ҰЙҒЫР АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ ПАРА АЛУ КҮДІГІНЕ ІЛІКТІ

Уақыты: 19.09.2020
Оқылды: 810
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қызметін пайдаланып, пайдаға кенелмек болған Ұйғыр аудандық сотының судьясы пара алды деген айыппен ұсталды.

- Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ұйғыр аудандық сотының судьясына қатысты аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотқа дейінгі тергеуді бастады. Ол жеке тұлғадан сот актісін оның пайдасына шығарғаны үшін аса ірі мөлшерде пара алу күдігіне ілінді, - деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бекайдаров онлайн баспасөз мәслихатында.

Агенттік өкілі сол секілді Қызылорда облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Шиелі аудандық сотының судьясына қатысты ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотқа дейінгі тергеуге тартылғанын мәлім етті. «Ол ресми құжаттарға жалған мәліметтер енгізу арқылы бірнеше азаматтық іс бойынша қасақана әділетсіз үкім шығару күдігіне ілінді. Аталған факті бойынша тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жария етуге жатпайды», - деді ол.

"ҚАЗАҚПАРАТ"