ПАРА-ҚОРЛЫҚ

Уақыты: 11.06.2016
Оқылды: 1739
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

«Қор болған басым-ай нем бар еді? Осыншама рухани азып, тойымсыздықтан жан дүнием тозып кететінін қалай ғана байқамағанмын? «Тек жүрсең, тоқ жүресің», деген елдің-ақ ұрпағы едім ғой. Қу дүниенің көзіме құрт болып түсіп, жанарымды шел басқанын енді білгенімнен не қайыр?! Алланың берген адал ырыздығын арам жолмен табуды кәсіпке айналдыратындай не күн туды басыма?! Маған дейін атағы Алатаудай асқақ тұрған ата-бабамның сүйегіне таңба түсіргенім бе сонда? Өрімдей өсіп келе жатқан ұл-қыздарымды парақордың баласы дегізгенім-ай. Әй, ақымақ басым-ай!»

Темір тордың аржағына тоғытылған ПАРАҚОРДЫҢ жанайқайы десем сене де қоймйсыз-ау. Шындығына келсем, бұл менің арманымнан туындаған ойлар...

Дәл осындай өкініш өзе­гіңізді өртейтінін білгенде пара алмайтын едіңіз ғой. Менің ішкі түйсігім алдаса, сіз тордың ар жағында бұлай уайымдап жат­қан жоқсыз-ау. Сіз қалай да ақта­лып шығу­дың сан түрлі айласын қарас­тырып, түлкі бұлаңға салып жатырсыз. Әлгі молынан ал­ған параңызды енді іске жара­татын кез келді. Білім­ді, тәжі­рибелі, беделді адвокат жалдап, жан­ұшыра шапқылап жүр жақындарыңыз. Бәлкім, олар сіздің парақор екеніңізді тіпті, білмейтін де шығар. Сіз өйткені, кімнен қай жерде қан­ша алғаны­ңыз­дың есебін ешқа­шан айтқан да, білдір­ген де емессіз. Олар сіздің үй мен жұмыстың арасында таңның атысы, кештің батысы табаны­ңыздан тозып, шапқылап жүрге­ніңізді ғана көрген. Пара алып, арам ойыңыз іске асқан күні көңіліңіз де, қалтаңыз да тоқ босағаңыздан аттағанда күллі қазақтың болашағы үшін қа­быр­ғаңыз қайыса жұмыс істеп келгендей табалдырықтан еріне өтіп, беделіңізге сай қолыңызға ұстап жүрген, сіздің барлық «опера­цияңыздың» жансыз куә­сі болған шағын сөмкеңізді жатын бөлмеңіздегі жайлы ор­ны­на қойып, жұмсақ дива­ны­ңыз­ға жантая кетіп, сан мәрте арманға берілгенсіз. Осы сәтте қылмыс жасап келгеніңізден хабары жоқ асыл жары­ңыз да балаларыңызды тыныш­тан­дырып, алаңсыз тынығып алуы­ңыздың қамына кірісіп кететін. Өйткені зайы­быңыз сіз парақор болмай тұрғанда, жастықтың жалындаған албырт ша­ғын­да жолығып, асқақ арманға толы үмітпен сіздің қолыңыздан ұста­ған еді. Алғаш пәтерден-пәтерге көшіп-қонып жүргендегі қиын­дықтың бәрін бірге көтерсікен. Сондай табан ет маңдай термен жеткен қызметіңізде «қылмыс» жасап жүргеніңізді білмейді ол бейбақ. Сондықтан сіз дегенде әлі күнге құрақ ұшып, алды­ңыздан қарсы алып, жайы­лып жастық, иіліп төсек болып жүр.

