Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖҰДЫРЫҚПЕН ҮСТЕЛДІ ҰРҒАН БАС ДӘРІГЕРДІҢ ІСІН КОМИССИЯ ҚАРАЙДЫ

Уақыты: 18.11.2020
Оқылды: 384
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Желіде Талғар аудандық ауруханасының бас дәрігері Н.Күлсейітовтің тұрғындармен кездесуде үстелді жұдырығымен түйіп қалып, сұрақ қоюшыға жекігені жайлы бейнематериал кеңінен тарады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Көптің талқысына түскен бейнежазбада Алматы түбіндегі іргелі ауданның бас дәрігері ашуға беріліп, орнынан тұрып кетеді, онымен қоймай, сұрақ жолдаған азаматқа ұмтылып, соңынан дәлізге шығады да, тағы жанжалдаспақшы болады. Ары қарап, кетіп бара жатқан бас дәрігерге соңынан біреу "арамтамақ" деп айқайлайды.

Атышулы бейнежазбаға байланысты газетіміздің меншікті тілшісі Ұлбосын Исабек Талғар ауданының әкімдігіне сұрау салып көрді. Алайда аудандық әкімдік қызметкерлері жауап беруден жалтарып, істің мән-жайын түсіндіріп бере алмаған. Ал бас дәрігердің өзінен жауап алу тағы мүмкін болмаған. Талғар ауданы әкімінің баспасөз хатшысы бұл мәселеге қатысты: "Енді пресс конференция болып жатқан. Бір кісі тұрып, бас дәрігерге ақшаның бәрін қайда кетірдің деген ауанда сұрақтар қойды. Содан ол жынданып, қолымен столды ұрып, тұрып, шығып кетті. Болды", - деп шолақ қайырды.

Бүгінгі таңда үстелді жұдырықпен ұрған аурухананың бас дәрігеріне қатысты тексеріс басталды.

«ҚР Еңбек кодексінің 64-бабы, 1-бөлігінің 4-тармағына сәйкес, Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан комиссия құрылды. Арнайы топ Талғар аудандық ауруханасының бас дәрігері Н.Күлсейітовтің этикалық әрекетіне қатысты мәселені қарайды. Қабылданған шара хабарланатын болады», - делінген Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының "Қазақпаратқа" шыққан ресми мәлімдемесінде. Алдын ала мәлімет бойынша, жиналысқа келген тұрғынның ашу тудырған сұрағы ауруханада дәрілердің жетіспеуі жөнінде болған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"