"ҮШ ГҮЛ - ҮШ ҚАБІР": БОЛАШАҚ ҰРПАҚҚА БҰЛ ЖАЙТТЫ ҚАЛАЙ ТҮСІНДІРЕМІЗ?

Уақыты: 21.04.2020
Оқылды: 2457
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

«Гүл өссе – жердің көркі, қыз өссе – елдің көркі», – деген тәмсілді құлағымызға сіңіріп өскеніміз жасырын емес. Бір үйдің, бір әулеттің емес, тұтас бір елдің, керек десеңіз жұмыр жердің көркіне теңелген нәзік жандардың бүгінгі халі көңіл алаңдата бастады. Бір кездері ерін ардақтап, аруын алақанына салып аялаған ата ұрпағымыз деп кеуде кере алмайтын пұшайман күйге түстік.

Жо-жоқ, кешіріңіз, қазір де алақанда жүргендер жеткілікті. Тек аялы емес, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын, қадір-қасиеттен жұрдай бос кеуделер көбейгендей. Мұндай мұңды көрініске жеткізген шаңырақтың тіреуі – ерлер ме? Әлде отбасының ұйытқысы – әйелдердің де кінәсі бар ма? Жанымызда болып жатқан жүрек ауыртар жағдайлар, ортамыздан шыққан сұмдық оқиғалар осы сұраққа еріксіз жауап іздетті.

Айрандай ұйып, мәре-сәре болып отырған отбасын көру қандай бақыт! Арқасүйер азаматына сызыла еркелеп отырған жарын, бұзық та болса жүгіріп жүрген бүлдіршіндерді елестетіңізші.

Керемет иә? Біреуге бұйырған, біреуге бұйырмаған бақыт бұл. Не де болса, көтерілген шаңырақтың ойранын шығармай, биіктету келешек жастардың қолында дейміз. Жас та болса, барын салып, тыраштанып еңбек етіп жүрген жанды көрсең, өзің де марқайып қаласың. Ал тапқанын жарына ұстатпай, жарын бағына ұқсатпай жүрген ерлерді көргенде не дейсіз?

Өкінерлігі де сол, қоғамда сол типтегі жандар қарасы көптеп барады. Әйелін ұрып-соғу, көшенің ортасында тепкіге жығу сынды жауыздық әрекеттерді көре тұра, жазалай алмаймыз. Неге? Себебі, әйел - оныкі. Ал сіз оған ешкім емессіз. Қорқыныштысы, мұндай әрекеттер қоғамға таңсық емес, мән де бермейді қазір. Мұндайда заң ғана үстемдік құрары анық. Бұған дейін Қылмыстық кодексте тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін 45-тен 60 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған еді. Кейін Әкімшілік кодекс бойынша әйелін ұрған ер адам 15 тәулікке дейін қамалуы мүмкін екендігі айтылды. Ұрып-соғу мен денсаулыққа зақым келтіргені үшін тағайындалатын айыппұл көлемі тағы бар. Бірақ алаң көңіл әлі басылған жоқ. Заң жұмсақ па, замана ағымы солай ма, әлде сіз бен біз бейқамбыз ба, адамдардың ар-намысы аяққа тапталып жатыр, отбасылық ойранның соңы да көрінер емес.

Ал әйелін, өмірлік жарын ғана емес, өзегін жарып шыққан қос перзентін өртке ораған күні кешегі Орал аймағындағы айуандыққа қоғам қалай қарады? Сылдырлаған әр ыдысқа жұдырық ала жүгірген әлгі бір ез қазір көкке ұшқан күлді көруге құмар сияқты. Ұлтымыздың үш гүлі үш қабірге айналды. Ақты төккізбей, малды тепкізбей өсірген ата ұрпағы әйел затының малдық құны жоқ екенін дәлелдеп отыр.

Ұят-ай. Болашақ ұрпақтың алдында ұяттымыз. Оларға мұны қалай түсіндіреміз?! Той болса, ащы суға мастанып, ауыздары былапыт сөзбен ластанып жүрген емес, баласы отау құрса қуанып, перзент сүйсе қуанышы еселенер жандардың бірі едік. Осынша өзгеруімізге не түрткі болды?

PS: Алақан жайып, Алладан сәби сұраған жандар қаншама?! Қос бірдей перзентті сусыз өсер арам шөп құрлы көрмеген жауыз әкені қара жер қалай ғана көтеріп тұр десеңізші?! Өмір қандай қатал еді.

Жансая ҚАБДЕН

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды