Оздық па, аздық па?

Уақыты: 10.04.2017
Оқылды: 1828
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Баяғыда бір апам айтқан екен «қай бетімді шымшиын?» деп. Теледидар арқылы масаттанып отырған жігіт ағасын көріп, біртүрлі ойға қалдым. Онсыз да теледидарды жаулап алған әншілердің мына пікірі кімді болса да бейжай қалдырмас. Атын айтып, түсін түстемей-ақ қояйын, ел алдына шығып, әнімен тыңдарманын қуантып жүрген әнші жігіт бір әңгіменің тиегін ағытты-ау келіп.

– Менің жарым дүниеге кішкентай сәби әкелді. Қуанышымызда шек жоқ. «Балалы үй – базар» деген осы. Сол кішкентай шақалақ дүние есігін ашқанын өз көзіммен көрдім. Перзентханаға бірге барып, дәрігерлермен бірге әйелімді босандырып алдық. Медицина тілімен айтқанда «партнер» болдым. Расында қиын екен, жарыммен бірге толғатып, өзім босанғандай күй кештім, – деп барша жұртқа жар салып мақтанып отыр. 
«Естімеген елде көп» деген, бұл не сонда? Мақтаныш па, ер адамның айтатын әңгімесінің түрі. Құдай-ау, зайыбының босанғанына қатысқаны несі? Қайдан шыққан заң? Мұндай сұмдықты бірінші естуім. Атам қазақ толғағына қатысқаны былай тұрсын, некелескен ерінің алдында  жалаңаштанбаушы еді. Ал мынаныкі не жосық. Бұл қазаққа жат емес пе? Батыстың қаңсығы бізге таңсық болды-ау. Еркектің баратын жері ме? Иә, бұған дейін естігем, медицинаға жаңа өзгерістер енгізді, жүкті әйел босанар кезінде дәрігерлермен бірге жақындарының бірі қатысуға болады деген. Бірақ, онда міндетті түрде күйеуі қатысу керек деп жазылмаған шығар. Ағамыздың үйінде әйел адам табылмай қалды ма, жоқ ақыл айтар ақсақал қалмаған ба? Әй қайдам, жөн білетін адамның болмағаны анық. Егер болса, мынандай масқараға бармас еді. Дәл осы жерде ұлттық құндылығымыз бен ата салтымыз, әдеп-ғұрпымыздан мақұрым екеніміз байқалады. Батысқа еліктейміз деп жүріп, қазақы қалпымыздан ажырап қалмасақ жарар. Мақаламның тұздығы болсын, әріптес әпкемнің есінде қалған бір оқиғаны айта кетейін.
Аудан орталығындағы перзентханаға жете алмай үйінде толғатқан Анар қатты қиналады. Бұрын мұндайды көрмеген Ермек есі шығып, көршіге жүгіреді. Жаулығын сүйретіп, үкідей ұшқан көрші апа да келді. Әбден сасқан Ермек те апаның соңынан ілесе табалдырықтан аттағаны сол еді, «тәйт балам, ер адамға кіруге болмайды», – деп есіктен шығарып жіберді. Міне, тәрбие, көрегендік. Ескінің қалдығы емес, естінің озығы. Ал, мына азаматтың айтып отырғаны көңілге қонымды емес, құлаққа жағымсыз естіледі.
Ең бірінші мына мәселеге көңіл аударайықшы?
Мәселен, өз мамандығының иесі, ақ халатты жандарға деген сенімсіздікті жоғалтып алмаймыз ба? Олар ант беріп, осы қызметке кірісті емес пе? Ананы босандыру кезінде бар күш-жігері мен білім-біліктілігін салып, ана мен баланың қауіпсіздігіне жауапты болатыны анық. Сөйте тұра қосымша біреуді үстінен неге қаратамыз. Ол қатысқан күннің өзінде не бітіреді. Айналып келгенде дәрігердің беделіне нұқсан келе ме деген ой туындайды. Жә, ол бөлек тақырып. Осы жөнінде перзентханаға хабарласқан едік. Мамандардың айтуы бойынша 2009 жылдан бері бұл үрдіс қолданысқа енген дейді. Оның