"КӨЗІНЕ ТҰЗ СЕПКЕН": ӨГЕЙ ӘКЕСІ ҰРЫП-СОҚҚАН БАЛА АУЫР ХАЛДЕ АУРУХАНАҒА ТҮСТІ

Уақыты: 24.04.2020
Оқылды: 1065
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Баланы ұрып-соққанымен қоймай, көзіне тұз сепкен. Нина Шелипова есімді тұрғын Алматы облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне түскен 8 жасар ұлын азаматтық некедегі күйеуі қалай соққыға жыққанын айтып берді. Бұл туралы "Қазақпарат" тілшісі жазды.

Н.Шелипова азаматтық некедегі күйеуі жалғыз ұлын өлімші етіп сабап жатқан кезде үйде болған.

- Сол уақытта күйеуімнен қорықтым. Балам екеуімізді бірдей өлтіреді деп ойладым. Ол ішімдік ішіп алған. Біз оның айтқанының бәрін істедік. «Ваннаны жу», - деді, жудық. Бірақ соған қарамастан ұлымды ұрып-соқты. Көзіне тұз септі, - дейді баланың анасы.

Өгей әкесінен соққы жеген 8 жасар ұл қазір Талдықорғандағы Алматы облыстық балалар аурухасының жансақтау бөлімінде жатыр. Ол сәуірдің 18-інен 19-ына қараған түні түнгі сағат он екі жарымда "Жедел жәрдем" көлігімен осы жерге жеткізілген.

Бала ес-түссіз халде болған. «Үш күннен кейін ғана есін жиды. Миына қан құйылған. Кеуде қуысы, іш қуысы, өкпе, ішектеріне зақым келген. Сүйектері аман, сынбаған», - деді Алматы облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Марат Досқалиев.

Баланың анасының айтуынша, бірінші көршілері полицияны шақырған. Содан кейін ғана ол "Жедел жәрдемге" хабар берген. «Үйімізде отбасылық жанжалдар болып тұрады», - деген әйел өзінің алкогольге әуестігі жоқтығын айтады. «Мені де ішімдік ішті деп ойлайды. Бірақ еш уақытта ішпегенмін, шіркеуге барамын», - деді ол.

Нина Шелипованың сөзінше, 32 жастағы ер адаммен көңілі жарасқанына үш жылға жуықтаған. Енді оның заң алдында жауап беруін талап етуде.

- Ол жасаған қылмысын толығымен мойындап отыр. Қазір күдікті уақытша ұстау абақтысында. ҚР Қылмыстық кодексінің 106 бабы, 1-бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауыр зақым келтіру) бойынша сотқа дейін тергеу жүргізілуде, - деді Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Ақбота Әзірбек.

Ал шарасыз күйдегі баланы аяусыз ұрып-соққан ер адам үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"