"АНАМ ҚАЙТЫП ОРАЛМАДЫ": ТАСТАНДЫ БАЛАЛАРДЫҢ САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Уақыты: 07.06.2020
Оқылды: 1703
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Тағдыр. Бұған әркім өзінше анықтама береді. «Қанша адам болса сонша тағдыр. Әркімнің пешенесіне не жазылады, соны көреді. Пендеге өзі көтере алатын ғана сынақ артады». Міне, көпшіліктің білетіні осы. Расымен де, тағдырдың басқа салғанына көнеміз. Бірақ пенделікпен істеген теріс қылығымыздан тапқан әрекетті тағдырға итермелеу қаншалықты дұрыс?

ӨЗІНЕН АУМАЙДЫ 

Ол өмір бойы балалы болуды армандап кетті. Барлық ағайын-туыс, таныс-тамыр бұл отбасында бесіктің тербелуін үнемі тілейтін. Бірақ... Амал қанша? Ана болу бақыты бұйырмағандықтан сәби асырап алды.

«Анашым» деген бірауыз сөзді 40 жастан асқанда естіді. Қазақ «Бала тапқандікі емес, баққандікі» деп тегі рас айтқан. Тастанды баланың болашағы үшін жауапкершіліктің ауыр жүгін арқалаған ата-ана перзент үшін еш аянып қалмады. Ішкені алдында, ішпегені артында. «Кіндіктен балам болмаса да ұрпағымды жалғап, атымды шығарып жүрсе болды» деген әке барынша жақсы тәрбие беруге тырысты. Көзінің ағы мен қарасы санаған баласы асырап алған әке-шешесінен айнымай қалғанда бәріміз таңғалғанымыз рас. Енді шырағы сөнгелі тұрған отбасының шаттығы артып, бақыты еселене түсті.

Желпініп жүріп от басқан жігерсіз жігіт пен жауапсыз бойжеткеннің кесірінен керексіз болған шекесі торсықтай ұл бала толық отбасынан тәрбие алып, үлкен өмірге нық сеніммен аяқ басты. Десе де, әр бала өз отбасында, туған әке-шешесінің мейіріміне қанып өсуге құқығы бар емес пе? Алайда жаңа туған шақалаққа адам деп қарап, құқығымен санасып жатқандар шамалы. Өкінішті-ақ...

– Мен балалар үйінде өстім. Анам 4 жасымда әкеммен айырылысып, қарындасым екеумізді тастап кетті. Болған оқиғаны ешқашан ұмытпаймын. Қоштасарда: «Кейін келіп, алып кетемін», - деп жылаған. Бірақ анам қайтып оралмады. 7 жасқа толғанымда мейірімді жандар асырап алды. Қарындасымды қимай қоштастым. Қиналып, оны сағынып жүргенімді көрген ата-анам қарындасымды да өз тәрбиелеріне алды. Баққан ата-анам бізді ештеңеден кем қылмады. Туған ата-анама ренжімеймін. Бірақ көріп, сөйлескім келеді. Қазір өзімнің де отбасым бар. Екі қыздың әкесімін. Ешқашанда балаларымның жүрегі ауыратын әрекет жасамаймын деп өзіме сөз бергенмін, – дейді жетімдіктің ащы дәмін татқан Рауан Ермекұлы (аты-жөні өзгертілді).

Бұл ата-ана махаббатына бөлене алмаған Рауанның ғана емес, осы тағдырға тап болған барлық баланың жүрек сөзі. Олар өздері көрген қиындықты, әке-шешесіз атқан ақ таңды, қиналғанда құшағына енетін, қуанғанда алақайлап анасына жүгіріп, тәтті сұрайтын керемет күндерді балаларына сыйлауды мақсат етеді. Жақындарына керексіз болған жәудіркөздерді мемлекет бауырына басып, бар жағдайды жасаса да, шағын ғана отбасындағы бақытты ешнәрсе де алмастыра алмайтынын олар жақсы біледі. Есесіне, олар тағдырдың ащы дәмін татып, тәттінің қадірін ерте жастан-ақ ұғынып өседі.

ЖЫЛАТПАЙЫҚ ЖЕТІМДІ

Балалар үйіне бас сұқсаңыз мөлдіреген балапандарға қарап-ақ ет жүрегіңіз езіліп сала береді. Әрқилы тағдырмен түскен жеткіншектерге жағдай жасап, ата-аналары бермеген махаббатты сыйлап, мейірім танытып, олардың тұлға болып қалыптасуы үшін еңбек етіп жүрген жомарт жүректі тәрбиешілердің еңбегі ерен. Облысымыздағы «Айналайын» балалар үйінде 7 жас пен 18 жас аралығында 93 бала тәрбие алуда. 8 топтағы әр бала жеке тұлға болып қалыптасып келеді. Олардың арманы асқақ. Мақсаты айқын. Олар өте бауырмал. Бір үйдің балаларындай тату. Бірақ мұндағы әр баланың тағдыры бір-бір тарих. 

– Бала – өмірдің мәні. Бірақ мұны терең түсінетін әке мен ана қайда? Соның кесірінен тастанды балалар саны артып келеді. Бұл – өмір. Әр адам қателеседі. Алайда бала тағдырымен қателесуге, ойнауға болмайды. Бала – жеке, дара тұлға екенін ұмытпағанымыз жөн. Баланың болашағы жарқын болу үшін бәріміз бірге атсалысуымыз керек. 1996-2019 жылдар аралығында «Айналайын» балалар үйінен 382 бала қанаттанып шықты. Олар бір-бірімен өте бауырмал. Үлкен өмірге аяқ басып кетсе де, бәрі бір ананың баласындай тату. Араласып тұрады. Көбісі жетімдер үйінде өскен балаларды қайырымсыз, мейірімсіз, өмірге өкпелі деп ойлайды. Бұл жаңсақ пікір. Өмірге әркімнің де өкпесі бар. Біз кішкентай баланың өзіне өмірдің не екенін, тағдырдың тосынсыйларының көп болатынын үйретеміз. Олардың жүрегіне мейірім шуағын себуге тырысамыз. Қалай десек те, ананың аялы алақанына, әкенің махаббатына ештеңені алмастыра алмайтынын ұмытпайық. «Жетімдер үйінсіз Жетісу» жобасы қолға алынғалы бері 2017 жылы 35 бала, 2018 жылы 18 бала, 2019 жылы 10 бала толық отбасында тәрбие алып келеді. Биыл 1 баламызды берекелі шаңырақтың бақытын еселетуге жібердік. Қазір елдегі жағдайға байланысты бұл жұмыс тоқтап тұр. Болашақта әр баламыз толық отбасында тәрбие алса екен деп армандаймыз. Әрбір бала бақытты болуға лайықты. Жетімді жылатпайықшы, ағайын, – дейді талай жетімнің жасын сүртіп, аналық мейірімін төгіп, түн ұйқысын төрт бөліп, балалардың болашағына алаңдап жүрген «Айналайын» балалар үйінің директоры Жадыра Еркінбекқызы.

Иә, жетімін жылатпаған қазақтың бар болмысы бүгін мүлде өзгеріп, басқа арнаға ауып барады. Бірі Құдайдан бала сұрап көздің жасын көл етсе, екіншісі берген баланы қоқысқа лақтырып, қажетсіз заттай тастап кетіп жатыр. Ойран болған отбасының балалары амалсыз жетім атануда. Жұдырықтай жүректеріне жазылмастай дақ түсті. Бейбіт, тыныш заманда жетім санын арттырып, жүректегі мейірім отын сөндіріп, барлық қателікті еш шімірікпестен тағдырға итере салуға әуеспіз. Ойланайықшы.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ

Ұлттық тәрбие босаңсығаннан туған теріс қылықтар қоғамға әсер етпей қоймайды. «Болмайды» деп барынша қарсы тұрып жатсақ та, о шетінен мені көрдің бе дегендей тағы бір жайт орын алады. Ұлықты ұлды, қылықты қызды ешбір ата-ана жаман жолға түссін, жаман болсын демейді. Бірақ осы бір тәрбие деген көзге көріне қоймайтын аса құнды дүниеге барынша бойлай алмай жатқандаймыз. Қазір көп ата-ананың: «Баламның киер киімін, ішер асын тауып берсем болды. Жоқшылық, таршылық көрмесін деумен шектеліп жатқаны анық. Ал астан да, киімнен де қымбат тұратын тәрбиенің құнына бас қатырып жатқанымыз шамалы. Былайша айтқанда, сананы тұрмыс билеп барады. Бізді құртатын да осы ғой.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан