Ел тыныш, бала аман, ірге бүтін

Уақыты: 13.02.2017
Оқылды: 2060
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Өмірге келген әрбір ер-азамат мына үш қағиданы істеуге міндетті. Ол – ағаш егу, бала тәрбиелеу және үй салу. Әсіресе, бойында қазақылықтың дәнегі егілген біздің жігіттер аты аталған үш қағиданы аттап кеткен емес. Біздің келесі кейіпкеріміз ұлттық салт-дәстүрден, бабалар айтқан  өсиеттен ешқашанда аттаған емес. Тұтас өмір жолындағы азығын қасиетті Құран мен көпшілікке тура жол сілтеген Құнанбайдың Абайы айтқан ақыл-кеңеспен өрнектеп өрген. Ұрпағына да айтып, көрсетері де осы дара жол. Олай болса, шаңырағы киелі Оразалиевтер отбасы туралы оқи отырыңыздар. 

АУЫЛ ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕК
Мақтанса ел дәл біздей мақтансын. Береке орын алған мекенде үнемі бақыт та, байлық та бар. Осындай бірлігі жарасқан Еңбекшіқазақ ауданының Қайназар ауылын атап өтуге болады. Алақандай елді мекеннің тұрғындары бір үйдің баласындай тату. Оларды біріктіретін бір ғана қасиет шығар деп ойлаймыз. Ол адами құндылықтардың ең жоғарғысы әрі бірегейі десек, артық болмас. Ол – адамгершілік пен қарапайымдылық. Өмірдің көбін сүріп, ағы мен қарасын ажырата білетін Ерғали ата мен Тұрсын апаның аялы алақанынан, тәрбие атты қатал мектебінен өскен бес баласы бүгінде бір-бір үйдің отағасы мен отанасы. Біздің әңгімеге арқау болатын қос шырақтың сүт кенжесі – Серік Ерғалиұлының отбасы. 
Осыдан қырық төрт жыл бұрын Қайназардың бозарып атқан таңында Оразалиевтер әулетінде шекесі торсықтай ұл бала өмірге келеді. Жалаңаяқ қара топырақта армансыз ойнаған балғын баланың жүрегінде ауылы мәңгі сақталған. 
Ұшқыш, агроном болуды армандаған жігіт мектепте жақсы оқыған. – Әкеміздің қас-қабағына қарап өстік. Әлі күнге дейін солаймыз. Мінезі қатал. Үйімізге келе қалса ол кісінің көзінше аяқты созып, көсіліп жатпаймыз. Тіршіліктің қамымен түзде көп жүргендіктен ана бізді: «Әкеңе айтамын» деп қорқытатын. Сондай әкенің мектебіне ешқандай да мектеп жетпейді. Өз шаңырағымда да сол дәстүр ескірген жоқ. Өтірік айтпа, адал еңбек ет, ел ақысын жемеңдер деген сөзді күндіз-түнІ айта бергім келеді. Жолсейіт Молдасанов деген атамызға еліктеп өстік. Оның адалдығы мен бауырмалдығы бәрімізге үлгі. Одан кейін өзімнің ата-анам менің тұлғам болды. Ала жіпті аттамауды солардан үйрендім, – деп ойын ортаға салды алты баланың асқар таудай әкесі. 
Мектепті бітірісімен Украинадағы әскери училищені оқып, Кеңес одағы ыдырағанда Алматы қаласындағы политехникалық университетке ауысып, оқуын тамамдаған жас маман еңбек жолын өзі білім алған оқу орнынан бастаған. Кейінге таман мемлекеттік кедендік саласында жас маман болып бастап, сатылай өсу жолынан өткен.          
