көршілерді, қиналған жанға риясыз көмекке асығатын аға-әпкелерімізді айтар едім. Бүгінгі қоғамда адамдардың сырт келбеті мәдениетті болып көрінгенмен ішкі жан дүниесіне үңілсең түңілесің. Өйткені, адамдардың қарым-қатынасында шынайылық азайып барады. Сұлу сөйлей білетін, сырты жылтырақ, бірақ ішкі әлемінен иненің жасуындай жылылық табылмайтын адамдардың да ортамызда жүргені жасырын емес. Десек те, ар-намысын ту етіп жүрген азаматтар да баршылық.

Адамның ішкі мәдениетін қалыптастыратын нәрсе – білім, ілім, өнер, ізденіс. Бұл орайда театр мәдениеттің үлкен ошағы дер едім. Мәдениеті жоғары адам ғана театрмен тығыз байланыста өмір сүреді. Сондықтан да төл тарихымызды тайға таңба басқандай білсек, әдебиетімізді жан жүрегімізден өткізсек, ұлттық өнерімізді  ұлықтай алсақ, театрмен жанымыз егіз болса біз жоғары деңгейдегі мәдениетті адамдар болар едік деп топ-шылаймын.

* * *

Аршын АЙДЫНБЕКҰЛЫ,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің магистранты:

- Мәдениетті адам барлық жағынан, сөйлеу әдебі, жүріс-тұрысы, адамдармен қарым-қатынасы тұрғысынан өзгелерге үлгі боларлық тұлға дер едім. Үйде ата-анамыз да «дұрыс жүріп тұр, көшеде жаман қылық көрсетпе, үлкендерді сыйла» деп айтып отыратын. Тәрбие негізі отбасында қаланады. Адамның мәдениеттілігі де ата-ананың үлгі-өнегесімен бойға сіңеді деп ойлаймын.

Одан кейін мектепте ұстаздарымыз, университетте оқытушыларымыз жадымызға жақсы үлгі-өнеге тоқыды. Сондықтан болар, көпшілік ортада, отбасында үлкендерге құрметпен, кішілерге ізетпен қарап, адамдарға «сіз» деп сыйластық танытуды өмірлік қағидамыз деп білеміз. Одан бөлек, адам өз ізденісі арқылы да мәдениеттілік деңгейін көтере алады.

Мәселен, «көп тіл білсең, көп адамсың» демекші, өзге тілдерді білу арқылы өзге елдің мәдениетін танып, шетелдерге саяхат жасап,  ондағы жақсы дүниені өзімізбен салыстыру арқылы да таным көкжиегімізді, мәдени деңгейімізді арттыруға болады. Әрине, бұл ретте ұлтымызға жат салт-дәстүрлерді сіңірудің қажеті жоқ. Тек адамдардың, өздерін жоғары биік мәдениеттілік үлгіде көрсете алған елдің тазалықты сақтау, қоршаған ортаны қорғау сынды жақсы өнегесін үйренуіміз қажет.  Мәдениеттіліктің негізі – білім. Білім арқылы адам бойына жақсы қасиеттерді сіңіреді. Сондықтан өзім сынды жастарға көп оқиық, білімді болайық, ата-бабамыздан дарыған жақсы қасиеттерді дамытайық дегім келеді.

Үш буын өкілі адамның бойындағы ең биік қасиет – мәдениеттілік туралы осылайша ой топшылады. Ал, сіз, көзіқарақты оқырман, «мәдениеттілік» деген ұғымды қалай түсінесіз?  Ой толғай отырыңыз.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды