ЗАҢСЫЗ ОЙЫН БИЗНЕСІН ҰЙЫМДАСТЫРҒАН ҮШ КӘСІПКЕР СОТТАЛДЫ

Уақыты: 11.01.2021
Оқылды: 1084
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында облыс аумағында бірнеше кәсіпкер ұйымдастырған заңсыз ойын бизнесінің жолын кесті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің хабарлауынша, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған Д.Есболов, А.Серғазинова және А.Түмен есімді кәсіпкерлер алдын ала сөз байласу арқылы заңды букмекерлік кеңселердің жұмыс істеуі түрінде тұлғалар тобымен әрекет ете отырып, 2017 жылғы мамырдан бастап 2019 жылға дейін Талдықорған қаласы, Панфилов ауданының Жаркент қаласы және Көксу ауданының Балпық би кенті аумағында заңсыз ойын мекемелерін (онлайн-казино) ұйымдастырған.

Заңсыз ойын бизнесінен алынған табыс сомасы 134 млн.теңгеден асты. Жедел шаралар нәтижесінде заңсыз айналымнан 70-ке жуық ойын жабдығы тәркіленді.

2021 жылғы 8 қаңтарда Талдықорған қалалық сотының үкімімен Д.Есболов, А.Серғазинова және А.Түмен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабы, 3-бөлігі, 2-тармағы бойынша заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырудың барлық белгіленген мерзіміне пробациялық бақылау белгілей отырып, оларға 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру (шартты) жазасы тағайындалды.

ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ (СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТ) АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ

Сурет - ғаламтордан