ХАЛЫҚТЫҢ БӘРІ АҚША АЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ, БІРАҚ ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ ҚҰЛЫҚСЫЗ

Уақыты: 15.06.2020
Оқылды: 1248
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бала күнімізде желке тұсымызды ұстап: «Пысық болады екенсің, желке тұсың шұңқыр. Ал сен жалқау боласың. Сенікі шұңқыр емес», - деп күлетінбіз. Бала көңіл соны шындық деп қабылдайтын. Өсе келе, оның қаншалықты рас-өтірігін ажыратып алдық. Бірақ жалқаулық деген жаман қасиет бойымыздан ажырамағаны анық.

Таяуда халықты жұмысқа орналастыру тақырыбындағы басқосу елдегі жағдайға байланысты онлайн өтті. Хабарландыруды естіп, жиналысқа қатысқандар көп болды. Шамамен 50-60 көрермен қатысқан басқосудағы мақсат – халыққа жұмыс тауып беру. Бірақ: «Жұмыс керек. Жұмысқа орналасуға көмектесіңізші. Қандай жұмыс бар? Карантин деп қиналып қалдым», - деп бас көтеріп, жұмыс сұраған бірде-бір адамның болмауы бізді таңқалдырды. Барлығы жыр болған 42 мың 500 теңгені ала алмағанын айтып әлек. Одан қалса, «Біз біргеміз» қоры арқылы «Nur Otan» партиясы берген 50 мың теңгені алмағаны үшін өкпе-ренішін білдірді. Қысқасы, дайын асқа тік қасық боп қадалушылардың көп екендігіне көз жеткіздік.

Бір сағатқа созылған жиында көпшілік ақша сұраумен уақыт өткізді. Басшылық тарапынан: «Бүгінгі жиынның тақырыбы жұмысқа орналасу туралы. Кімге жұмыс керек? Балабақша, мектеп, Мәдениет үйі, көшелердің құрылыс жұмыстары басталады. Айлығы уақытылы төленеді. Осындай жұмысқа кім барады? Кімге көмектесейік?» – деп қайта-қайта айтылса да, оған құлақ асып жатқандар табылмады.

Әдетте ел ішіндегі білгішсымақтар: «Мемлекеттен ешқандай да пайда жоқ. Халықты ойламайды. Көмектеспейді. Өздері қыруар қаржы алып отыр. Ал бізде жұмыс та жоқ», – деп өкпесі қара қазандай болғандардың ұсынған жұмысты істеуге ниеттері жоқ. Неге? Себебі, көпшілігі жанын қинап, ауыр еңбекпен нан тапқылары келмейді. Бұл жерден басқа сылтауға орын да жоқ секілді.

«Азық-түлік алып берсеңіздер. Төтенше жағдай басталғалы ешкім келіп, көмек берген жоқ. Мемлекеттен де көмек алмадық. Балаларым аш отыр. Жұмысымыз тоқтады. Көмек беріңіздерші. Мен жалғызбасты анамын». Дәл осындай хаттар толассыз жазылып жатты. Халықпен болған байланыста жалғызбасты аналардың көп екендігіне көз жеткіздік.

Бұл – дәл бүгінгі таңда біздің қоғамның асқынған дерті екеніне куә болдық. Қанша адам болса, сонша тағдыр болатыны заңдылық. Бірақ ойланбай отбасын құрып, бір-ақ сәтте көтерілген шаңырақты ортасына түсіріп, баласын құшақтап, сыңарымен емес, жалғыз өзі өмір жолында жүрген нәзік жандылардың саны күн өткен сайын артып бара жатқаны көңілге көлеңке, жүрекке салмақ түсірді. Ажырасу арқылы мәселені шеше салу оңай көрінгенімен ол үлкен күнә екенін естен шығармайық. Ал баланың  болашағына балта шабу дегеніміз – өзіңді құртумен тең.

Міне, осылайша мемлекеттің қамқорлығын сезінгісі келмейтіндер ұсынылған жұмысты қабылдамай, тек 1-2 күндік өмірін ойлап, ақша сұраумен жиналысты қорытындылады.

Абай атамыз: «Есектің артын жусаң да, мал тап», - деген сөзіне терең бойлай алмай жатқандардың бір күндік тірлігінің соңы не болар екен? Қазақта: «Қолы қимылдағанның аузы да қимылдайды», - деген жақсы сөз бар. Жаратқан берген аялы алақандарын қимылдатып, пайда тауып, отбасына, еліне аз да болса көмек тигізетіндердің қатары тым аз. Егер де барлығы дәл осылай жалғаса берсе, ертеңгі күнімізді ойлаудың өзі қорқынышты. Жұмыссыз отырған азаматтар отбасына ғана емес, мемлекетке де қаншалықты қауіп төндіріп тұрғанын білсе ғой, шіркін?!

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды