"БАСЫ КІШКЕНТАЙ, ДЕНЕСІ ҰЗЫН": ҚОНАЕВ ЕСКЕРТКІШІНІҢ АВТОРЫ ҚАТЕЛІГІН МОЙЫНДАДЫ

Уақыты: 21.10.2020
Оқылды: 1258
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Балқаш ауданындағы Дінмұхамед Қонаевтың жаңа ескерткішіне қатысты сынға пікір білдірді. Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша арнайы жұмыс тобы құрылған.

"Д.Қонаев ескерткішінің кемшіліктерін, Балқаш ауданы Бақанас ауылындағы ескерткіштерді орнату тәртібінің бұзылуын анықтау үшін жұмыс тобы аттанды. Оның құрамына облыстық тарихи мұралар орталығының директоры, басқару бөлімінің басшысы, Жазушылар одағының мүшесі, облыстық галереяның директоры, алматылық тәуелсіз сарапшы мүсінші кірді", - делінген мәдениет басқармасының хабарламасында.

Сынға ұшыраған мүсіннің авторы мен тапсырыс берушінің аты-жөні де белгілі болды. Мүсінші - Бейсенов Алтай Исатайұлы. Тапсырыс берушілер - Д.Қонаев атындағы "Сауап" әлеуметтік-қайырымдылық қоры және Балқаш аймақтық "Д.Қонаевтың 100 жылдығы" қоры. Қаржыландыру демеушілер тарапынан ұйымдастырылған.

Көп ұзамай мүсінші Алтай Бейсенов қазақтың аңыз адамы Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішіне қатысты сынға жауап берді. Ол Қазақстанда жүздеген мүсін жасағанын, осы салада 30 жылдан аса еңбек өтілі бар екенін мәлімдеді. А.Бейсенов Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев және өзге де тұлғалардың мүсінін жасағанын атап өтті. Мүсінші халықты алаңдамауға шақырып, ескерткіштегі кемшілікті жөндейтінін айтты.

- Уақыт тығыз болды. Шеберханада жарық нашар болды. Жұмысты бітіруге 3 ай берілді. Ескерткіштің ұзын болып кеткені байқалды. Адамдардың сыны орынды, басы кішкентай және денесі ұзын болып кеткен. Мұның барлығын өзім де байқадым. Алайда фотода бұрмалау бар. Себебі, сурет өте жақын түсірілген. Мен сабырлымын. Өйткені, ескерткіштегі кемшілікті түзете аламын. Мен әріптестерім, Вагиф Рахмановпен, Ескен Сергебаевпен бірге бұл мәселе бойынша ақылдастым. Олар менің пікіріммен келісті. Бір аптадан соң барлығы дұрыс болады. Халық алаңдамасын, - деді мүсінші Tengrinews тілшісіне берген сұхбатында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"