МҰҚТАЖДАРҒА БЕРІЛГЕН ПӘТЕР "СУТОЧНЫЙҒА" АЙНАЛҒАН: ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ?

Уақыты: 22.10.2020
Оқылды: 1221
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Instagram әлеуметтік желісіндегі kaskelen.kz паблигінде пост жарияланып, онда 2010 жылы салынған тұрғын үй ғимаратындағы пәтерлер жалға беріліп жатқандығы ашық айтылған. Автордың айтуынша, мұқтаж әрі баспанасы жоқ жандарға жеңілдікпен берілген бұл пәтерлерді жалдау үшін тәулігіне 8 мың теңге төлейсіз.

«Бұл «Алтын ауыл» ықшам ауданында орналасқан 19-үй. Мұнда жалпы 64 пәтер бар. Әкімдік берген мәлімет бойынша, көпқабатты үй 2010 жылы салынып, 2011 жылы қолданысқа берілген. Пәтерлер Қарасай аудандық тұрғын үй комиссиясының 2011 жылғы 18 ақпандағы №24 шешімімен мүгедектерге, жетім балаларға, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне, сондай-ақ, зейнеткерлерге таратылған. Аталған азаматтармен жалдау немесе жалға беру туралы келісім-шарт жасалған, яғни, бұл пәтерлер жекеменшікке өтпеген. Әкімдік пен тұрғындар арасындағы жалға беру туралы келісімшартта аталған пәтерлерді жекешелендіруге болады немесе болмайды деген талап көрсетілмеген. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, бұл пәтерлер үйсіз жүрген, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға берілген. Демек, мұнда баспанаға шынайы мұқтаж жандар тұрады. Алайда біз мына жайтты байқадық. krysha.kz сайтында дәл осы 19-үйден бір бөлмелі пәтер тәулігіне 8 мың теңгеге жалға беріледі екен. Сонда баспанаға мұқтажбыз деп пәтер алғандар неге өз пәтерін қайта жалға беруде? Тұрғын үй комиссиясы оларды неге тексермейді? Осы пәтер арқылы біреулер бизнес жасап жүргенде, шынымен баспанаға мұқтаж жандар далада жүрген шығар?! Бұл бір ғана мысал. Осы жайтты тиісті органдар назарға алып, нәтиже шығарады деген үміттеміз», - делінген аталған паблик постында.

Желіде шыққан материал бойынша пәтерді жалға беруші адамға қоңырау шалынып, "суточныйдың" бағасы сұралады. Телефонның ар жағынан пәтердің тәуліктік ақысы 8 мың теңге екені, сонымен бірге, іссапар құжаттарын да рәсімдеуге болатыны айтылады.

Бұл жайтқа uzyn.kz сайты да назар аударып, Қарасай ауданы әкімдігі тарапынан жауап берілгенін жариялады. «Бұл жарияланымға қатысты ауданда жергілікті атқарушы органдар, «Нұр Отан» партиясы және БАҚ өкілдерінен құралған комиссия құрылып, жақын арада «Алтын ауыл» ықшамауданындағы 19-ншы үй бойынша тексеру жүргізілетін болады. Нақты жауап тексеруден кейін беріледі», - делінген әкімдік хабарламасында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан