САРДАР МҰРАТЫ

Уақыты: 04.03.2017
Оқылды: 1607
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Өткен ғасырдың соңғы ширегінде Үшарал қаласында дүниеге келген подполковник Талғат Дәулетханов соғыс өрті толастамай тұрған ауған-тәжік шекарасын күзетуге барған бітімгершілік әскерін басқарған жан. Небәрі 24 жасында қауіпті аймақтың тыныштығын сақтауға аттанған офицер алдынан қандай тағдыр күтіп тұрғанын ойламапты. Бір ғана Аллаға тәуекел етіп, әскери басшылықтың бұйрығын орындауға кіріскен кейіпкеріміз көптеген тылсым жайттың үстінен түсіп, әскери өмірдің ащы-тұщысын аянбай татқан. Соғыс өрті шарпыған аймаққа алған алғашқы шақыртуды елден естіген анасы Гүлбараш сонау Үшаралдан Сарыөзекке жылдам жетіп, ұлын генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтан сұрап алып қалыпты. Кім біледі, ана жүрегі бір қауіпті сезген болар, әйтеуір, көзін ашып көрген тұңғышы үшін осындай қадамға барған. Алайда арада біраз уақыт өткен соң екінші рет таңдау түскенде арнайы дайындықтан өткен жауынгерлерді бастап, ауған-тәжік шекарасына тартып отырады.

Армандар
орындалады

Әрбір ауылдың қарасирақ балалары секілді Талғат Жасболатұлы да қатарластарымен атыспақ ойынын ойнап, қиялдағы жауды талай жеңген-ді. Күні бойы көшенің шаңын шығарып, қора-қопсыда жасырынбақ ойнаған баланың ойынан әскери өмірдің қатал да адамды шынықтырар тәртібі, кез келген жағдайда бұзылмайтын, бұлжымайтын әскери қағида шыққан емес. Оның үстіне атасы Дәулетханның арқасын басып берген сайын ақсақал:
– Рахмет, балам! Жауынгерім, сарбазым, сардарым менің! Осы құлыным уаенный болады, көзінен көрініп тұр! – деп немересінің маңдайынан сипап, емірене иіскейтін.
Ақ сақалына орап өсірген қарттың тілегі қабыл болды ма, әйтеуір, әскери өмір бозбаланың жанын баурап, арманына қанат бітірді. Кездесе қалғанда: «Кейін өскенде кім боласың?» – деп сұрағандарға: «Уаенный боламын!» деп сымдай болып тартыла қалатын. Тіпті, әскерилердің киіміне қызығып, әскери шенді оңай ажырата бастады.
Үшаралдағы қант зауытына қарасты мектепті 1992 жылы бітірген кейіпкеріміздің құрдастарын ел тәуелсіздігінің мақтанышы, мерейі тербеп, кемел келешекке, көкейлерінде жарқын болашаққа деген сенім мен үміт оты тұтанған еді. Арман қуған жастар әр саланың маманы болуға ұмтылып жатқанда Талғат Дәулетханов Алматыдағы құрлық әскерлерінің әскери институтына оқуға түседі. Ол тұста Маршал И.С.Конев атындағы жоғары жалпыәскери училище (АВОКУ – М.А.) деп аталатын оқу орнына үлкен сынақ арқылы өтеді. Оның алдында 9-сыныпты бітірген жылы Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектеп-интернатқа түсу үшін жасырын жинаған құжатын анасы тауып алып: «Бармайсың!» – деген жалғыз ауыз сөзбен отқа тастай салады. Қатардағы жұмыскер отбасында тәрбиеленген ұлын анасы жанынан шығармай, көздің қарашығындай сақтауды ойлаған болар. Ғұмырын көлік жүргізушіге арнаған әке ұлының талпынысын қолдағанымен әртүрлі мекемелердің асханаларында аспаздық қызмет атқарған ана тұңғышын алысқа жібергісі келмегені анық. Бірақ Алакөл ауданынан құжат тапсыруға барған 16 адамның ішінен оқуға түскен екі адамның қатарында Талғат Дәулетхановтың есімі аталды.
Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы кезеңде барлық саланың жұмысы жаңадан бастау алып, кей бағыттар тоқырап жатты. Сол тұста Қазақстан Республикасының әскери антын алғаш бергендердің қатарында Талғат Жасболатұлының есімі Алматы құрлық әскерлерінің әскери институтының алтын қорына жазылды. Өйткені, институтқа түскен 240 курсант 13 қыркүйек күні өткен Ант беру рәсімінің тарихи сәт екендігін дәл сол кезде білмесе де, кейіннен оның маңызы мен мәнін ұғынды. Сөйткен тәуелсіз елдің алғашқы әскери мамандарын үлкен жауапкершілік жүгі күтіп тұр еді. Мемлекеттің іргесін берік, шаңырағын биік ұстау үшін әскерилерге артылар міндет пен парыз қашанда жеңіл болмаған.
Сол жылдарды еске алғанда ұстаздар қауымынан бөлек жауынгерлердің денсаулығына қарайтын медкомиссияның жетекшісі, подполковник Бунтовскихтің жылы жүзін ешқашан есінен шығармайды. Дәл оқуға қабылданар алдында тексерістен өткізген подполковникке бұл әскери адам болғысы келетінін айтып салады. Мұның жүзіне бір сәт көз тоқтатып қараған әскери дәрігер анықтама қағазға еш сұрақсыз қол қояды. Содан бастап, Талғат Жасболатұлы оқуды бітіріп кеткенше подполковникпен ескі таныстардай жақын сырласып, көрген жерде жылы амандасып жүрді.

Әскери
маман керек

Қазақстан тәуелсіз ел атанып, КСРО атты алпауыт мемлекеттен бөлініп шыққан жылдары әскери мамандар жетіспейтін. Оның үстіне орталықтың бұйрығымен жоғары әскери оқу орындарына тек Ресейдің ішкі жағынан келген талапкер алынатын. Тіпті, офицерлер құрамының басым бөлігі орыс ұлтының өкілдерінен болғандығы жасырын емес. Алайда соңғы үлгідегі техниканың тілін меңгеру мен әскери тактиканы жетік білу күн тәртібінен түспейтін тақырып болғандықтан 1992 жылы Алматыдағы құрлық әскерлерінің әскери институтына түскен ауылдың қара домалақ балалары Қазақстанның алғашқы офицерлер құрамын толтырған еді.
    Қош, сонымен 3 жарым жылдық оқудан соң Сарыөзектегі әскери гарнизонға жіберілген 16 маман әскери өмірдің алғашқы сынағына тап болады. №12740 танк полкының рота командирі болып тағайындалған Талғат Жасболатұлы әскери маман үшін теорияны тәжірибеде қолданудың маңыздылығын, оқу мен істің айырмашылығын осы кезде ұғынды. Себебі, күнделікті жаттығулар мен сап құрап жүрудің өзі көрмеген адамға мүмкін еместей. Таң қылаң бергеннен оянып, күнделікті жұмыстарын әскери тәртіппен атқаруға полк командирі Рашид Исламғалиевтен алған тәжірибе көп көмектесті. Әлі күнге алғашқы командирінен алған үлгіні кейінгі жастарға тәлім ретінде айтып отырады. 
Сарыөзектегі құрамына 150 адам кіретін оқу-жаттығу ротасының командирі болып бір жыл қызмет атқарған жас маман сол тұстағы тұрмыстың ауыртпалығын бір кісідей көрді. Дәл нарықтық экономикаға енді кіріп жатқан елімізде электр жарығы болмай, үйлердің жылыту қазандықтары істен шыққан кезең еді сол тұс. Айлық жалақыны алты ай кешіктіріп алған кезді де бастан өткерді. Бір жылдан соң мотоатқыштар ротасына командир болған Талғатқа одан кейін мотоатқыштар батальоны командирінің орынбасарлығы сеніп тапсырылды. Әскери лауазымның дәл бұлай жылдам өсуіне жас маманның еңбекқорлығы, алғырлығы, шынайылығы ықпал еткені анық. Себебі, өз ісін сүйетін офицер бар қиындыққа қарамастан ел іргесінің берік болуына аянбай тер төккен-ді.
Сөйткен Дәулетхановты 1999 жылы дивизия командирі, полковник Геннадий Латифович Ғұбайдуллин шақыртады. Алып-ұшып барған мұны мамандар бөлімінің бастығы, капитан Азамат Сейітхазин дивизия командиріне ертіп кіреді. Ә дегенде:
– Талғат! – деп жақын тарта сөйлеген дивизия командирінің сөзіне қатты таңғалды. «Бұл кісі мені қайдан таниды?» деген ойдың жетегіне ілесіп үлгермеді. Полковник:
– Талғат, рота екі ай бойы әбден дайындалды. Борттың ұшуына бір апта ғана қалды. Рота командирі керек. Білетін шығарсың?! – деп бастырмалатты. Тоқтап қалуды ерсі көрген бұл:
– Дәл солай, жолдас полковник, естідім. Дайынмын! – деген сөзді қалай айтқанын білмейді. Ұзақ жыл соғыс болған аймаққа баруға әркім де жүрексінеді. Алайда бұл жүз ойланып, мың толғанып, тоқтам жасар қадамға бірден барды.
– Ата-анаң жібере ме?
– Оларға айтпаймын. Себебі, жібермейді.
– Оны өзің шешесің. Бірақ маған рота командирі керек! – деген жалғыз ауыз сөздің жетегімен ауған-тәжік шекарасына аттанатынын ұғынды. Өйткені, Панфилов ауданының таулы өңірінде жаттығудан өтіп, дайындықты ширатқан рота әскері сақадай сай тұр еді.
Соның алдында дивизия командирі Бақытжан Ертаевтың тұсында Тәжікстанға взвод командирі ретінде кетуі керек болатын. Алайда тоғыз жолдың торабындағы Сарыөзектің көшесінде кездесіп қалған ауылдастары естіген жаңалық анасының құлағына бірден шалыныпты. Әне-міне, кетеміз деп жатқан тұста Алакөлден жаулығын желбіретіп жеткен анасы жылаған күйі дивизия командирінің алдынан бір-ақ шығады. Сөйтіп аузы бір күйген Дәулетханов ендігі қадамын туыстарынан жасырған күйі бітімгершілік әскерімен өзге елдің шекарасына аттанды.

Қатпар таулар
ішінде

Памир тауының етегінде 6 ай, 5 күн №17 атқыштар ротасының командирі болған аға лейтенант Талғат Жасболатұлы қол астындағы 100 адамның тағдырына жауапты екендігін бір сәтке де ұмытпады. Ақпан айының 12-і күні Алматыдан ұшып шыққан ұшақ Душанбе қаласына қонып, әскери базада тынығады. Бір аптадан соң бес тікұшақ Қазақстаннан келген бітімгершілік әскерін Микрон әуежайына түсіреді. Одан ары 15 шақырымды жаяу жүріп өткен жауынгерлер дәл Ауғанстан мен Тәжікстан шекарасындағы Жабай шекара бекетіне жетеді. Сөйтіп, ауқымы 5 километрге тең аумақтың тыныштығын қазақстандық рота күзетуге кіріседі.
Айналаны жақпар-жақпар жартасты тау қоршаған. Жақын маңда Киврон және Рузвай деп аталатын екі қышлақ бар. Шекара бекетінің қарсы алдында кең де қолат-қолатты Жабай аңғары жатыр. Тікелей тартқан жаяу адам Кабул қаласына үш қонып жетеді. Дәл осы аңғар ертеден заңсыз есірткі тасымалдайтын төте жол саналады. Ауғандықтарға қарай қару-жарақ таситындар бергі бағытқа апиын жеткізіп, шекара бұзады. Сондағы 6 айлық мерзімде талай шекарадан заңсыз өтушіні тоқтатып, екі елдің тыныштығын бұзғандарды қолға түсірді. Әрбір күн қауіпке толы. Алайда дәл барып қоныстанған күні орын алған тосын оқиғаны әлі ұмыта алар емес.
Шекара бекетінің әрбір шаршы метріне шейін қадағалауды тапсырып, оған жауаптыларды бекітіп жатқан уақыт. Оның үстіне қол астындағы жауынгерлермен жаңа таныса бастаған. Үш тексеріп өткізу бекетінде тұрған жауынгерлер жаяу жүргіншілерді, автобустар мен автокөліктерді мұқият тінтіп, күдікті заттарды анықтайды. Ақшам кіріп, қараңғы түсе бастаған шақта, дайындық пысықталып бітті-ау деген кезде Андрей Комаренко есімді бір жауынгер апыл-ғұпыл жүгіріп келді. Түрі өрт сөндіргендей алаулап кеткен.
– Жолдас аға лейтенант, анда... анда жау... жау, – деп кекештене берді. Не болғанын анықтағанша болмады, тарс-тұрс атылған қарудың даусы шықты. Соның арасынша қараңғыны тілгілеп автомат оғының ұшқыны шашырады. Жаңа орынның алғашқы сыйлығын осылай қарсы алған жауынгерлер қарсыласып, шекара бұзбақ болғандарға шабуыл жасады. Сол түні ешкім таңға дейін көз ілмеді. Қасына 12 адамнан құралған топ ерткен аға лейтенант Талғат Дәулетханов таудың беткейін сүзіп шығу үшін алға ұмтылады. Алайда таудың түні көзге түртсе көргісіз тастай қараңғы келетінін сол жолы байқады. Жарық жағуға болмайтындықтан қолшамды пайдаланбай қараңғыға сүңгіген жігіттер ешқандай күдікті нәрсе байқамады. Дегенмен, арнайы дайындықтан өткен қазақстандық жауынгерлердің самдағайлығын байқаған ауғандықтар ақыры із суытады. Сылбырап жауған жаңбырдың соңы қылаулаған қарға айналды. Аяз қысты. Таң қылаң бергенше тістеніп жүріп, ұйқы көрмеген әскер қатарындағы жас жауынгерлердің тосын жағдайдан шошынып қалғаны байқалады. Осыған орай командир аумақты өзі шолып шығып, әскерге рухани күш беруге тырысты. Соның арқасында жүгі жығылған жауынгерлер арқаланып, үйреншікті айбарға ие болады.
Сөйтсе, алдын ала сым темірге ілінген өңкей бос қалбырлар белгі беріп, күзетте тұрған жауынгерлер парсы тілінде сөйлескен адамдардың даусын естиді. Таудың беткейі айқыш-ұйқыш соқпақ жолдарға толы. Соның бірімен келе жатқан шекара бұзушылар арнайы ілінген бос қалбырларға тап болған. Сақтық үшін жасалған қарапайым құрылғының көмегін көрген шекарашылар күтпеген шабуылдан осылай аман қалыпты.
Жарықта келген батальон командирі, генерал-майор Дархан Дилманов арнайы комиссиямен болған оқиғаның барысын тексеруден өткізді. Сонда қараңғылықты жамылып, тәжік жеріне өтпек болғандардың кәсіби жауынгерлер екендігі анықталады. Өйткені, олардың атқан әрбір оғы нысанаға дәл тиген. Тіпті, әрбір әскери шатырға жарық түсірген темір пештерге тиген оқтың ізі сайрап жатты. Оқиғаға орай түсініктеме берді. Одан соң ресей барлаушылары келгендердің 5 адам болғандығын айтты. Себебі, барлаушылар Ауған соғысына қатысып, ондай оқиғаның талайына куә болғандар еді.
Алайда шекара бекетін шабуылдау бұдан кейін тоқтамапты. Ақпан айының 21, 25, 28 күндері түнделетіп үш рет әрекет жасағандардың не ойлағанын құдай біледі, бірақ қазақстандықтар келгенге дейін шекара бекетін күзеткен ресейлік жауынгерлер Ауғанстанның Таулы Бадахшан облысының орталығы Нусай қаласына қарасты мешіт мулласының шекарадан есірткі алып өтпек болған туысын атып өлтіреді. Әлгі мулла кек алуға уәде беріпті. Ақыры қазақстандық басшылықтың келіссөз жүргізуінен соң ғана атыс тоқтайды. Онда да мулланың бауырын өлтірген Талғат Дәулетхановтың ротасы еместігін айтқан соң ғана шабуыл күрт толастапты. Сөйтіп, 6 ай бойы ауған-тәжік шекарасын күзетіп, жергілікті халыққа зияндығы жоқтығын дәлелдеген қазақстандық жауынгерлерге екі елдің азаматтары достық рәуіш, бейбітшіл ықылас танытады.

Қариясы бар үй
қазыналы

Бітімгершілік әскерін басқарып, қауіпті аймақтан шығынсыз оралған аға лейтенант Дәулетхановтың еңбегін бағалаған басшылық оны капитан лауазымына лайықты санайды. Әскери институтты бірге бітірген қатарластарының алдында алғашқы болып капитан шенін алған Талғат Жасболатұлы атқарған әскери қызметі үшін Қазақстан Қарулы Күштерінің «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. «Өсем деген баланың бетін  қақпа, белін бу» дегендей, тәжік-ауған шекарасынан абыроймен оралған капитан 2000 жылы Жаркенттегі №74/261 полкіне батальон командирі болып тағайындалады. Дивизия командирі, полковник Мұрат Майкеев артқан сенім үдесінен шыққан Талғат Жасболатұлы бүгінде облыстық қорғаныс істері департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарады. Жаркентте 4 жыл еңбек еткен подполковник зайыбы Эльмира Таңжарыққызын сонда кездестірді. «Жұрт мақтаған жігітті, қыз жақтаған» дегендей, отбасы құрған жас шаңырақ иесі бір айдан соң майор шенін иеленді. Жанерке, Жанболат, Айсұлтан есімді үш бала өсіріп, бағып-қағып отырған Талғат Дәулетханов ұрпағының тәрбиелі, білімді, мейірімді болғанын қалайды. Өйткені, адам ұрпағымен мақтанады. Басында әскери өмірге жібергісі келмеген анасы бүгінде оны құрмет тұтады. Немерелерінің алдында мақтап отырады. «Әкенің қадірін балалы болғанда білесің» деген. Әкесі мен анасын қасына алдырып, бірге тұруға көндірген. Қариясы бар үй қазыналы келетінін жақсы ұғынады. Өйткені, атасы Дәулетханның ақ тілегімен арманға қол созған Талғат Жасболатұлы балаларының да ата-әжесінің батасын алғанын қалайды. Өйткені «жауынмен жер батаменен ер көгерер еді».

Дәл қоштасарда Талғат Дәулетханов:
– Белгілі ақын Қадыр Мырза Әлі бір сөзінде: «Мықты қарт та мықты жастан шығады» дейді. Шындығында еліміздің ертеңі аузынан батасы төгіліп, жүзінен мейірім шуағы көрінген қарияларға байланысты. Өйткені, келешекті жақсы тілек, жанашыр бата көгертеді. Оған бүгінгі күніміздің жарқын болуы дәлел. Шындығында қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманның тууын тілеген батыр бабалардың арманы осында жатыр. Ендеше, келешегіміз кемел, болашағымыз баянды болуын бізде тілейік! – деп айтар ойын түйіндеді.

Мәди Алжанбай