Сағыныш күйі шертілді

Уақыты: 13.03.2017
Оқылды: 3480
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өңірімізде ғұмыр кешіп, бүгінде өмірден озған өнер қайраткерлері, ақындар мен журналистер еске алынды. Дәстүрлі ұйымдастырылып келе жатқан «Тағзым – 3» атты әдеби кеште Жетісу өңірінде туып-өсіп, шығармашылығымен талай шыңдарды бағындырған қаламгерлер туралы сыр шертілді. Олар Елжас Бейсенбеков, Тоқбай Исабеков, Сатыбалды Қазтаев, Тәкен Әліпбаев, Әбдікәрім Кішібаев, Айтуған Шәйімов, Тілек Әбжәлиев сынды адамдығы мен адалдығы ұштасқан, шығармашылықтары шыңнан көрінген майталмандар. 

Өнердің өркендеуіне жол ашып, мәртебесінің өсуіне негіз салып берген жандар үшін құрмет қашанда алдыңғы орында. Қазақ өнері мен мәдениетінің дамуына елеулі үлестерін қосқан жандар Мәңгілік ел жадында.  Қайсыбірінің жазбасын алып оқысаңыз да, әртістік шеберлігін көрсеңіз де көңіліңіз көкке көтеріліп, толғаныс, қуаныш сезіміне бөленесің. Сонысымен де олардың туындылары өміршең. 
Аға буын мен жас ұрпақтың басын қосқан шараның мақсаты – ел үшін еңбек етіп, өнердің өрінен көрінген зиялыларға тағзым етіп, құрмет көрсету. Шараға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, департамент, басқарма басшылары, білім саласының қызметкерлері, журналистер, еске алынып отырған өнер қайраткерлерінің достары, туыстары, ақындар қатысты. 
Кешті туа біткен дарындар туралы толғаныспен бастаған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Ахмет Кендірбекұлы өз сөзінде: 
– Бүгін ақындардың рухы бір аунап түсті. «Тағзым» деген тақырыбының өзі көп жайтты аңғартады. Арда азаматтардың рухтарына тағзым етіп, шығармашылықтарын асқақтатып, олардың есімін ардақтау – тірілердің парызы. Өмірден өткен арыстарымыз бен асылдарымыз келместің кемесімен жүзіп барады. Ал артында қалған біздер оларды құрметтеп, дәріптеп, Құран бағыштап қала береміз. Бұл өмір заңдылығы.  «Өткен күн – тарих, келер күн – сыр, ал бүгінгі күн – сый» деген екен  ғұламалар. Бұл жиын ақтаңгер ақынға, кемеңгер күйшіге, әйгілі драматургке, сахна майталмандарына арналады. Олар халықтың мұңын мұңдап, жырын жырлап, Отанға деген сүйіспеншіліктерін өнерлерімен жеткізген. «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» демекші, олардың жарқын бейнелерінің ұрпақтар жүрегінде мәңгі сақталатыны анық. Ақын Нұрлан Мәукенұлы 
Өлінің қамын тірі жер, 
Тірілер бірін-бірі жер! 
Өтеміз біз де күні ертең,
Сен аман болшы, сірі жер!
Тірлікте қашқан қадірім,
Өлген соң барып білінер, – демекші, өз асылдарымызды өзіміз іздемесек  өзге кім іздемек? Осындайда құлагер ақын Ілияс Жансүгіровтің «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деген кәделі сөзі еске түседі, – деп Алаштың арда азаматтары жайында тебірене айтып өтті.       
Шара барысында «Жетісу» телеарнасының тіл мен өнер қайраткерлеріне арнайы түсірген бейнебаяндары көрермен назарына ұсынылып, олардың өмірдегі орындары өрнектелді. Қаламгерлер Тұрлыхан Кәрім, Исламғали Үркімбайұлы, Әли Ысқабай, Нүсіпбай Әбдірахым, Жұматай Оспанұлы, А. Ысқақов, А. Оспановтың арнау өлеңдері оқылып, қайраткерлердің қоғамда қандай азамат болғандары айтылды. Алғаш рет «Жалын» журналының бәйгесін жеңіп алған Елжас Бейсенбек қабырғалы қаламгер болатын, соңына үлкен-үлкен прозалық шығармалар қалдырды.  
Серкесі едім даланың,
Еркесі едім ананың. 
Кейінгі кезде, білмеймін, 
Төмендеп кетіп барамын.  
Осы жолдардың авторы Тоқбай Исабеков жайлы бейнебаян еске алушылардың жанарына жас үйірді. 
 – Шын таланттар менмұндалап тұрмайды. Тым қарапайым болады. Тәкен Әліпбаев сондай адам еді. Қоңыр тірлік кешкен, жалт-жұлттығы жоқ жан болатын, – деп  атап өткен Ахмет Кендірбекұлы ұлылықтың қарапайымдылықтан болатынын жеткізді. Әбдікәрім Кішібаев, Айтуған Шәйімов, Тілек Әбжәлиев жайлы естеліктер де елдің жүрегіне жетіп, көңілдерін толқытты.
Еске алынған азаматтардың ұрпақтары атынан Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушысы, Ыбырай Алтынсарин атындағы медальдің иегері А. Исабекова сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Кешке арқау болған азаматтардың отбасыларына, ұрпақтарына бейнебаян, портрет және Жетісу қаламгерлерінің тың туындылары естелік-сыйлық ретінде ұсынылды. 
Мәңгілік дүние адам өміріндегі игілікті істер мен соңында қалған мұрасы болмақ. Міне, сол қазынаны келешек ұрпағына жинаған азаматтардың рухына тағзым жасалды, тілек, дұға айтылды. Өнерді бойтұмарындай бағалайтын болашақ ұрпақ оларға деген сағыныш күйін мәңгілік шертетін болады.   Жетісудай жеріміз барда, ерін құрметтеген еліміз барда, өсіп келе жатқан ұрпағымыз барда олар мәңгі ұмытылмайды. «Ел барда ер туғызбай қоймайды», арадан кеткен азаматтардың орнын Жаратушымыз талантты да қайырымды ұл-қыздармен толтыра көрсін» деген тілекпен шара шымылдығы жабылды. 

Құралбек СӘБИТОВ