"БІЗ ҮНСІЗ ҚАЛМАЙМЫЗ!" ҰЙҒЫР АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ НАРАЗЫЛЫҚ БІЛДІРДІ

Уақыты: 15.09.2020
Оқылды: 2695
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазақстанның барлық ауылдарын интернетпен қамту үдерісі қолға алынғаны баршаға мәлім. 2022 жылдың соңына қарай кең жолақты интернетпен 5 мыңға жуық елді мекен қамтылады деп күтілуде. Алайда кейбір ауылдар интернет тұрмақ, ұялы байланыс желісіне зәру. Оның айқын дәлелі – күні кеше ғана журналистерден ақпараттық көмек сұрап, әлеуметтік желіге жарияланған Ұйғыр ауданы, Кепебұлақ ауылы тұрғындарының арыз-шағымы.

«Біз енді үнсіз қалмаймыз» хештэгімен салынған бейнежазбада байланыс іздеген жандардың аяғынан сабылғаны бейнеленген. Күннің қақаған суығына, аптап ыстығына, жауын-шашын, қар-боранына қараймай үлкенді-кішілі ауыл тұрғындары жақындарымен хабарласу үшін амалсыз желі ұстайтын бір нүктеге баруға мәжбүр. Байланыс ұстамай жатса, көрші ауылдарға дейін табан тоздырады. Үйі сол маңдағы ақсақал Болатбай Кулбеков тұрғындарға жанаршырлық танытып, сырқаттанып қалуларынан қауіптенеді.

– Ауа райын қараңыздаршы, боран соғып тұр. Мына адамдарға суық өтіп, ауруға душар болатын болса, кім жауап береді? Күндіз-түні далаға шықсам, ауылдың үлкені бар, кішісі бар осы жерге келіп сөйлеседі. Оның үстіне үлкен тас жолдың бойына жиналған жас балалар бір жағдайға ұшыраса, сұрауы кімнен? – деп қынжылысын білдірді. Ал екі бірдей студент баласы бар Әсел Толқынбаева болса: «Байланыс та, инетернет те жоқ болғандықтан, балаларым Шонжы ауылында біреудің үйінде жатып оқиды. Онлайн оқу үшін бізге байланыс, антенна керек. Ұялы байланыс тек осы жерде тартатындықтан, өстіп жүреміз, міне, – деп коронавирус індетіне байланысты онлайн оқуға бұл ауылда мүмкіндік жоғын ашына айтты.

Білімді тек кітаптан алып жүрген оқушы Ерназар Ербол:

– Мен барлық мектеп оқушыларының атынан сөйлеп отырмын. Бізде талай жылдан бері интернет мәселесі көтерілсе де, шешілмей келеді. Біз білімді тек кітаптан ғана аламыз. Тағы да ізденіп, білім алғымыз келеді, – десе, Айзере Талғатқызы атты оқушы: «Шынымен де бұл мәселе өзекті болып тұр. Себебі қазіргі індеттің кесірінен бәрі онлайнға өтіп жатыр. Біз де онлайн курстарға қатысқымыз келеді. Бірақ та осы ауылдағы интернеттің жоқтығынан курстарға қатыса алмай отырмыз», – деген уәж айтты. Сабағы онлайн өтетін Айерке Сайран атты студент болса, көрші ауылдан барып, келіп оқиды.

– Студенттер туысқандарының үйіне, қалалы жерлерге кетті. Мен көрші ауылға қатынап оқып жүрмін. Өзіміздің көлікпен барып, қайтамыз. Бірақ барлығында бірдей көлік бола бермейді. Кіші Дихан ауылында «Beeline» байланысы ұстайды. Кетпен ауылында «Altel», «Tele2» бар. Біздің ауылдың тұрғындары солардың толқындарын ауыл аяғына барып қана ұстай алады. Осы мәселені шешіп берсе, нұр үстіне нұр болар еді, – деген Айерке Сайран арыз-шағымдарын «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарына Бауыржан Байбекке жолдағанын айтты.

Он жылға жуық уақыт бойы көтеріліп келе жатқан мәселеге ауыл, аудан әкімдіктері: «Шешіп береміз, бұл мемлекеттік бағдарлама, арнайы жоспар арқылы жүзеге асады», - деген жауап берген.

Аталмыш бейнежазба жарияланғаннан кейін Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары Кәдіржан Бағбаев ауыл тұрғындарымен, мектеп ұжымымен кездесу өткізіп, мән-жайды анықтап, түсіндірме жұмыстарын жүргізгенін мәлімдеді.

– Балалардың заман талабына сай интернет арқылы қосымша білім, оқуға қажетті қосымша мәліметтер алуына және студентердің қашықтықтан оқуына ауылда сапалы интернет желісі жүргізілсе деген талаптарын білдіруде. Ауылында халық санының аз болуына байланысты телефон станциясын орнатуға мүмкіндік жоқ әзірге. Қазіргі кезде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында халық саны 250-ден астам адамы бар ауылды елді мекендерді (АЕМ) кең жолақты мобильді интернетпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деген Кәдіржан Исаханұлы ауылда интернет желісі тек мектепте тартылғанын, бірақ жылдамдығы (512 kb/c) өте төмен екенін айтты.

Айта кетейік, тұрғындары талап қойған Кепебұлақ ауылы аудан орталығынан (Шонжыдан) 100 шақырым жерде, таулы аймақта орналасқан. Ауылда 511 адам тұрады. Олардың ішінде 67 үйге сымсыз (СДМА-450) телефон желісі тартылған. Ауылдағы Н.Исахметов атындағы орта мектеп карантин жағдайына байланысты 2020-2021 оқу жылын қашықтықтан оқытудан бастады. Мектепте мұғалімдер саны – 28, жалпы оқушы саны – 90, сынып саны – 11. Ауылда 14 студент қашықтықтан оқуда.

Оқу жылы басталмас бұрын оқушыларды штаттық режимде оқыту бойынша ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Алайда ата-аналардың 85 пайызы балаларын мектепте оқытуға келісімін бермеді.

Оқу жылының басынан, яғни, 1 қыркүйектен ата-аналар өтініші бойынша 1-сыныптар үшін кезекшілік ұйымдастырылды, ондағы оқушы саны – 11, кезекші сынып саны – 1. Ал қалған сыныптардағы 79 оқушы қашықтықтан оқытылады. Интернет желісінің болмауынан оқушылар теледидармен оқытылып, мұғалімдер кері байланысты еріктілер көмегімен алады.

Бүгінде ата-аналармен, ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізілген. Ата-аналар бала денсаулығы үшін қашықтықтан оқуға еш қарсылық танытпаған. Тек тұрғындарда ғаламтор желісі ретке келтірілсе деген бір ғана талап бар.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Ұйғыр ауданы

Алматы облысы