ӨТЕ ҰЯТ: "ОРЫСТЫ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕТЕ АЛМАҒАН СОҢ НЕ СОРЫМ?"

Уақыты: 15.07.2020
Оқылды: 1360
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Жуырда «Ана тілі» газетіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты жарияланды. Онда айтылған ел Президентінің мемлекеттік тілге қатысты ой-пікірлері ешкімді бейжай қалдырмады. Әсіресе, мына бір сөздері маған ерекше әсер етті. «...Біздің мемлекеттік тілдің жағдайын қайта-қайта көтеріп, оның мүшкіл халі туралы айта бергенімізге өзге елдер, әсіресе, Орталық Азиядағы мемлекеттер түсінбей, таңданыспен қарайды», – дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Шынымен-ақ, басқаны қоя тұрып, көрші елдерге дұрыстап назар салайықшы. Тіліміз жұтылып барады деп дабыл қағып жатқан ешкімді кездестірмейсіз. Өйткені, ондағы жұрт өз тілінде сөйлейді. Бар болғаны осы ғана. Ал біз әлі күнге дейін өз тілімізді өгейсітіп, өзге тілде шүлдірлеуден танбаймыз.

Осындайда әкемнің айтқан бір әңгімесі еске түседі. Студент кезінде курстас досымен Өзбекстанға сапарлапты. Көшеде самса сатып тұрған өзбек әйелге орысшалап қанша тұрады деп сұраған ғой. Сатушы әйел оларға үн қатпапты. Тағы да сұраған. Жауап жоқ. Үшінші рет сұрағанда барып әлгі өзбек әйел: «Немене, тілің жоқ па? Әлде тіліңді жұтып қойдың ба?» деп қойып қалған. Ұяттан екі бетіміз ду етті дейді әкем сол шақтарды еске түсіргенде. Бұл оқиға сонау 70-ші жылдары болған. Осыдан-ақ көп нәрсені көңілге түюге болады.

Жарайды, ол кезде бодан ел болдық. Өз еркіміз өзімізде емес. Алматы «қазақтың астанасы, орыстың баспанасы» болған шақ. Оқырман қауым да дәл осылай ойлайтыны анық. Ал қазір ше? Егеменді ел болғанымызға отыз жылға жуықтады. Осынау кезеңде жүздеген қазақ мектебі бой көтерді. Әлі де салынып жатыр. Тәуелсіздіктің құрдастары орда бұзар жасқа келді. Бірақ әлі тіліміз мүшкіл деуден арыла алмай отырмыз. Өте ұят!

Күні кеше бір досымнан мынандай қызық оқиғаны естідім. «Біз істейтін мекемеде жалғыз орыс ағай бар. Өзі өте жақсы адам. Бәріміз оны құрмет тұтамыз. Бірде әлгі кісіге: «Осы сіз неге қазақша сөйлемейсіз?» дегенім бар емес пе. Володя ағай бетіме бажырая қарап: «Өздерің маған қазақша сөйлемесеңдер, мен қалай сөйлеймін», – деп кекесінді үнмен жауап қатты. Не дерімді білмей абдырап қалдым. Бар кінә өзімізде екен ғой. Жүз қазақ отырып, бір орысты қазақша сөйлете алмаған соң не сорым», – деп налығаны бар.

Иә, ол шындық. Осы «ынжық» мінезімізбен ана тілімізді өркендете алмай отырғанымыз жасырын емес. Әрине, журналист болған соң түрлі шараларға қатысуға тура келеді. Сондай жиындарда залда бірді-екілі өзге ұлттың өкілі отырады. Қалғанының бәрі түгелдей өз қандастарымыз. Ал жиналыс сол бір-екеуге бола басқа тілде өтіп жатады. Кеңес өкіметі кездегіден  айырма жоқ. Қарап отырып қайран қаласың. Көшедегі халыққа қызмет көрсететін орындарға бара қалсаңыз да осы көрініске тап боласыз. Өзге ұлттың өкілін ортаға алып, оған өгей тілде сөйлеп жатқанымызға еш қымсынбаймыз. Сонда деймін-ау, тіл өркендемей жатыр деп біз кімді кінәламақпыз?

Болат Мәжит