МЕМЛЕКЕТТІ МАЗАҚ ЕТКЕН ФИЛЬМГЕ ЖЕТІСУЛЫҚТАР ДА НАРАЗЫЛЫҚ БІЛДІРДІ

Уақыты: 24.10.2020
Оқылды: 1878
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

"Нұр Мекен" шаруа қожалығының төрағасы, фермер Мұрат Орманов қазақ халқының абырой-намысын аяққа таптап, Мемлекеттік Туын мазақ етуді көздейтін "Борат-2" фильмінің жарыққа шығуына қарсылық білдіріп, Алматы облысының әкімдігіне келді. Ол Ақсу ауданынан арнайы келгенін, намыс оты үйде тыныш жатқызбағанын айтып, ҚР Президентіне хат жолдау керектігін және ол хатқа бүкіл жетісулықтар үн қосуын өтінді.

Фермер дәл қазірден қимылдап, қарсылық білдірмесек, небір арандатушы топ бұл жағдайды ұтымды пайдаланып кетуі мүмкін екенін, нәтижесіне, халық зардап шегетінін жеткізді. Оның ойынша, ең басты мақсат - сорақылыққа толы фильмге қарсы үн қату және оған жетісулықтар да бей-жай қарамайтындығын білдіру. Атакәсіпті серік еткен, жүрегі Отан деп соққан азаматтың жанайқайына Алматы облысының БАҚ өкілдері де қосылып, әлеуметтік желіден посттар жазып, жоғары жаққа хат жолдау қажеттігін алға тартты.

– Көк Ту – қазақтың ар-ожданы, намысы. Ол қазақ елінің айнасы, мемлекетіміздің беріктігінің негізі. Кезінде батыр бабаларымыз байрағымыз көкте желбіреуі үшін жанын беріп соғысты емес пе?! Сұрапыл соғыста қай елдің Туы құласа, сол елдің намысы тапталып, жеңілетін. Сондықтан, Ту қай мемлекет үшін де аса маңызды дүние! - дейді ашынған фермер.

Жетісу журналистері Мұрат Ормановтың бастамасына қолдау танытып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, ҚР Сыртқы істер министрлігі мен АҚШ Елшілігіне осы мәселеге қатысты қандай да бір қатаң шара керектігін жеткізіп, Алматы облысы тұрғындары атынан хат жолдауды жөн деп тапты. Жиналған жұртшылық қазаққа қара күйе жағылған фильмді түсірушілер шектен шыққандығын сөз етіп, наразылыққа толы пікірлерін ортаға салды. Пікір соңынан Ақсу ауданынан келген фермер өз қолымен ҚР Президенті мен Сыртқы істер министрлігіне хат жазды. Хатқа аймақтағы БАҚ өкілдері де қол қойып, бүкіл облыс тұрғындарын қолдауға шақырды.

- Ешкімнің де Туды қорлауға құқығы жоқ! Қазақты қорлаған трейлерді көргенде үйде үндемей, шыдап отыра алмадым. Бірден Талдықорғанға, әкімдікке келдім. Мен қазақтың патриот азаматы ретінде мемлекетіміздің абыройын қорлаған фильмнің шығуына түбегейлі қарсымын. Көк байрағымызды биікте ұстап, оны мазаққа айналдыруға жол бермеу - әр азаматтың міндеті. Сондықтан, заңды шара қолдануын талап етемін, – деді «Нұр Мекен» шару қожалығының төрағасы.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"