Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ӘЛЕМДІ ҚҰЛ ҚЫЛУ": БАЛҒЫНБЕК ИМАШ МІНДЕТТІ ВАКЦИНАЦИЯҒА ҚАРСЫЛЫҚ БІЛДІРДІ

Уақыты: 18.05.2020
Оқылды: 580
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

"Жалғыздың үні шықты, бірақ елең еткен ешкім болмады. Біздің Парламенттің сыйқы осы енді. Бір депутат қарсы, екеуі қалыс, қалғаны үнемі қолдайды!" Бұл сөзді белгілі айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Алматы облысының Құрметті азаматы Балғынбек ИМАШ жазды.

Әлеуметтік желідегі сөзінде ол коронавирус індетін әншейін ғана тымаудың бір түріне теңеп, пандемия жариялаудың мақсатына қатысты пікір білдірді.

"Енді құрамы белгісіз, сапасы белгісіз, шетелден келетін екпелердің жартысы ерікті, жартысы мәжбүрлі түрде міндетті болады! Әншейін ғана гриптің бір түріне КОВИД-19 деп айдар тағып, әлемді дүрліктіріп пандемия жариялаудың мақсаты да осы болатын. Әлемді үрейлендіру! Әлемді кедейлендіру! Әлемді басқару! Әлемді вакцинациялау! Әлемді құл қылу!

Жоқ, маскалы мырзалар!!! Біз сіздерден емес, Құдайдан қорқамыз! Бізге ризықты Алла береді! Көк пен Жердің Раббысы Алла, оған ерікті, еріксіз түрде барлық жан иелері бағынады! Вакцинацияға қарсымыз, күштеп салдыруды қылмыс деп білеміз! Біз әлемдердің Раббысына ғана құлшылық етеміз һәм жәрдем тілейміз!

Менің 6 балам бар, алғашқы 3 балаға екпе салдырғанмын, кейінгі 3 балаға салдырмадым! Айырмашылық жер мен көктей. Үлкендері ауыра береді, иммунитеттері әлсіз. Кейінгі үшеуі мүлде ауырып (тіпті, гриппен де, қызылшамен де) көрген емес! Иммунитеттері жоғары, екі жыл анасының ақ сүтін емген балалар!

Менің балаларым - менің байлығым, екпені маған ешкім мәжбүрлей алмайды!

Мен Қазақстан Республикасының азаматымын! Егер алдағы уақытта менің Конституциялық құқығым тапталатын болса, мен Ата Заңына қарсы, халқының талабы мен тілегіне қарсы заңдар шығаратын Парламенті бар елдің азаматтығынан бас тартамын!" - деді ол желідегі парақшасында.

Алайда жуырда ғана Денсаулық сақтау министрі бұл жайтқа қатысты Қазақстанда вакцина мәжбүрлі түрде салынбайтынын, бүкіл әлемдегідей біздің елде де ерікті және міндетті вакциналар болатынын, әрбір жағдайда ата-ананың ақпараттандырылған келісімі немесе егуден бас тарту құқығы барын, балалар құқығын шектейтін ешқандай норма жоқтығын мәлімдеген еді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан