ТОЙҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАТЫН ЗАҢ БАР: «ОНЫ КІМ ТӨЛЕЙДІ, ҚАЛАЙ ЖАБАМЫЗ?»

Уақыты: 14.07.2020
Оқылды: 2385
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

«Той десе қу басы домалайтын» бір халық болса, ол – қазақ. Тіпті, бүгінгі індет кезінде де той жасаудан қалыс қалып жатқан жоқпыз. Елімізде карантин енгізілгеніне қарамастан өз үйінде болсын той жасап, одан басы дауға қалып жатқан жандар баршылық. Күні кеше ғана өз ауласын шағын мейрамханаға айналдырып, әспеттеп дастарқан жайып, қонақ күткен отбасының тойын құқық қорғау органының қызметкерлері тоқтатты. Бұдан бұрын да ауласына беташар тойын жасаған шаңырақ иелері жауапқа тартылған еді. 

Əрине, ұлын ұяға, қызын қияға қондыру – əр ата-ананың парызы. Бұрынғыдай «отыз күн ойын, қырық күн тойын» жасамаса да, қаншама қаражат салып бір күнде дүрілдетіп той жасап жатады. «Үйлену оңай, той жасау қиын» болып тұрған бүгінгі уақытта ата-ана баласының бақыты үшін ешнәрсе аямайды-ақ. Балам өзгеден кем бе, «өмірде бір-ақ рет болатын тойды неге дүркіретіп жасамасқа?» деген оймен өмір бойы жиған-тергеннің бәрін салып, жетпеген қаражатты несиеге алып, өзгелердің аузынан суы құрып айтатындай етіп той жасаймыз. Оған миллиондап ақша шашамыз. Қазіргі таңда  той жасау, тіпті, бəсекелестікке айналып бара жатыр десек те болады. Бірінен- бірі оза түсу үшін жанын салады. Асабаның ең мықтысын таңдап, танымал деген әншілерді шақыртып жатады. Одан бөлек қаншама той шығыны бар. Сөйткен той бір күнде өтеді де кетеді.  Ал сол тойды жасау үшін кеткен шығынды жылдап өтеуге тура келеді. «Қонағын құдайындай сыйлаған ел емеспіз бе? Өзіміз аш отырсақ та, үйге келетін қонақ үшін бар тәттісін сақтайтын. Сондықтан да тойға да сондайлық мән беретін шығармыз. Оның үстіне «итің жаман десе намыстанатын» қазақпыз. «Анадан кеммін бе?», «бір баласын үйлендіре алмапты» деген сөзден қорқып, ұят үшін барын шашарымыз хақ. Бізді өзгелерден ерекшелейтін де осы қасиетіміз болар. Той десе барын беріп, жанын салатын бізден басқа ұлт жоқ шығар-ау шамасы. Ешкімді де ұмытпай, ешбір жанды қалыс қалдырмай, бүтін бір ауылды жинап, кемінде үш жүз, әйтпесе, бес жүз, алты жүз адамға той жасайтын да біз болармыз. Дегенмен халқымыздың сол жомарттығы дарақылыққа айналып бара жатқандай.

Бірақ, өмір той тойлаудан ғана тұрмайтынын бүгінгі жағдай дәлелдеп жатыр. Осы кезде тәубемізге келіп, асыра ысырапшылдықпен той жасаудың артық нәрсе екенін түсінгендейміз. Осы орайда көршілес халықтардың үнемшілдігінен сабақ алғанымыз дұрыс шығар. Мəселен, басқа ұлт өкілдері, тойды жиырма шақты адамға шақтап қана жасап, қалған ақшасына үнемдеп үй алып, шетел аралағанды дұрыс көреді. Ал кейбір елдерде ысырапшыл тойларға тыйым салынатын заң да бар. 

Бізде жас-жұбайлар бақытты болсын деп барымызды салғанымызбен көп отбасының ұзаққа созылмастан  шаңырағы шайқалып жатады. Бәлкім, оған той үшін алынған несиенің де ықпалы болар. Тойдан кейін «оны кім төлейді, қалай жабамыз» деген де үлкен мәселе басталады ғой. Міне, осындай жағдайлар орын алмас үшін ертеңгі күнімізді де ойлап, бүгінгі жағдайымызға қарай әрекет етуіміз керек. Той жасауды қояйық демейміз, тек көрпемізге қарай көсілгеніміз дұрыс. Ал бүгінгідей көп адам жиналған орта айналамызға зиянын тигізетін коронавирустық індет кезінде оны мүлдем тоқтата тұрғанымыз артықтық етпейді.

Айна МАҒАУИЯ
Жамбыл ауданы
Сурет ғаламтордан алынды