Қалта телефоным шыр етті. Қарасам бөтен нөмір. Маңызды шаруа шығар деген оймен жауап бердім. Тұтқаның ар жағынан: «Айналайын, қызым» – деген жылы дауыс естілді. Ол дауыс жаныма жаққанымен көрші ауылдағы жақын ағамның айтқаны жүрегімді сыздатып, көзіме жас үйіріп, көңіліме көлеңке түсірді.
Осыдан бірнеше жыл бұрын ауылдың жасы мен жасамысына дейін балаша қуанған едік. Өйткені, басқа ауылдардан бұрын біздің мекенде бірінші боп Алланың үйі бой көтерді. Ол кезде мектепте желкілдеген оқушы болсақ та, қазақ көйлекті үстімізге іліп, ел ағаларын құрметпен қарсы алғанымыз күні бүгінге дейін есімде. Кіндік қаны ауылда тамып кейіннен бір-бір саланың білгіріне, халық қалаулысына айналған ағаларым келіп аппақ тілектерін айтып, бата берді. Сонда көбісі: «Мешіт іші жамағатқа толы болсын», – деп еді. Бұл тілек те көп ұзамай қабыл болды. Қасиетті Ораза айында тарауық намазды жамағатпен оқып тіпті, сәресін де сол жерден ішетінбіз. Діни сауатымызды да мешітткен аштық. Алланың қалауымен, ауыл азаматтарының қолдауымен бой көтерген мешіт он жылға толар-толмас уақытта көз алдымда дәл солай құлдырап кетті. Зор азанның дауысы естілмей тұрғанын ары қойғанда жарығы да жанбағанын бір емес, бірнеше рет байқасам да: «Олқылықтың орнын түзейтін ағаларым бар ғой, күн жылына мұның бәрін қолға алар», – деп ойлаған едім. Күлімдеп көктем оның соңынан жайнап жаз да келді. Айлардың сұлтаны Рамазан да басталып кетті. Бірақ баяғы жартас сол күйі әлі тұр. Мен көрген көлеңкелі тұсты байқап, шыдамаған ағам маған: «Қызым-ау, көрші ауылдың тумасы болсам да Алланың үйі бәрімізге ортақ қой. Намаз уақыты болған соң ат басын сол жаққа бұрған едім. Көңілім түсіп қалды. Қаулап өскен арам шөптен мешіттің ауласы әрең көрініп тұр. Есігі де ашылса жабылмайды, жабылса ашылмайды. Әсіресе, жаңбырда төбеден аққан су ішін оңдырмапты. Жаңадан келіп жатқан молдекеңнің бір шетіне шығысқанымыз жөн болар. Осыны қолға алып, ауылдағы ағаларыңа құлағдар еткенің жөн болар еді. Сен де сол ауылдан шығып, елдің сөзін сөйлейтін журналист болып жүрсің ғой», – дегенде намыстан жарылып кете жаздағаным-ай. Өз ауылымның жанашыр бір азаматының осы іске білек сыбана кіріспегені жаныма қатты батты.
Көпшілік үшін салынған мешіттің қазір қалқайып қана тұрғаны көрер көзге, естіген елден ұят қой. Осының әрбір кірпіші қаланғанда басы-қасында жүрген ағаларым бүгін қайда? Ауылға бүйрегі бұратын перзенттер қайда? Әлде олар ауылдың, мешіттің мұндай жай-күйінен мүлдем бейхабар ма? Дегенмен, Талапты талай таланттылардың бұғанасын бекітіп, қанатын қатайтқан киелі мекен еді. Олар да бүгін ел дамуына үлес қосып жатқан жайсаңдар қатарын толықтыруда. Ауылдан түлеп ұшқан ағалардың атын атап, түрін түстемейін. Жүрек сөзіме құлақ асқандар өздері сезер, түсінер. Ойланар. Бірақ «саусақ бірікпей, ине ілікпейтінін» еске алайықшы, ағалар?!
Менің бұл әрекетімді теріс түсінбесеңіздер деймін. Ақиқатында қыз бала жат жұрттық үшін жаралған. Ол бөтен әулеттің түтінін түтетсе де, оның ауылға, туған жерге деген тілеуі пәк, тілегі ақ. Әдетте ауыл жайлы теріс пікір айтылып жатса шамам келгенше қалқан болуға тырысатынмын. Бірақ осы жолы тым дәрменсізбін. Себебі, бұл жерде ауылдастар ауызбірлігі сын көтермей тұрғанын айқын байқауға болады. Жақсылығы болса мақтанып, марқайып, ел-жұртқа «сүйіншілейтін» едім. Әттең... Солай болғанда ғой. Негізінен бұл іс жанашыр жандардың ақылдасуынан аспауы тиіс еді. Нәтиже болмағандықтан қолға қалам алуға тура келді. Мен тек кеше ғана осы ауылдың қара топырағында тайдай тулап, асыр салып ойнаған бүгінде елі сыйлап, құрметтейтін азамат атанған ағаларыма ой салғым келді. Әсіресе, Қасиетті Рамазан айында «Жаршапқан» мешітінің жау шапқандай болғанын қалаған емеспін. Оны Сіздер де қаламайтын шығарсыздар деп ойлаймын. Атам қазақ рахымсыздықтың, имансыздықтың белгілері байқала бастағанда: «Иманы кеткеннің жиғаны кетеді», – деген еді. Мүмкін, біздің мешітке имамның да тұрақтамауы біздің қателігімізден шығар. Ұрпағымызды түзу жолға салар, жөн сілтер имамға жағдай жасамағандықтан да қаншама уақыт мешітте азан айтылмады, жарық жанбады. Сонда біздің бойымыздағы мұсылмандығымыз, жүректегі рухани байлығымыз қайда? Ол қызыл дипломмен, қымбат көлікпен, жоғары лауазыммен, зәулім сарайдай үймен өлшенбейтінін ескерейікші. Ағаларым, кеше ғана Сіздерге еркелеп, баталарыңызды алып, бүгін ақыл айтқандай болмайын. Мұнымды жақсылықты асырып, жамандықты жасырып жүретін қыздарыңыздың назы деп қабылдағайсыздар. Құрығанда Рамазан айында жұдырықтай жұмылып, игі істі қолға алсақ, бәріміз мол сауапқа кенелер едік.
Тегінде сөз қадірін түсінер, сөзге тоқтар елдің ұрпағымыз ғой. Осы тұрғыда сәл де болса ойланып көрейікші. Азансыз ауылымызды аздырмайық. ҚАЙДАСЫЗДАР, АҒАЛАР!
Еңлік САҒЫНДЫҚОВА.
Талапты ауылы.
Көксу ауданы.