"МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІГЕ ЛАЙЫҚСЫЗ": БАС САНИТАРҒА ҚАТЫСТЫ ТЕКСЕРІС БАСТАЛДЫ

Уақыты: 13.08.2020
Оқылды: 660
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы облысының бас санитарлық дәрігеріне қатысты қызметтік тексеру жүргізіледі. Айта кетейік, Ерғали Сыдыманов кеше ғана Алматы облысының бас санитары лауазымына тағайындалған еді.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов "Facebook" парақшасында орыс тілінде жазды.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын әлеуметтік желіде шенеуніктің Талдықорған кәсіпкерлерімен кездесуінің бейнематериалы таратылған болатын. Қала тұрғындары жүздесу барысында бас санитарлық дәрігердің дөрекілік танытқандығына шағымданған еді.

- ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой интернетте және БАҚ-та жарияланған бейнематериалды зерттеді. Ол азаматтардың ренішіне түсіністікпен қарап, мұндай әрекет мемлекеттік қызметшіге лайықсыз деп есептейді. Осы орайда Денсаулық сақтау министрі Алматы облысының бас санитарлық дәрігеріне қатысты қызметтік тексеруді бастауды тапсырды, - делінген хабарламада.

Бағдат Қожахметов тексерудің жалғасып жатқандығын және оның қорытындысы туралы қосымша хабарлайтындығын атап өтті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан