"ӨЗІМІЗ КІНӘЛІМІЗ": БАЛҚАШ АУДАНЫНДАҒЫ БИЛБОРДТАР ЖЫРТЫЛЫП ҚАЛҒАН

Уақыты: 04.09.2020
Оқылды: 2761
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Күннен-күнге көркейе түскен Бақанас ауылына іштей сүйсіне қараймын. Өйткені, талай ауылдарға барып, көріп жүрміз. Біздің Бақанас көбісінен анағұрлым таза әрі көрікті.

Оның үстіне, соңғы жылдары жергілікті басшылар тарапынан салынып жатқан әртүрлі құрылыс нысандары да көпшіліктің көңілінен шығуда. Көпшілік көп жүретін көрнекті жерлерге ілінген билбордтар, оларда салынған суреттер мен жазылған қанатты сөздер бүгінгі күннің көкейтесті мәселелерін паш етіп тұрады.

Ауылымыздың көркеюіне әрбір тұрғын атсалысуда. Ауыл әкімдігіне жұмыссыз ретінде тіркеліп, қоғамға жаны ашымайтын азаматтардың тастаған қоқыстарын, «ащы судың» шыныларын теріп, тазалыққа атсалысқан еңбекқор жандардан бастап ауданның құрылысшылары, мекеме қызметкерлері, бас сәулетшісі ауыл десе, ішкен асын жерге қойып келеді. Олардың мақсаты – ауылды көркейту.

Кейде ілініп тұрған әдемі билбордтардың жыртылып қалғанын көріп, еріксіз қынжыласың. Өйткені, ол адам әрекетінен жыртылған. Бүтін тұрған дүниеге тас лақтырып жүрген өзіміз кінәліміз. Балаларымызға, інілерімізге өзіміз өмір сүріп жатқан бақ мекенімізді аялау, адамның еңбегін бағалай білу туралы түсіндіруде, бала тәрбиесінде әлі де болса кемшіліктер жіберіп отырмыз деп түсінуіміз керек.

Баланың жаманы болмайды. Әрқайсысы бір үйдің үміт жібін жалғап отырған алтыннан да қымбат қазынасы. Олардың түп-түзу болып өсуіне кішкентай кезінен баса мән беріп, адамгершіліктің асыл дәнін бойларына біртіндеп сіңіре беруіміз керек. Бабаларымыздың бізге қалдырған «Тәрбие – тал бесіктен» деген өсиетін ешқашанда ұмытпауымыз керек.

Мақсат  НҰРМАН

Балқаш ауданы

Сурет - ғаламтордан

Алматы облысы