Есіңізде ме, парақор пенде? Дәл осы ұсталарыңыздың ал­дын­дағы ке­зек­ті «қылмы­сыңыз­ды» жасап келіп, теледидардан апталық жаңалықты көріп отыр­ғанда бір дөкейдің пара алу үстінде тұтқындалғанын көр­генде сізге де тықыр таянып қалғандай өзіңізді аз-кем уақыт жайсыз сезіндіңіз. Тіпті, дәл сол сәтте-ақ үйіңізге баса-көктеп келіп, бас салатындай абыржып қалдыңыз. Бұл бетіңіздегі мас­ка­­ңыздың астында ұзақ жыл­дан бері бастырылып қалған ұятыңыз бен көзіңізді шелге толтырған тойым­сыздықтан қапас кеудеңізге жарық түсіруге шамасы келмей, өшу­дің сәл-ақ алдында тұрған жүрегі­ңіздегі әлсіз ғана има­ныңыздың жылт ете қалған сәті еді. Ұятыңыз­дың оянып, има­ныңыздың тұтана бастағанын бірден сезген нәпсіңіз ашуға мініп, бойыңыздағы мен­мендік пен тә­кап­парлыққа қам­шыны басты-ай келіп. Осы кезде бетіңіздегі ұят өзінің үйрен­шікті ұясына ты­ғылып, әлсіз иман кө­мес­кіленіп, әлгі көк сандықтың ішін­дегі тір­лікке паңдана қарап тұрып: «Ақы­мақ! Алудың жолын білмейсің бе, тып-тыныш жүр­мейсің бе?», – деп ұйқастыра сөйлегеніңізге мәз болып, мырс етіп, өзіңізге-өзіңіз сүйсініп жатып қалғып кеткенсіз.

«Көп жортқан түлкі терісін алды­ра­тынын» сіз пақыр бір жола ұмыт­қансыз. Парадан алған ақша­ны аяйсыз ба, туыстардың орта­сындағы жақ­сылыққа барғанда оңды-солды ша­шып, кішкентай баланың насыбайын атып, оны да қызық көріп, қымсынбай ұсынып, табан ет, маңдай теріңізбен тап­қандай сезініп, нәтижесінде аға­йын­ның арасында атым­тай жо­март атанып, «жақсы адам» болып қалыптасып қалғансыз. Сол үшін ғой сол ағайын байғұс кінәні басқа­дан іздеп: «көреалмау­шы­лардың қасақана ісі, әйтпесе, біздің «бәленбай» бөтеннің ала жібін аттамаған адал азамат еді», – деп аяушы­лық білдіріп, сізге шаң жұқтырмай жат­қаны. Қайдан біл­сін сіздің үкімет бөліп берген айлығыңыз айдарыңыздан жел естіруге шамасы келмейтінін.

Бірақ сіз ақшасын шашып, алшаң басып жүргеннің бәрі пара­қор екен деп ойлап қалмаңыз. Жо-оқ. Құдай берекесін берсе, қара­пайым еңбек адамы да барын ұқсатып, қуаныш иесінің қолына қала­ғанынша ұстатып, жүре ала­ды. Өйткені оның табысы адал еді. Және оның әу бастағы ниеті «Құдай да бергенге береді» деген қазақы қағидаға берік байланған болатын. Сонымен бірге: «Аллаға сенген құстай ұшады, адамға сенген мұрттай ұшады», – деген ұстанымды өмірлік бағдаршамына айналдырып қойған олар. Аузында Алласы болған соң ғой құстай ұшып жүргені. Ал сіз парақор пенде: «құзыретті адам мен бейне бақылаудың қадағалауына түспе­сем болды», – деп Алланың көріп тұрғанын ескермедіңіз. Нәтиже­сінде мұрттай ұшып, түрмеден бір-ақ шықтыңыз. Енді неге ақталуға жан­таласып жатырсыз? «Жаптым жала, жақтым күйенің» құрбаны болып кеттім деп аппақ болуға асыққанша: «Жаздым, жаңыл­дым» деп адам алдында кінәңізді мойындасаңыз, Алла алдында біраз күнә­ңіз жеңілдейтін еді-ау. Бірақ сіз қателес­пейтін пенденің болмайтынын бізден жақсы біле­тін Ұлы жаратушымыздың қате­лес­кеннен кейін оны мойындап, тәубеге келген жанды жақсы көре­тінін де біле бермейсіз-ау. Шари­ғатпен шатағыңыз жоқ болған­дықтан ғой, осылай шатасып жүргеніңіз.

Дегенмен, бұдан да құтылып шығар­сыз. «Аққа құдай жақ» екен. Ақталып шықтым», – деп тағы да аппақ көрінгіңіз келіп, айна­ла­ңызды сендіруге тырысасыз. Егер басыңызға тиген таяқтың өз кінә­ңізден екенін шынайы сезініп шықсаңыз, онда сіз мүлде басқа адам болып ораласыз. Соншалық пара беріп шығып, енді сол пара­ның орнын толтыру үшін қайта­дан арам іспен айналыссаңыз онда құры­дыңыз. Басқа адам боласыз дегенді шамам келгенше түсіндірейін сізге. Темір торға тоғытылғанша тойымсыз нәпсіге еріп, мұрныңызды тесіп жетек­теген шайтанның арбауында жүргеніңізді түсініп, жасаған қылмысыңыздың мына дүниеде жазасы шектеулі болғанымен, Алланың алдына барғанда азабы ауыр екенін ұғып, Құдайы­ңызды танып, құлдық ұрып, тәубеңізге келсеңіз – шынымен де сіз басқа адам болғаныңыз. Ол үшін ең алдымен сізге пара алудың ең ауыр күнәлардың қатарын­да екенін біліп алған дұрыс. Сөзіме дәлел сұрасаңыз, тыңдаңыз. Құдіреті күшті Құдай тағала, он сегіз мың ғаламның, күллі жара­тылыстың иесі ұлы Раббымыз адамзатқа жіберген қасиетті кітабы Құран кәрімнің «Бақара» сүресінің 188-аятында: «Арала­рыңдағы мал-дүниелеріңді арам жолмен жемеңдер! Яғни, бір-біріңнің ақыларыңды жемеңдер. Және күнә істеге­ніңді біле тұ­рып, адамдардың малынан бір тұтамын арам жолмен жеу үшін ма­лыңды пара қылып, әкім­дерге апар­маңдар», – деп анық айтылған. Осы орайда бұл аяттың сізге ғана емес, пара беру­шіге де тікелей қатысы бар екенін ескерт­кенім дұрыс болар. Сондықтан сізді парақор атандырып, темір тордың арғы жағына бір-ақ то­ғыт­қан пара беруші жанның да құлағына «алтын сырға» іле кетейін. Сіз парақорды қылмыс үстінде ұстап беріп, көзін құрт­тым деп масаттанбаңыз. Жоға­рыдағы Алланың әмірі мен Елші­сінің (с.ғ.с) хадисіне сүйенсек, сіз де құтылған жоқсыз күнәдан. Иә, мен сізді толықтай түсініп отыр­мын. Әбден зәрезап қыл­ған­нан кейін күйіп кеттіңіз де, «мә, саған керек болса» деп ұстаттыңыз да жібердіңіз. Сөйтіп лас қоғамды бір адамнан болса да тазарт­тыңыз. Сіз осылай ойлап отырға­ныңызбен іс жүзінде дұрыс істе­ген жоқсыз. «Ну, погоди» мульт­фильміндегі қоянға қармақ лақ­ты­рып, ілмегіне ілініп қалып, көлге өзін атып ұрған қасқыр­дың кебін киіп отырсыз. Неге дейсіз ғой? Себебі, адамзаттың асылы, пай­ғам­барлардың мөрі әрі пади­шасы болған Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) өзінің мүбәрак хадисінде: «Алла тағала пара беруші мен алушыны да лағнет­теді», – деп қатаң тыйым салған. Пара­ның соншалықты күнә екенін терең түсінген аталарымыз: «Пара бергенше – бара бер», – деп өсиет қалдырған. Бүгінгі қоғамның сіздей кейіпкерлері: «Бара бер­генше – пара бер», – деп тонын айналдырып алған. Түйсігіңіз болса, түйіп қойыңыз қым­бат­ты пара беру­шім, адам алдында қылмыскерді ұстап абыройлы болға­ныңызбен, Алла алды­на барғанда өзіңіз құрған ауға өзіңіз түскеніңізді бір-ақ білесіз.

Қорыта келгенде, қай-қайсы­мыз болмасын, өмірге адам бо­лып келдік пе, адал өмір сүру үшін Абай атам айтқандай: «Құ­дайдан қорқып, пендеден ұялай­ық»! Жарай ма?!

Жұматай ӘМІРЕЕВ