"ЖАЙЫЛЫМ ТАР, ҚОЙ БАҒАТЫН АДАМ ЖОҚ": ҚОЖАЛЫҚ ИЕСІ МҰҢЫН ШАҚТЫ

Уақыты: 16.05.2020
Оқылды: 1511
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Аудан орталығынан шалғай орналасқан Байшегір ауылдық округіндегі «Ерік» шаруа қожалығында да мал төлдеп, қорада шу болып жатыр. Аталмыш шаруа қожалығы 2011 жылы құрылған. Бұл өзі Кеңес өкіметі кезінде Қажи Ахметов деген озат шопанның мал бағып отырған орны болған екен.

Қажи мен әйелі Майнұрдың еселі еңбегін ауыл тұрғындары жақсы біледі. Міне, сол құтты қоныста бүгінде «Ерік» ШҚ мал басын өсіріп, табысын тасқындатып отыр. Шаруашылық басшысы Тілектес Құлымбет малсақ жан, малдың қыр-сырын жақсы біледі. Ерік баласы іс жүргізіп, қой қырқу, сақпан, мал төлдету секілді науқандық жұмысқа жауапты. Алмалы ауылынан 8 шақырым қашықтықта орын тепкен шаруашылықта сиыр, қой-ешкі өсіріледі. Мұнда 100 бас сиыр, 700 бас қой-ешкі бар. Шопан ата мен сексек ата тұқымының 200-ге жуығы бойдақ мал.

Шаруашылық басшылары мал басын асылдандыруға аса мән береді. Бес жылдан бері етті бағыттағы «Санта-Гертруда» Зеңгі баба тұқымын асырап отыр. Панфилов ауданындағы «Оспанов» ШҚ-мен қоян-қолтық жұмыс істеп, Балабек қариядан асыл тұқымды бұқаларды сатып алады. Дене бітімі мықты һәм ірі, омырауы кең, маңдайы жалпақ бұқалардың таза салмағы 700-800 келі тартады. Қожалық иелері жергілікті қызыл сиырмен шағылыстыру арқылы ірі бұзау алып отыр. Түсі қызыл-күрең болып келетін асыл тұқымды малдың 1 жас 8 айлық тана-торпақтарының салмағы 400 келіге дейін жетеді. Қазір 100 бас сиырдан 50-ден аса бұзау алынды. Мал төлдету науқаны аяқталғанша бұл көрсеткіш артады.

«Ерік» ШҚ қойдың сапасына да мән береді. Қыстан қысылмай шыққан мал қоңды. Қожалық иелері 100 бас саулықтан 90 бас қозы алып отыр. Мұнда мүйізді ұсақ мал қозы күнінде 25 келі, саулық кезінде 35-45 келі тартады. Шаруашылықта қой жайылатын 500 гектар жайылымдық жер бар. Бұдан бөлек 160 гектар өріске сиыр жайылады. Мал қысы-жазы жайылымда.

Әрине, шығынсыз кіріс болмайды. Мал төлдету кезінде 1 тонна жем, 500-600 тай жоңышқа, 30 дана орама шөп дайындалады. Шаруа қожалығының иесі Тілектес Құлымбет 2018 жылы Талдықорған  қаласындағы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жаңа «МТЗ-82» тракторын алған. Шөп шабу, жинауға қажетті барлық құралы бар. Қожалықта 4 адам жұмыс істейді. Шаруашылық қарамағындағы 2 отар қойды бағу оңай емес, сондықтан жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Қыстақтағы қорадан өретін төрт түліктің басын көкке жеткізіп, шығынсыз төл алудың қамымен жүрген жандар жағдайдың жақсы екенін айтады.

– Қыстан мал күйлі шықты. Малға жақсы қараймыз. Уақытында жемшөбін, тұзын береміз. Бәрі жақсы, тек бір мәселе бар: малшы жетіспейді. Қой бағатын адам жоқ. Жаздық жайылым да тарлық етеді. Қойшыға 70-80 мың жалақы төлейміз. Мұның сыртында тегін ас-суымен қамтамасыз етеміз. Малды өзіміз бағамыз, – дейді Тілектес Құлымбет.

Иә, мал төлдетудің машақатын малшылардан артық ешкім біле қоймас. Әсіресе, түн мезгілі сақпаншылардың ең сақ болатын сәті. Олар әр 1-2 сағат сайын қорадағы қойды аралап, жаңа туған мал болса, қозыларын бөліп отырады. Өрісте туғанын өзімен алып келеді. Қойы қоздап, сиыры бұзаулап жатқан малшылардың бір сәтке де демалуға мұршасы бола бермейді.

Қазіргі таңда шаруашылықта қой төлдету аяқталды. Сиырдың басым бөлігі бұзаулады.

Асхат ӨМІРБАЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы