"ӨКІНІШТІ": ТАБИҒАТҚА ШЫҚҚАН ӘР АДАМНАН КЕМІНДЕ 10 КЕЛІ ҚОҚЫС ҚАЛАДЫ

Уақыты: 02.06.2020
Оқылды: 1161
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Орта есеппен табиғат аясына демалысқа шыққан әрбір адамнан кемінде 10 келі қатты тұрмыстық қалдық қалады.

Қаратал өзенінің жағалауын бойлай жүрсеңіз, үйінді-үйінді қоқысқа назар салмай өтуіңіз мүмкін емес. Жиналып отырған жандарға сын айтсаң, «біз келген уақытта үйіліп жатқан» деп өзіңе ұрса жөнеледі. Бұл тәртіпсіздікті тек әкімшілік жазаның қаталдығы тоқтата алатын сияқты. Десек те, барлығына қарап, бас-көз бола алмайсың. Бір жерді тазалап  жатса, сол сәтте басқа жерде тау болып қоқыс үйіліп  жатады. Адамның барлығы бірдей деп топырақ шашпаймыз.

Демалысқа бармас бұрын қоқыстарды жинап кетуді жоспарлаған дұрыс. Мысалы, өзімізбен бірге қалдыққа арналған пакеттер ала баруымыз керек. Темір мен шыны құтыны пайдаланбайық. Себебі, олар қайта өңдеуге жарамайтын қалдыққа жатады.

«Тазалық табалдырықтан басталады». Қанша жерден сенбілік өткізіп, қоршаған ортаны, айналаны ретке келтірсек те, кейбір елге жаны ашымайтын, санасы таяз жандардың кесірінен кез келген жерде күл-қоқыстар қайтадан пайда болып, тазаланған жерлер қайтадан ластанып жататындығы өкінішті.

Айналада төгілген қоқыс келген қонақтарға, өтіп бара жатқан жолаушыларға біздің тазалыққа қалай қарайтынымызды көрсетеді. Бұл қоқыстар бір күнде жиналып немесе басқа жақтан әкеліп төгілген жоқ. Бәрі өзіміздің, яғни, тұрғындардың әрекеті. Одан қалса, әр екі метр сайын қоқыс жәшіктері орнатылса да, қоқысын көшеге лақтырып кететіндер бар.

Табиғат тазалыққа мұқтаж. Біз оны ластаған сайын жанымыз да ластанатынын ұғынайық. Табиғатты қаншалықты аялап, құрмет көрсетсек, ол да соншалықты сұлулығын аша түседі. Айта берсек, қаламызда, облыстың әр аймағында таңырқай қарауға болатын мекендер өте көп. Тек таза ұстасақ екен деймін.

Еңлік МАРХАБЕКҚЫЗЫ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды