Махаббатсыз дүние бос

Уақыты: 04.03.2017
Оқылды: 3288
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Расымен де бұрын-соңды «Махаббат күні» деген күнтізбемізде болмаған. Ол күн қашан, қалай күнтізбенің төрінен орын алған деп сұрақ қоюыңыз мүмкін. Сәл ғана ойлансаңыз жауабын өзіңіз-ақ тауып аласыз. Мәселен ол күн мемлекет тарапынан бекітілмеген. Мектеп директоры, университет ректоры да енгізген жоқ. Оны өзіміздің қызық қуып, біреудің қаңсығын таңсық қылып жүрген жастар өз еншісіне алған.

Өзге мемлекеттерде бір-біріне ақпанның сары аязында қызылды-жасылды ашық хат тарататынды көріп, сол дертке өздері барып жабысқан. Соның кесірін де бір кісідей-ақ көрдік. Бірақ кейінгі уақытта әулиемен әуреге түсетін жастардың қатары азайды. Бізді қуантатыны да осы. Бұл жақсылықтың бастауы болар. Барлығын уақыт еншісіне қалдырып, қос қолды қусырып отыра берудің бұрыс екенін түсінген біздікілер лезде тарихта алтын әріппен қалған ғашықтарды «Еңлік Кебек», «Қыз Жібек пен Төлеген» және «Қозы мен Баянды» атай келе, өзіміздің махаббат күнімізді тойлау туралы ұсыныс айтылды. Әзірге нәтиже жаман емес. 
Біз жастар арасында сауалнама жүргізгенімізде көктеммен бірге келер осы бір мереке мерейінің өскендігін байқадық. Бұрынғыдай жастар 14-ақпанның аязында ашық хат алып, шоқ гүлдерін қолына ұстап, жүрегінен орын алған жанға асықпайды. Олар ол мерекенің біздің қоғамға, ұлтқа, дінімізге жат екенін түсінген. Көпшілігінің айтуынша, күлімдеп келген көктемдегі мерекені күтеді. Десе де,  сәуірдегі мерекеге әлі де болса біраз уақыт қажет. Дәл сол күні белсенді жастар оқу орындарында түрлі іс-шаралар да өткізетіндігі бізді бір марқайтып тастады. Тіпті, кейбіреуі дайындықты қазірден бастап кеткен. Демек, жастардың көңіл терезесін әлі де шаң баса қоймаған. Бұл көпшілікті қуантатыны анық.  
Махаббат – адам жүрегін нұрлы қуанышқа бөлеп, рухына қанат бітіретін ең күшті, ең тұрақты, ең асқақ сүйіспеншілік сезімі. Махаббат өмірдің мәні, жұпар шашқан гүлі, тамылжыған ән-жыры. Тіпті, дана Абай да: «Махаббатсыз дүние бос» деп бір-ақ ауыз сөзбен бұл сезімге анықтама беріп кеткен. Оған адамның күллі тіршілігі байланысты. Ол адамның ішкі әлеміндегі рухани сезімдерінің көрінісі. Барлық әдемі, сүйкімді, шарапатты, ұлы істерге, ерліктерге адамды сүйіспеншілік сезімдері жігерлендіріп дем береді. Адам біреуді сүйгендіктен, яки, біреудің өзін сүйетінін сезгендіктен немесе біреудің сүйіспеншілігінен үміттенгендіктен, оның бойын күш-жігер кернеп, биік мақсаттарға ұмтылып, үлкен істерді тындырады. Бұл жүрек түбінде жатқан сезімге ешқашан сызат түсірмеуіміз керек. Жасаған амалымыз да, іс-әрекетіміз де жақсылықтан болғанын қаласақ, барлығын да махаббаттың еншісінде жүріп атқарғанымыз жөн. 
Адам кеудесіндегі бүлкілдеген бір тілім етті махаббатқа толтыру біздің қолда. Егер ол жүрек біреуді жақсы көрсе, қасындағы ағайын-туысына, дос-жаранына жақсы сөз айтып, үнемі тілекші болса ол мақтадай аппақ болады. Таза жүректе, әрине, ып-ыстық сезімге толы махаббат оты маздап жанып тұрады. 
Сауда-саттықпен айналысқан танысым: «Осы ақпанда алып келген ашық хаттардың бірі қалмай өтіп кетті. Сауда жүріп, көңілім көтеріліп қалды. Ал сәуірде сатсаң ешкім алмайды. Босқа «убыткаға» түсеміз. Сол үшін ол күнді мен кәдімгі сауданың бір күні ретінде қараймын. Одан да бізге, яғни, саудагерлерге күнде «Валентин» күні бола берсе ғой, шіркін», – дегені. Біраз жылдан бері танитын жақыным деп жүрген адамды жанымнан алыстатқым келгені. Оның ойында тек ақша билік жүргізіп тұрғандай. Мұндайларға ұлттық рух, ұлттық сана, кейінгі ұрпақ дегендерің бас қатырарлық мәселе емес секілді. Бірақ бір жыртықты екінші біреуіміз жамасақ артық болмас. Олай болса, бес күн жалған өмірдегі әрбір күнімізді махаббатқа арнап, жанымызға жақын жандарды қуанышқа кенелтіп жүре берейік. 

Ақтанберді НАЗЫМҰЛЫ, ҚазҰУ-дің философия және саясаттану факультетінің магистрі:

– Махаббат күні деген атаулы күн заман ағымына сай керек те шығар?! Бірақ аталмыш күннің мәні мен мағынасы бәріміз үшін маңызды. Оның тарихы, бұдан былайғы миссиясы жастарды имандылыққа, ізгілікке шақыру болса құба-құп. Ал көпшілігіміз әулие Валентин деп жүрген тарихы күңгірт, насихаты арсыздық болса оның мәні мен сәнінен не пайда? Бәрібір жаҺандану өз дегенін істетпей қоймайды. Сол үшін кез келген жаҺандық бастамаға сәйкесетін ұлттық иммунитет болуы керек. Негізінде керегі жоқ дүние, бірақ, бұл махаббат атын жамылған басқа да оспадар мерекесымақтарға ұлттың қойған қалқаны. Бұл сол үшін керек. Әйтпегенде 365 күннің бәрі дерлік махаббат күні болса несі айып?! Оны бір күнге тіреу ойға қонымсыз. Ал осы ұлттық мерекені яғни, Қозы мен Баян күнін мектепте өткізетіндерге таңым бар. Сабақтан басқаға бас ауыртпауы керек жас балаларға мұның қаншалықты қажеті бар? Бұл желік қуған жиырмадан асқандардың мейрамы. Сол үшін де бұған белгілі дәрежеде тиым салынса артық болмас еді. Және осы салаға жауаптылар дұрыс бағыт-бағдар беріп, бақылауға алса. Әйтпегенде жастар бұл мерекені бәрібір шетелдік дарақы мейрамдардың  қазақша атауы деп кана түсініп, оның бүкіл форматын қабылдайды. Және соны орындағысы келеді. Өз басым ұлтқа бабадан қалған дәстүр болмағасын мұндай ендірме мерекеге  қарсы екенімді айтқым келеді.

Виктория ТЁ, маркетолог:

– Мектеппен қоштасып, жаңа өмірге қадам басқан уақыт. Туған өлке Талдықорған қаласынан Алматыға қоныс аударып, өзім қалаған мамандықты игеріп жүрдім. Қателеспесем, дәл осы жылы сәуірде махаббат күнін атап өту басталды. Сол кезде мен бірге оқитын қазақ жігітімен жақсы араласатынмын. 2011 жылдың 15 сәуірі күнделікті күн болып басталды. Бірақ түске таман аталмыш досым қоңырау шалып, мені саябаққа шақырды. Шынымды айтсам, таңғалдым, өйткені бұл кездесуді жоспарлаған жоқ едік. Саябаққа барсам, мен жақсы көретін орхидея гүлін ұстап: «Бүгін қазақтардың ғашықтар күні», – деп күлімсіреп, сыйлығын ұсынды. Тосынсыйға қатты қуандым. Сол жылдан кейін шынымды айтсам, бұл мерекемен мені құттықтап, ешкім гүл шоғын ұсынбады. Бірақ сол күн есімде мәңгі жатталып қалды. Тағы айта кететін жайт, корей халқы 14 сәуір күні қосағы жоқ адамдардың мейрамын атап өтеді. Ғашығын таппаған жан қара киім киіп, «чачжанмён» деген лапшаны оңашада жейді. Бұл күнді емес, келесі күнді жақыныңмен өткізсең  керемет емес пе?

Мирас ТАРАСОВ, студент:    

– Адамдар жақсы дүниеге тез әуестеніп кетеді. Осы мереке шыққалы жастардың басым көпшілігі көктемді, әсіресе, осы мерекені тосады десем артық айтпаспын. Өзгенің қаңсығын таңсық қылғанша өз мерекемізді шама келгенше насихаттасақ оның бұрыстығы болмас. «Валентин күнін» тоқтату үшін осындай «Ғашықтар күнін» ойлап тапқанымыз құптарлық іс болды. Дегенмен махаббат деген нәрсені қыз бен жігіттің арасындағы махаббатпен ғана байланыстырып, соның аясында ғана қалдыруға болмайды. Бұл ананың балаларына махаббаты, баланың ата-анасына махаббаты, Отанға, туған жерге, елге деген сияқты кең ауқымды қарастыру керек. Сол үшін де ол күнде бәріміз бір-бірімізге жылы сөзімізді айтып, ыстық ықыласымызды білдірсек те болады. Тәй-тәй басып келе жатқан мерекені биыл жаныма жақын арумен қарсы алғым келеді. Қазірдің өзінде түрлі идеялар басыма келе бастады. Көктеммен бірге келетін мереке жанымды жадыратып, ерекше көңіл-күй сыйлайды. Осындай күні барлық жас өзінің теңімен, бақыт деген ауылда қол ұстасып жүрсе деп тілеймін. 

Еңлік КЕНЕБАЕВА