Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"КӨЛІКТІ ТАСТАП, ВЕЛОСИПЕДПЕН ЖҮРСЕК ҚОЙ": ЭКОЛОГТАР ДАБЫЛ ҚАҚТЫ

Уақыты: 17.11.2020
Оқылды: 566
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия (ВЕКЦА) аймағында Climate Action Network (CAN EECCA) және Friedrich-Ebert-Stiftung ұйымдастырған Орталық Азиядағы климаттық диалогтың екінші бөлігінде Орталық Азияның экологиялық ұйымдары өңірдің жасыл қалпына келуі мен климаттық іс-қимыл, covid-19-дан кейін қоршаған ортаны қалпына келтіру бойынша мәселелер ұсынылды. Жиында аталған мәселелер ымыраға келу және азаматтық қоғамды шешім қабылдауға тарту бағытында Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан министрліктері мен басқа да мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен талқыланды.

Конференция аясында СО2 шығарындыларын 2030 жылға дейін кем дегенде 20%-ға азайту және әйелдер мен жастарды тарта отырып, ашық және инклюзивті процесті қамтамасыз ету үшін ұлттық климаттық мақсаттарды күшейту, энергия тиімділігі және ЖЭК жөніндегі жобалар мен бағдарламаларды қолдау үшін қолайлы, ашық және түсінікті заңнамалық жағдайларды дамыту, қазба отынды өндіру және пайдалану жөніндегі жобаларды кез келген қолдауды және субсидиялауды тоқтату, халықтың ең аз қорғалған топтарын қолдауға назар аудара отырып, жаңартылатын энергия көздері мен энергия тиімділігі бағдарламасының пайдасына қазба отын секторына салынған барлық мемлекеттік қаржылық активтерді қайта бағыттау сияқты тақырыптар сөз болды. Осыған орай, Орталық Азия елдерінің өкілетті тұлғалары өз елінің ұстанымын білдірді.

Сөз кезегінде Тәжікстан Республикасы СІМ Сыртқы экономикалық ынтымақтастық департаментінің бөлім бастығы Баходур Рахмонов:

– Климаттың өзгеруі тұрғындардың экономикасы мен әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Кейінгі кезде жауын-шашын көбейіп, су тапшылығы сезіліп, су тасқынының қатері байқала бастады. Мен оны проблема дегеннен гөрі дағдарыс, экологиялық қауіп деп атайтын едім. Осыған орай Тәжікстанда мемлекеттік экологиялық бағдарлама және басқа да экологиялық заңдар әзірленуде, - десе, БИОМ экологиялық қозғалысының жетекшісі Анна Кириленко:

– Климаттың өзгеруі жеке адамға, әлеуметтік топтарға да әр түрлі деңгейде әсер етеді. Қырғызстанда бұл қауіптен көбінесе әйелдер, мұғалімдер, дәрігерлер зардап шегетінін көрдік. Сондықтан біз осал топтардың дауысын шешім қабылдау жүйесіне біріктіруіміз керек, – деді.

Ал Германия Үкіметі атынан ВЕКЦА елдеріндегі азаматтық қоғаммен ынтымақтастық жөніндегі үйлестіруші Йоханн Саатхофф:

– 2020 жылдың шілдесінде ЕО басшылары COVID дағдарысын қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдап, "жасыл" технологиялар мен тұрақтылыққа 750 миллиард еуро бөлді. Азаматтық қоғам энергетикалық ауысудың негізгі қозғаушы күші болып табылады. Германияда қолдан жасалған жел диірмендер қолданыла бастады. Міне, осылай жаңартылатын энергия көздері өміріміздің өзекті талабына айнала бастады. Қысқасы, жаңартылатын энергия климаттың өзгеруін тежеумен қатар ел экономикасына қыруар пайда әкеледі. Адамдар қай жерде өмір сүрсек те, бірдей экологиялық қатерге бетпе-бет келеміз. Сондықтан, мәселені бірлесе шешудің жолын қарастырғанымыз жөн, – деген ойын білдірді.

Friedrich-Ebert-Stiftung (FES) орталық және Шығыс Еуропа департаментінің саясат жөніндегі қызметкері Соня Ширмбек:

– Пандемия пайда болған кезде біз кенеттен адамдардың денсаулығын экономикалық өсімнен жоғары қойдық. Әсілінде, біз оны тек COVID-ке байланысты қарамауымыз керек еді. Ешкім COVID немесе климаттың өзгеруімен жалғыз күресе алмайды. Бізге аймақтық және халықаралық ынтымақтастық қажет. Біз БҰҰ КӨНК (БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы Негіздемелік Конвенциясы) жұмысына қатысып, оған көмектесуіміз керек. Сондай-ақ, біз Үкіметтердің адамдарға пайда әкелетін шешімдер қабылдай алатынын, қоғам жаңа жағдайларға бейімделе алатынын білдік. Егер біз қашықтықты сақтап, бетперде киюге дағдыланған сияқты көлікті тастап, велосипедпен жүруге үйренсек қой. Осы арқылы ауадағы көміртегінің құрамын азайтуға көмектесе алар едік, – деп ойын түйіндеді.

Қатысушылар баяндаған мәселелерді жан-жақты зерделей келе, Сan EECCA Климаттық желісінің үйлестірушісі Ольга Бойко:

– Климаттық сын-қатерлерді шешу үшін қатысушыларды көбірек тарту алдымызда тұрған міндеттерді түсінуге мүмкіндік береді. Орталық Азия елдері климаттың өзгеруіне осал. Қоғамдық ұйымдар, мемлекет, бизнес және ғалымдар ынтымақтастықтың ең жақсы жолдарын тауып, жергілікті және ұлттық деңгейде бірлескен шешімдер қабылдауы керек. Қоғамның құзыреттілігіне, Үкіметтің әлеуетіне және климаттық дағдарыстың шындығына өте байыпты қараудың уақыты келді, – деп ойын түйіндеді.

Климаттың өзгеруі елімізге де қауіп төндіруде. Конференцияға қатысқан қазақстандық экологтар алдымызда тұрған сын-қатерлерді ортаға қойып, оны шешу жолдарын түсіндірді. Қысқасы, Жер шары домалақ. Ол территориялық тұрғыда көптеген мемлекетке бөлініп, саяси, экономикалық ұстанымы әртүрлі бағыт ұстанғанымен, қоршаған ортаның қауіпсіздігін қорғау адамзат баласына ортақ тақырып. Сондықтан, климаттың өзгеруі сынды қатерден әлем елдері күш біріктіріп, кемелді бағдарлама аясында күрескенде ғана адамзаттың ортақ игілігін сақтап қалуға болады.

Қажет АНДАС

Алматы облысы