Жалпы, әрбір жұмыстың өзіндік қызығы мен қиыншылығы болады. Әсіресе, өзге мемлекетпен байланысты қызмет болса, оның жауапкершілігі мен көтерер жүгі екі есе ауыр. Егер шетел азаматтары біздің жерге табан тіресе, алдымен шекараны содан кейін кеден қызметкерін көреді. Міне, осы қызметтегі адам ең алдымен мәдениетті болуы шарт. Оның сөйлеу мәнері, жүріс-тұрысы, тіпті, үстіне ілген киімінің өзі мінсіз болуы керек. Қазіргі таңда Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Талдықорған Кеден бекетінің бас маманы болып абыройлы қызмет етіп, бар жауапкершілікті сезіне білген біздің кейіпкер қазақ болып туғанына шексіз қуанады. 
Біраз уақыт шетел асып кеткенде ең бірінші ол қазақ жерін сағынатынын айтты. «Басқа елдің азаматтары барын беріп, қонақ қылып күтіп жатса да қазағымның бір қасық қара суына жетпейді. Жер бетінде қазаққа жетер ел де, жер де жоқ екеніне жүз пайыз сенімдімін. Бірде У. Черчиль мырза қазақтың мақтанышы Қаныш Сәтбаевтан: – Барлық қазақ сіз сияқты сұңғақ бойлы, батыр тұлғалы ма?, – десе, Қаныш аға: – О, жоқ. Черчиль мырза, қазақтардың ішіндегі ең кішісі мен. Менің халқым менен де биік», – деген екен. Міне, біз осы биіктігімізден аласармауымыз керек. Әкем үнемі: «Дастарқанның берекесін алмаңдар. Төрт көзіміз түгел жиналайық. Батада, айтылған ақ тілекте, жайылған дастарқанда береке бар. Соны уысымызда ұстап, басымызға қондыра білуіміз бізге байланысты», – деп айтатын. Осы әдісті мен де дәстүрге айналдырып келемін», – дейді киелі шаңырақтың отағасы  Серік аға. 
Арманын арманға жалғап, үлкен өмірде өзінің ойып тұрып орнын алған Серік Ерғалиұлы қай қалаға барса да, шекара асып шетелге кетсе де, тіршіліктің қамымен барлық жағдай жасалған жерде жүрсе де жүрегі ауыл деп соғудан шаршаған жоқ. Шаршамасын деп тілейміз. Қалада жүрген қазақтың маңдайына біткен азаматының бойы қазақылық пен намысқа, ұлттық рухқа толы болғаны бізді қуантты.   
Қыз бала – ұлттың ұяты, ұлттың анасы, ұлттың болашағы. Оларға артылған сенім тым жоғары. Мұхтар Мағауин: «Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі», – деп айтқанын жүрегімізге жаттап алсақ екен. Мұны айтуымызға Оразалиевтер әулетіндегі қыз бала тәрбиесі себеп. Бес ұлдың арасында өсіп келе жатқан Аяулымға үнемі төрден орын ұсынады. Десе де  оны қазірдің өзінде қырық үйден тыюды ұмытпаған. Әкесі қызғалдақтай еркелетсе, сырлас анасы оның ертеңгі күніне деген азықты бүгіннен бастап жинап жатыр. Майра Айтуарқызы өз өмірінің өнегелі тұстарын көпке үлгі етті. – Келін болып осы әулеттің босағасын аттағаннан бастап енемді туған анамдай қабылдадым. Апам өте жақсы кісі. Ақкөңіл, балажан. Ол кісіні сыйлаймыз. Қонаққа келгенінде, жанымызда ұзағырақ болғанын қалаймыз. Ауылға кеткенінде, қимай шығарып саламыз. Үйде үлкен кісінің болғаны жақсы ғой. Өзімнің ата-анам о дүниелік болып кеткен соң ба, әйтеуір, үлкен кісілерге деген ілтипатым ерекше. Үлкен кісі үйде болса, береке де, несібе де көп болады. Балаларымыз да атасы мен апасын қатты жақсы көреді. Ол жандардың тәрбиесін көрген балаларым болашақта жақсы азамат болады дегенге сенімім мол, – дейді өзіне тән биязылықты сақтаған ардақты ана. Олай болса, аналық ақ тілегі қабыл болсын демекпіз.  

ӨМІРДІҢ БІР ҚЫЗЫҒЫ... 
Астана қаласы бой көтере бастағанда мемлекеттік қызметкердің барлығы бас қалаға ауысқан. Шұғыл басқару департаментінде қызметте жүрген кезінде өмірлік серігін, балдай тәтті балаларының анасы Майра Айтуарқызын кездестіреді. Сонау Қызылордадан білім қуып келген бойжеткен медицина саласында  білім алып, бүгінде қалалық емханада балалар дәрігері болып еңбек етеді. Асқар таудай әкесінің айтқан ақылы мен кеңесін өмір жолында бағдаршам еткен Майра тағдырына риза. Өмірдің ауыр сынақтары басына түскенде өмірлік серігі қасында тірек бола білді. Соңынан ерген іні, сіңлілерін де өзінің туғандарындай қарағаны үшін отағасына алғысы шексіз. Міне, көңіл жарастырып, бір шаңырақ астында өмір сүрген соң біріне-бірі қамқор бола білу де көрегендіктің белгісі. Шаңырақтың шырайы мен шаттығын кіргізіп отырған отанасын әңгімеге тартқанымызда: – Өмір деген көзді ашып-жұмғанша өтіп жатыр. Отағасымен танысқанда мен студент едім. Ең алғаш автобуста жолыққанбыз. Мені досының зайыбымен шатастырыпты. Кейін көңіл жарасып, шаңырақ құрдық. Ағамдай қамқор бола білді. Қыз күнімде алысқа, әсіресе, Алматы маңайына тұрмысқа шықсам дейтінмін. Ниетім қабыл болғанына қуанамын. Біз жақта қыз бала тәрбиесіне қатты мән береді. Сондықтан анам маған үнемі «Барған жеріңнің бағын аш. Жаман атыңды естіртпе» – деп отырушы еді. Қазір анамның сол сөздерін сағынамын. Бірақ бағыма орай енем жақсы адам болып шықты. Қазақы салт-дәстүр бойынша иіліп сәлем салып, дастарқаннан табақ алғанда да сәлем салып аламын. Мұның барлығы да біздің қазақылықты байқатады. Сонда абысындарым маған: «Сен келіп, бізді сәлем салуға үйреттің», – деп қалжыңдайтын. Қазір барлығымыз да сол дәстүрден аттамаймыз. Барлық жақсылыққа ұйытқы болып жүрген атам мен енемнің амандығын тілеп жүруден шаршамаймыз», – деген жүрек түбінен шыққан сөздері жүрекке жетті. Міне, нағыз ата-енесін, келген жерін, отбасын сыйлап, солармен бірге көктеймін, көгеремін деген келіннің тілегі. 
Бұл отбасының бір ерекшелігі – барлық іс ақылдасу, сөйлесу, бірінің пікірімен санасу арқылы шешуінде. Егер айрандай ұйып отырған шаңырақтағы әрбір адам өз бетінше әрекет етсе, онда ол жерден бақ пен береке сынаптай сырғып кетеді. Осыны о бастан-ақ түсінген ерлі-зайыптылар бір-біріне үнемі қамқор болуды өздерінің негізгі міндеті етіп бекітіп алған. Ыдыс-аяқ сылдырламайтын отбасы өмірде жоқ шығар, сірә?! Десе де, мұндай жағдайлар орын алған кезде не отағасы, не отанасы бірінші болып басылуы керек. Біздің кейіпкеріміз де бұл жағына аса қатты мән береді. Қандай түсініспеушілік болса да балалар көзінше шешпеуге тырысады. Бұдан да тәрбиелік мәні бар тағылым алуға болады. – Өмірде өтірік айтудан жек көретінім жоқ, – деп сөзін бастады отағасы. –  Құйрығы бір тұтам ғана өтіріктің ерте ме, кеш пе бетпердесі сыпырылатыны анық. Қадыр Мырза Әлі айтқандай, «Адам боп туу – анадан, Айуан боп кету – өзіңнен». Осыдан қорқамын. Ұрпағымыз айуандық жолға түспесе екен деп тілеймін. Құранның сөзімен, Абайдың сөзімен балаға тәрбие берсе дұрыс дер едім. Талай қиындықты бастан өткерген текті қазақтың ұрпағы ұсақталмаса екен деген тілегім бар. Сол үшін де әрбір қазақтың жүрегінде «Соңымда ҚАЗАҚ деген қасиетті елім бар» деген сөз таңба болып басылуы керек. Ең бастысы, елдегі тыныштық бұзылмаса екен деп қана армандаймын. Осындай арманымен бөліскен Серік аға ұлтты сақтап қалу үшін бірінші ана тілді, дінімізді және мыңдаған жыл бойы том-том болған тарихты, салт-дәстүрді дүниеге келген баланың құлағына құя беру керек деген кеңесін де айтты.  
Көрген жаннан ең әуелі амандық, саулық сұрамай сөз бастамайтын қырандай ұлдары мен қызғалдақтай құлпырған қызының армандары асқақ, ойлары ұшқыр. Бес жасынан бауырына басқан жиені Асылбек осы әулеттің тұңғышы. Бар сенім соған артылған. Атына заты сай азамат жоғары оқу орнында білім алып, соңынан ерген бауырларына қамқор болуда. Бақытбек артындағы інілері мен қарындасына ағалық ақылын айтатын жасқа келген. Атасы мен апасының тәрбиесіне қанып өскен Айбек қолы қалт етсе кітап оқып, шығармашылықпен айналысады. Арасында қиыннан қиыстырып, жүрек түбіндегі сөздерін ақ параққа түсіреді. Риясыз күлкісімен адамды баурап алатын, тап-таза жүрегі бар Нұрбектің тіпті бос уақыты жоқ. Сабақтан келе сала Оқушылар сарайындағы мүсіндеу үйірмесіне қатысады. Әнші болуды армандап қана қоймай, сол жолға деген дайындықты қазірдің өзінен бастап жүрген нәзік әрі сұлу Аяулымның бойынан қазақ қызына тән ибалылық, инабаттылық, қайсарлық, өжеттік те байқалады. Әулеттің кенжетай батыры Бекзат балдай тәтті балалықтың ауылында мекен етуде. Әке-шешесіне, бауырларына еркелеп, тәп-тәтті қылығымен жұртты сүйсіндіріп жүргенінің өзі бір қуаныш. 

Өздерін де, балаларын да жеті жағдайда, яғни кедейдің қасында дүниең, науқастың алдында деніңнің саулығы, әлсіздің алдына күш-қуатың, жолы болмай жүрген кісінің алдында бақытты екенің, түрмедегі кісінің алдында бостандығың, бедеу кісінің алдында балаларың, жетімнің алдында әке-шешең туралы сөз қозғауға тыйым салатын ата-ананың ақыл-кеңесінен өзіңізге керегін аларсыз. Жас отбасыларға да өмірлік сабақ болар тұсы көп. Берекесі мен бірлігі жарасқан ҚАЗАҚТЫҢ осындай ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ ШАЙҚАЛМАСЫН.

Еңлік Кенебаева