Қырық үйден тыйым

Уақыты: 27.02.2017
Оқылды: 7231
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Дәстүрлі ұлттық тәрбиеде «Қызға қырық үйден тыйым», – деген тәмсіл бар. Бұл қыз бала тәрбиесіне тек ата-анасы ғана емес, бүкіл ауыл, ел-жұрт жауапты екендігін білдіреді. Қызды тыйып ұстау – оны  барлық нәрседен қағу емес, тәрбиелі, ибалы, инабатты болып өсуіне жол ашу. Бұл ретте қызды қырық үйден, тіпті, қара күңнен де тыю қажеттігі алға тартылады.

«Қызға қырық үйден, ұлға отыз үйден тыйым» жасау халқымыздың ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән бергендігін көрсетеді. Ата-бабаларымыз бүтін бір ауыл болып ұйып, жас өскіннің тәрбиесін қадағалап, оларға жол көрсетіп, ақыл айтып, бағыттап отыруды парыз санаған. Қыздың тәрбиесі – бүкіл бір ұлттың тәрбиесі деп білген. «Қыз өссе – елдiң көркi, гүл өссе – жердiң көркi»,  «Шешесі отырып,  қызы сөйлегеннен без» деп, қыздарды адамгершілікке, ізгілікке баулып отырған. Дүние есігін ашып, ес білген шағынан ата-ананы, үлкенді сыйлау керектігін үйреткен. 
Халқымыз «қыз – қонақ»  деп, төрінен орын беріп, бала күнінен еркелетіп, бетін қақпай, тыйым сөздермен, ақыл-парасатпен тәрбиелеп өсірген. Өйткені, қыз – ертеңгі ана. Сондықтан бойына тек жақсы қасиеттерді сіңіріп, отбасының ұрыс-керіс, жанжалын да көрсетпей, бөлекше қараған. 
Қызды гүлге теңеп, оны сұлулықтың, нәзiктiктiң белгiсi деп білген. Иманжүзді, әдепті ұлды “Қыз мінезді жігіт екен”, – деп қызға теңеп жататынымыз да сондықтан. Халқымыздың ауыз әдебиетінде:
Қыз емес, қыздың аты – 
        қызыл алтын,
Көрінер толған айдай жүзі             жарқын.
Үлкеннің алдын орап, 
    сөз сөйлемес,
Халқының сақтай білген ізгі салтын, – деген өлең жолдары кездеседі. Бұдан қыздың айрықша әдепті, көрікті болуы керек екенін аңғарамыз. 
Қыз тәрбиесіне ерекше мән берудің себебі, ертең ол бір әулеттің түтінін түтетіп, шаңырақтың берекесін кіргізетін, отбасының тұтастығы мен бірлігін сақтайтын келінге айналады, басқа үйдің баласы атанады. Бірақ ол барған жерінде бағып-қаққан ата-анасының атына дақ түсірмей ары таза, елін-жұртын  сыйлайтын, ибалы келін болуы тиіс. Ол үшін әрбір қыз жастайынан «үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсетуді үйренуі қажет. Сөйткен жағдайда болашақта одан елін, жерін сүйетін, бір ошақтың отын маздатып жағып, қайын жұртын ардақтайтын, балаларын жанындай жақсы көретін қамқор ана шығары сөзсіз. 
Ол үшін қызды тіршілікке икемді етіп өсірудің  жөні бөлек. Кішкентай күнінен әр істі тиянақты атқаруға, үй тірлігін толықтай меңгеруге мән берген абзал. Бұл ретте басты тәрбиеші ана.Оны үнемі жадында ұстаған бұрынғы әже, аналарымыз қыздың киім киісін, жүріс-тұрысын қадағалап, ортада өзін қалай ұстау керектігін үйреткен. Ер адамға еркше құрмет көрсетудің маңыздылығын да бойына сіңіріп отырған. «Әкең білсе құртады» деп әкені алдыңғы орынға қоя білген. Ол арқылы болашақ жарын сыйлауды үйреткен. 
Қыз анаға қарап бой түзейді. Сондықтан «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп ана өзі үлгі-өнеге көрсетіп, әр ісіне есеп беріп отырған.  Орынсыз қыдырмаған. Қыздың да еркімен қыдыруын шектеп, әр басқан қадамын біліп отырған. Ертеңгі күні келін болып түскен жеріне абыроймен бару қажеттігін санасына сіңіріп, қадап айтып отырған. Қыздың намысы – бүкіл бір ұлттың намысы екенін түсіндіре білген. Тіпті, бір қыздың намысы үшін бір рулы ел атқа қонған кездер де болған.
Есті қыз етегін қымтап ұстап, ар мен ибаны басты орынға қоя білген. Сондықтан ерсі қылыққа бой алдырмаған. Үлкеннің алдын кесе өтіп, тарс-тұрс етіп жүру, біреуге дауыс көтеріп,  сыртынан өсек айту, түске дейін ұйықтау, ыржалақтап күлу, аузын барынша ашып есінеу деген сияқты толып жатқан жаман әдет-қылықтардан бойларын аулақ ұстаған.
Ал, бүгінгі қыз тәрбиесі қандай дегенге келсек, ол ерекше мән беруді қажет етеді. Себебі, «Қызым үйде қылығы түзде» демекші, жас қыздардың сыртта түрлі сорақы қылықтарға барып жатқаны жасырын емес. Түн қатып, қызық қуып, ішімдік пен темекіге үйір болып, ұлдармен ұлша төбелесіп, анайы сөздер айтып, қыздармен шаш жұлысып, ата-анасына тіл қайтарып, барға қанағат етпей, аспандағы айға қол созатын бойжеткендер жетерлік. Оларға ертең ана боласың, ұрпақ тәрбиелейсің деп айтудың өзі артықтау көрінеді кейде. Оның салдары осы «қырық үйден тыйым» жасаудың әлсіреп, бала тәрбиесіне өз деңгейінде көңіл бөлмеуімізден деуге толық негіз бар. Балаға үлгі көрсететін аналарымыздың өзі заман талабы осы дегендей, шашты қиып, тыртиған киім киіп, жас көрінуге тырысып-бағады. Балаларын да бетімен жіберіп, еркін тәрбиелейді. Мұның салдары бүгінгі жастарымыздың кескін-келбетінен анық аңғарылуда.
Бұл турасында ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беретін облыстық «Ардагер әжелер» ансамблінің мүшесі Сара Каденқызы:
– Біріншіден, бізді сөздің киесі ұруда. Өйткені, әйел деген сөздің өзі «жезөкше» деген мағына береді. Бұрын жауынгерлердің бір күндік құмарынан шыққан әйелдерді солай деп атаған. Ал, қазақтар әу бастан әйелді «қатын» дейтін. Түркі тілдес халықтың бәрі осылай атайды.
Екіншіден, шаштың киесі ұруда. Өйткені жас қыздар мен келіншектер шашын жайып жүреді. Ал халық ұғымында тек ері қайтыс болған келіншек қана шашын жайып жіберіп, жоқтау айтатын. Бүгінде бұрымды аруды көрудің өзі бір арман. 
«Қыз мінезді жігітті, ұл мінезді қыз бұзады» деген бар. Қазіргі қыздар шындығында ер мінезді болып кетті. Көбі үйіндегі отағасына бағынбайды. Бәрін өздері билеп-төстейді. Бұл да ұрпақ тәрбиесіне кері әсер етуде, – деді. 
Жазушы, этнограф Зейнеп Ахметова қыздары тексіз елдің іргесінен ырыс кететінін алға тартады.
– Бүгінгі қыз бала ертеңгі біреудің оң жағын қызартып, отау тігетін келіні. Одан кейін ақ жаулықты ана болады. Ары қарай бір әулеттің ұрпағын тәрбиелейтін әже міндеті мойнында. Қыздары тексіз елдің іргесінен ырыс кетеді. Біз ел боламыз десек, қазақтың қазақтық қасиетін сақтаймыз десек, ең алдымен қыздарымызға жақсы тәрбие беруіміз керек», – деген еді бір сұхбатында.

Иә, ұрпақ тәрбиесі, әсіресе қыз бала тәлімі бейжайлықты көтермейтін, көп болып көлемдеп қолға алып, ақыл-ой парасатпен жүзеге асыратын іс. Осы істе әже, ана тәлімінің орны зор. Қыздар ойнап жүріп от басып, ертеңгі күні опық жеп қалмас үшін, отбасын құрғанда аздаған қиындыққа шыдамай, өзін жесір, баласын жетім етпес үшін, жалпы болашағына балта шаппас үшін бүгінгі күннен жақсы өнеге-тәрбие беріп өсіруіміз қажет. Бұл істе әлбетте, ұлттық тәрбие үрдісі көмекке келері анық. Ұлағатты ұрпақ өсіргіміз келсе, ата-бабамыз салып кеткен сара жолдан жаңылмай, тыйым сөздерді тәрбие құралы етіп қолданғанымыз жөн. «Қызға қырық үйден тыйым» жасаудың бүгінгі күнде маңызды екенін, сол арқылы ғана жібі түзу қыз тәрбиелей алатынымызды естен шығармағанымыз абзал. 

Әже нақылы
Сара Каденқызы, облыстық «Ардагер әжелер»
ансамблінің мүшесі:

– Әр адамның бойында иман, сабыр, шыдам болса, көп нәрсеге қанағат ете алады. Бір иман деген сөздің өзінде 70 түрлі мейірім бар. Соның бәрі жүрегіңе ұялайтын болса, ар-иманы бар жақсы адам болып қалыптасқаның. 
Қазіргі қыздарға айтар ақылым, шаш жаймау, ашық-шашық киінбеу, жаман сөз айтпау, бекерге сықылықтап күлмеу керек дер едім. Қиындыққа шыдап, төзімді бола білген жөн. Кезінде біз ата-анамыздың ақылын тыңдап, енеміздің сөзін екі етпей орындағандықтан бүгінгі күнге жетіп, ел сыйлайтын әжеге айналып отырмыз. 
Енеміз келін болып түскен бастапқы жылдары қаталдық танытқанымен кейіннен қызындай көріп кетті. Ал әке-шешеміз барған жеріңе «балдай батып, судай сің» деп ақыл айтып шығарып салды. Сонда анам: «Үш жыл соқыр, керең, мылқау бол, көргеніңді, естігеніңді айтпа, бізге мүлде шағым айтушы болма, сен енді бөтен үйдің қызысың», – деген еді. Ал әкем: «Ешқашан үлкенге қарсы сөз айтпа, тіпті олардыкі жөн емес болса да үнсіз тыңда. Қатты ашуланған сәтіңде ән айт, ән жүректі жібітеді», – дейтін. 
Бірде анам үйге келіп қалды. Мен екі қайныма шай беріп отырғанмын. «Маған бауырым жоқ деп шағым айтатынсың, міне, сенің бауырларың», – деді. Осы сөз маған үлкен ой салды. Сол күннен бастап қайныларымды туған інімдей көрдім. Ал қайын сіңлім менің сырласыма айналды. Жақсы ананың үлгі-өнегесі осындай болар деп білемін.  

40 тыйым
1. Жарыса сөйлеуге
2. Жалғыз қыдыруға
3. Жыртақтап күліп,сыпсыңдап сөйлеуге
4. Орынсыз ұрынуға
5. Басқаларға қол тигізуге
6. Өтірік, өсекке
7. Суық жүріс, сумаң қылыққа
8. Кісіге қарай керіліп есінеуге
9. Талтайып отыруға
10. Шалқайып жатуға
11. Тамақты обырлана асауға
12. Ұрлық-қарлыққа
13. Ұятты мүшелерін ашып жүруге
14. Бұраңдап қылымсуға
15. Қызыл іңірде жатуға
16. Түске дейін ұйықтауға
17. Кісі алдында киім ауыстыруға
18. Салт-дәстүрден аттауға
19. Елді ғайбаттауға
20. Үлкендердің жолын кесіп, атын атауға
21. Ішімдік ішу мен шылым шегуге
22. Ұрыс-керіске
23. Беттен алып, бет жыртысуға
24. Қараулыққа, ысырапқа
25. Рахымсыздық пен қатыгездікке
26. Түнде суға жалғыз баруға
27. Жат жыныстылармен  араласып жатуға
28. Күйеуге қашып тиюге
29. Әдепсіз сөзге
30. Тарс-тұрс етуге
31. Адам мен жануарларды тебуге
32. Кісіні қорлап жәбірлеуге
33. Тәкаппарлық пен сайқымазақ жасауға
34. Айқай-сүреңге
35. Шектен тыс сыланып жасануға
36. Қызғаншақтық пен күншілдікке
37. Менмендік пен өзімшілдікке
38. Алдап-арбауға
39. Көрсеқызарлыққа
40. Нәпсіқұмарлыққа тыйым.

Алма Есенбаева