ТАЛДЫҚОРҒАНДА БІЛДІРТПЕЙ ҚАЛТАҒА ҚОЛ САЛАТЫН ӘККІ ҰРЫ ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ

Уақыты: 18.10.2020
Оқылды: 1142
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Талдықорғанда полицейлер қалта ұрысын ұстады. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті мәлімдеді.

Талдықорған "Шығыс" қалалық полиция бөлімінің жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде бір ай ауқымында жасалған жеті қалта ұрлығы дерегіне қатысы бар деген күдікке ілінген, бұрын есірткі заттарын пайдалану және сақтау, алаяқтық, ұрлық деректері үшін 19 рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған, сонымен қатар, бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін екі рет сотталған Ескелді ауданы, Қарабұлақ кентінің 42 жастағы тұрғыны ұсталды.

- Соңғы рет ер адам 2009 жылы бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан. Тәртіп сақшылары оны бақылап, ұрланған әмияндар мен ұялы телефондарды саудалайтын орындарды да анықтады. Сонымен қатар, ол ұрлық жасау кезінде бейнекамера объективіне түсіп қалған. Полицейлер күдіктіні бұлтартпас дәлелдермен әшкерелегеннен кейін ұсталған адам өз әрекеттерін мойындады. Кешенді жұмыс нәтижесінде алыпсатарлардан алты ұялы телефон мен ерекше белгілері бар әмиян заңды иелеріне қайтарылды, - дейді Талдықорған қалалық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Асқар Нұрсапа.

Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы, 3-бөлігі, 2-тармағы бойынша айып тағылып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Сот күдіктінің бұрынғы соттылығын ескере отырып, оған күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Ұсталған адамның басқа да осыған ұқсас ашылмаған қылмыстарға қатыстылығын тексеру жалғасуда.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"