"ҚЫЗЫҢДЫ БӨТЕН ҮЙГЕ ҚОНДЫРМА!" ТӘРБИЕЛІК МӘНІ ТЕРЕҢ СӨЗ

Уақыты: 26.09.2020
Оқылды: 6929
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қыз бала тәрбиесіне қатты көңіл бөлген текті халқымыз «Ұлыңды бөтен үйден тойдырма, қызыңды бөтен үйге қондырма» деп текке айтпаған. Алайда бұл сөздің де қадірі мен қасиетінің кетіп бара жатқаны алаңдатады. Қазақтың қаракөз қыздарының ардан аттап, ұятты ұмыт қалдыруына ешқашанда жол бермеуіміз керек. Оған бәріміздің жауапты екенімізді естен шығармайық.

Мына бір оқиға қолға қалам алып, замандастарым мен соңымнан ерген сіңлілеріме аз да болса кеңес айтуыма себеп болды. Бірде басшы ханымға қасындағы қызметкер ер кісі: «Күн жылынды. Қалың киімді шешіп, жұқа киімді киетін уақыт келді. Осы тұста белдемшелері тізесіне жетпей жүрген бірнеше нәзік жанды қызметкерге сын-ескертпе жасасаңыз. Қалай дегенмен де қызметте ер адамдардың саны көп. Ал қазақ қыздарына олай киіну тіпті ұят нәрсе емес пе? Осы жайтты сіңлілеріңізге бір ауыз айтсаңыз дұрыс болар еді», – деп өтініш жасайды. Басшы ханым: «Еркектер өзінің нəпсісіне ие болсын. Жазда мұнан да ашық киінеміз», – деп қызметкеріне қатқыл үнмен жауап береді.

Басшысынан мұндай жауап естимін деп ойламаған азамат ұяттан жерге кіріп кете жаздаған екен. Енді қараңызшы, осындай сөз айтып отырған адам кейінгі ұрпаққа қандай тəрбие береді деп ойлайсыз? Мұны арсыздық пен ұятсыздық жаққа қарай жасалған алғашқы баспалдақ деуге болады. Бұл – ащы да болса шындық.

Ешқандай ата-ана қыздарының теріс жолға түсіп, жат дүниемен айналысқанын қаламайды. Бірақ тәрбиенің талбесіктен басталатынын да ұмытпағанымыз жөн. Кешегі дана әжелеріміз күндіз тұрмақ қараңғы түннің өзінде де «періште қашады» деп бастарынан орамалын тастамаған екен. Бүгінгі әжелеріміздің қасы-көзін сызып, ерінді қызартып бояп, қолаң шаштарын қиып, кәдімгі «қуыршақ әжелерге» айналғанын өкінішпен айтуға тура келеді.

Әрине, барлық әже сондай болып кетті деуден аулақпыз. Алайда отбасы, ошақ қасында отырып, немерелеріне ақыл-кеңесін айтатын ақ самайлы, кимешекті әжелердің үйде емес, түзде көп жүретіні де өтірік емес. Осының өзі тәрбие деген құндылықтың құнсызданып бара жатқанын көрсетеді.

Бүгінгі қоғамда жас отбасылардың араға жыл салмай ажырасуы, жалғызбасты аналар санының артуы, қыз балалардың ақ некелі жарынсыз балалы болуы, қысқасы, бүгінгі күннің олқылықтарының барлығы отбасындағы тәрбиенің таяздығынан орын алуда деп нық сеніммен айтуға болады. Қазір көптеген ата-ананың тәрбиемен айналысатын уақыты жоқ. Тәлімді ата-анадан емес, телефоннан алып жүрген баланың болашағын ойлаудың өзі қорқынышты. «Баланың киімі бүтін, тамағы тоқ болса болды. Санасы бар бала тәрбиені ортадан-ақ алады» деп ақылгөйситіндердің саны артып кеткелі қашан?

Текті халықтың ұрпағы ұлтын сақтаймын десе қызын тәрбиелеуі керек. Қазақ қызы деген атқа лайық болу үшін ар-ұятыңды сақтап, етегіңді қымтап ұстап, желге де, бөтен көзге де аштырмашы, сіңлім.

Ақбота САҒЫНДЫҚОВА,

І.Жансүгіров атындағы №37 мектептің бастауыш сынып мұғалімі

Талғар ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан