"ЖЕТЕУІН ТУҒАН ӘКЕСІ, БІРЕУІН АТАСЫ": ОБЛЫСТАҒЫ ЖАҒА ҰСТАТАР ҚЫЛМЫСТАР

Уақыты: 12.10.2020
Оқылды: 1720
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

"Кәмелетке толмаған оқушылар арасындағы құқықбұзушылық". Дәл осындай тақырыпта «Jetisu мedia» ақпараттық алаңында баспасөз мәслихаты өтті. Оған Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Сүлейменова, полиция полковнигі, Алматы облысындағы ювеналды полиция бөлімінің бастығы Медет Құнанбаев қатысты.

Полиция есептеріне құқықбұзушылыққа бейім 354 кәмелетке толмаған және 238 қолайсыз отбасылар тіркелген. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 66 жасөспірім орналастырылған.

– Кәмелетке толмағандарға қатысты ағымдағы жылы 139 қылмыс дерегі тіркелді. Ал жыныстық қолсұғушылық бойынша 84 қылмыс дерегі орын алды. Олардың 1 дерегі жасөспірімнің атасымен, 3-еуі ағаларымен, 7 қылмыс туған әкелерімен, 2-еуі өгей әкелерімен, 1-еуі көршісімен және 70-і басқа тұлғалармен жасалған қылмыс. Денсаулық сақтау органдарымен жасөспірімдердің жүкті болуларын анықтауға бағытталған 180 салыстыру актілері жасалды. Нәтижесінде, жасөспірімдердің жүктілігі туралы 273 дерек анықталып, 37 дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мұндай олқылықтардың орын алмауы үшін отбасындағы тәрбиені күшейтуіміз керек. Оған ата-ана да, ұстаз да, қоғам да жауапты екенін ұмытпайық, – деді Медет Мұратжанұлы.

Мектеп оқушылары арасында қылмыс, құқықбұзушылық, зорлық-зомбылық, оқыс  жағдайлардың алдын алу бойынша әр оқу жылының басында жалпы білім беру ұйымдары аудандық, қалалық ішкі істер басқармаларымен бірлескен жоспар құрып, жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізілетіні жайлы Жаңыл Мағданқызы баяндады.

Алайда жүргізілген жұмыстың нәтижесі қуантарлық емес. Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында Алматы облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Ата-аналарға арналған психологиялық кеңес», «Оқушыларды қашықтан оқыту кезеңіндегі қауіпсіздік шаралары», «Балалардың жазғы демалысы кезіндегі ата-аналар жауапкершілігі және міндеттері» және басқа да тақырыпта ата-аналармен онлайн конференция жиі өткізілуде. Алматы қаласындағы «Жанұя отбасын қолдау орталығы», «Адам және қоғам», «Ата-аналар комитеті», «Талдықорған аймақтық әйелдерді қолдау орталығы», «Мүшелтой» балалар және жасөспірімдер клубы» үкіметтік емес ұйымдарымен бірлескен жұмыстар атқарылады. Сонымен қатар, облыстық білім басқармасында «Колл-центр» (8 776 979 60 64) жұмыс істейді. Кез-келген білім саласына қатысты өзекті мәселелер бойынша туындаған сұрақтарға мерзімінде жауап беріліп, көмек көрсетіледі.

Еңлік БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан