ТƏНІН САТЫП, БАЛАСЫН ҚОҚЫСҚА ЛАҚТЫРҒАН: "ҰЯТ ДЕГЕН СӨЗДІ ҰМЫТА БАСТАДЫ"

Уақыты: 16.07.2020
Оқылды: 1392
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазақ қызы дегенде көз алдымызға үкілі тақиялы, қос етек көйлекті, қос өрімді, сыңғырлаған шолпысы, жүзінде ұяңдығы бар, басқан ізі білінбейтін, инабатты, ибалы жан елестейтіні сөзсіз. Ата-бабамыз қызды еркелете білген, бірақ тым еркінсітпеген. Соның арқасында «қызды қырық үйден тыйып» өсірген ұлтымыз ешқашан ұятты болған емес. 

Қазіргі қыздардан дəл осы бейнені бүтіндей көре аламыз ба? Заман өзгерді ме, əлде адам өзгерді ме, ашық-шашық киініп, тəнін сатып, баласын қоқысқа лақтырып, денесіне сурет салып, түтіндетіп шылым шегіп, шарапқа тойып алып жүрген бүгінгі нәзік жандарды көргенде, жоғарыда суреттелген «қазақ қызы қайда?» деген өкініш жаныңды тырнайды. 
«Бір құмалақ  бір қарын майды шірітеді» демекші, ұлтқа ұят келтіріп жүргендер қазір біреу емес, бірнешеу. Бастапқыда Байзақова, кейіннен Шырын деп жүргенімізде, сондай қыздардың қатары көбейіп бара жатқанына ешқандай тосқауыл қоя алмай отырғанымыз ащы да болса шындық. Қоғамның ықпалынан ба, ата-ананың тəрбиесінің осалдығынан ба, əлде баланы тым бетімен жібергендігімізден бе, қыздарымыз ұят деген сөзді ұмыта бастады. 
Қазіргі қыз – ертеңгі ана. Ұрпақ болашағы қыздардың бүгінгі тəрбиесімен тікелей байланысты. Сол себепті «қызды қырық үйден тыйып» ұстамасақ та, дұрыс тəрбие беріп, қазақ қызының нағыз келбетін сақтап қалуға үлес қосқанымыз абзал болар еді.

Əмина Ертай,
«Тұран» университетінің студенті
Сурет ғаламтордан алынды