өзінде барлығына бірдей емес, мәселен карантин кездерінде мұндай мәселеге шектеу қойылады. Одан кейін ананың денсаулығында қандай да бір ақаулар, я болмаса неше жыл зарыға күткен балалары болған кезде отбасынан бір адамның қатысуына рұқсат беріледі. Онда міндетті түрде отағасы болу керек деп айтылмайды. Жақындарының бірі қатысса болғаны және ол босанып жатқан әйелге рухани қолдау көрсетеді. Ал ер-азаматтардың қатысып жатқаны отбасындағы мәселе. Көбіне жастар мақтаныш үшін, кішкентайым дүниеге келгенде өзім қасында болдым деп айтып жүру үшін шығар. Оны ерлі-зайыптылар кеңесіп шешеді екен.
Расында да, отбасындағы жақын туысы, әпке, сіңлі, жеңге, абысын дегенге келісемін. Олар қандай да бір ақыл-кеңесін айтып қолдау көрсететін шығар. Ал ер-азамат не көмек істейді және ол ерсі көрінбей ме? Атам қазақ әйелі толғатқан кезде ауылдың үлкен апаларына табыстап, өзі саятшылық құрып кетеді дегенді естігем. Ал жаһандану дәуірінде ер-азаматтың бұлай ұсақталып кетуі заманның озығы деп айта алмаймын. Теледидардан шетелдік киноларда көріп жатамыз, осындай көріністерді. Аса мән бермеуші едік. Айтпақшы мән бермеуші едік деп отырмын мына бір болған оқиғаны айта кетейін осы жерде. Бірде француздың киносы болу керек шатаспасам, «Тахи» деген. Міне, осы туындыда дәл осындай эпизодтың көрсетілетін жері бар. Өзі комедиялық туынды болғасын жапа-тармағай тамашалап отыр едік, әлгі генералдың қызы толғатқаны бар емес пе? Сол кезде қолына видеокамерасын ұстаған досы екеуі әйелінің босануына қатысады. Осыны көріп отырып, апама жақпай қалса керек «о, қара көрінгір, мына екі ант ұрған не істеп жүр», – деп ернін шүртитті. Біз де жалма-жан басқа каналға ауыстырып үлгердік. Осыны байқаған біз де бұл қазаққа жат дүние екенін ұқтық. Заманның озығы деп сырттан енген жаңалықтың біздің менталитетке томпақ келетіні аз емес. Осыны естен шығармайықшы. Ал сол қатысқан ерлеріміздің достарына мақтаныш етіп айтып жүретініне таңым бар. Ол мақтаныш емес, ер-азаматтың ұсақталуы. Әр адам өз міндетін білу керек емес пе? Әйел затына нәрестені дүниеге әкелу жаратушының берген табиғи заңдылығы. Ал сол заңдылыққа барып, ер адамның араласып, оны жалпақ жұртқа жария етудің не қажеті бар. Әлемде дүниеге нәресте әкелген ана жалғыз ол емес қой. Әрине, адамнан адам шығу оңай емес. «Жүкті әйелдің бір аяғы төрде, бір аяғы көрде», – деп жатады. Жанын шүберекке түйіп, өлім мен өмірдің арасында жатқан әйелінің көрінісін мақтаныш етіп айту тым жағымсыз. Әсіресе, ел алдында жүрген азаматтардың осынша ұсақталып кетуі ұят. Ертеңгі болашақтың күні қандай болатынын кім білсін. Ақыр қатыстым, келіншегімнің ауыртпашылығын бір жағынан көтеріп мен де дүниеге нәресте әкелуді қалаймын деп жүрмесіне кім кепіл. Озық елдің қатарына кіреміз деп жүріп, тозығын жинап алмайықшы.

Түйін: 
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген жақсы тәмсіл бар. Ал бүгінгінің азаматы әке жолын жалғап, оқ жонып жүр ме? Ұлықты істің көркі болған ер жігіт, бөркіңнің қадірін кетірмеші!

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