КЕДЕН, ҚҰРЫЛЫС, ТҰРҒЫН ҮЙ: ЖЕМҚОРЛЫҚҚА БЕЙІМ САЛАЛАР СӨЗ БОЛДЫ

Уақыты: 25.01.2021
Оқылды: 1212
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

"Жетісу медиа" ақпараттық алаңында Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Ернар МАҚАЖАНОВ 2020 жылы атқарылған жұмысын таныстырды. Онда жемқорлыққа бейім салалар айтылды. Сонымен бірге, облыстағы жемқорлықпен күрес жұмыстары толығымен баяндалды. Бұл туралы "Жетісу" газеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Баспасөз конференциясы барысында Ернар Мақажанов Мемлекет басшысы қойған міндеттерге сәйкес, департамент сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша кезең-кезеңімен, сапалы және ойластырылған шаралар қабылдап жатқанын, бұл ретте барлық күш-жігер азаматтар мен мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа және оның барлық көріністеріне қарсы мүдделерін қорғауға бағытталғанын атап өтті.

Ернар Мақажанов атап өткендей, жыл бойы агенттіктің Алматы облысы бойынша аумақтық департаменті жедел-тергеу және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыты бойынша жүйелі жұмыс жүргізді.

Ернар Мақажанов 2020 жылы департаментпен 277 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелгенін, оның 84 пайыздан астамы сыбайлас жемқорлық болып табылатынын (232) атап өтті.

Аяқталған қылмыстық істер бойынша жалпы залал 4,9 млрд.теңгені құраған, 4,4 млрд теңгесі өтелген. Департамент ауыр және аса ауыр қылмыстарды да қарайды. Былтыр оның үлесі 52 пайыз болды немесе 142 құқықбұзушылық анықталған.

Департамент басшысы ең көп таралған жемқорлық әрекеттерді де атады. Алматы облысында 196 парақорлық қылмысы (пара алу - 75, пара беру - 117, парақорлыққа делдал болу – 4) тіркелген. Сондай-ақ, лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану бойынша – 10, қызмет бабын пайдалана отырып алаяқтық жасау бойынша – 7, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу бойынша - 6, билікті асыра пайдалану бойынша - 10 жағдай анықталды.

Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілікке 144 тұлға тартылды, оның ішінде, бірінші басшылар – 36 адам (оның ішінде республикалық деңгейдегі – 1, облыстық деңгейдегі – 8, қалалық - 8, аудандық - 13 және ауылдық – 3).

Ернар Мақажанов брифинг аясында атап өткендей сыбайлас жемқорлыққа аса бейім салалар белгілі болды.

Олар: кеден саласы - 2020 жылы 114 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелді, 33 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды; құрылыс саласы - 2020 жылы 28 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелді, 20 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, 11 адам әртүрлі жаза түрлерімен сотталды; тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы - 17 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелді, 10 адам жауапқа тартылды, 7 лауазымды тұлға жазаның әр түрімен сотталды.

Бұдан бөлек, 19 сыбайлас жемқорлық қылмысы жер қатынастары саласында орын алған, бұл салада 18 адам жауапкершілікке тартылған. Ал денсаулық сақтау саласында 15 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген. Мұнда 11 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған, 5 лауазымды тұлға әртүрлі жаза түрлерімен сотталған.

Брифинг барысында Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы департаменттің кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, түрлі мемлекеттік органдардың қызметкерлері тарапынан заңсыз араласудың және заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтірудің жолын кесу бойынша белгілі бір жұмыс жүргізетінін атап өтті. Атқарылған жұмыс нәтижесінде 2020 жылы кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудың 30 фактісі анықталды, 65 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелді, 49 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Әр түрлі жазаға 30 лауазымды тұлға кесілген.

Департамент мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысында бюджет қаражатын ұрлаудың жолын кесуге ерекше назар аударады. 2020 жылы 45 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеліп, 37 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, Ернар Мақажанов брифинг аясында қоғамның қазіргі заманғы болмысы мен қажеттіліктерінің басымдығын ескере отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, бірінші кезекте, сыбайлас жемқорлықты алдын алуға бағытталғанын атап өтті. Өйткені, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруда "сыбайлас жемқорлықты алдын алу", яғни, оның превенциясы сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтың, сыбайлас жемқорлық мінез-құлықтың туындауына жол бермеу сипатындағы жүйелі шараларға да жетекші рөл беріледі.

Мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік сатып алуға мониторингті тұрақты түрде жүргізеді.

Мемлекеттік сатып алу мониторингі шеңберінде департаменттің күшімен 2020 жылы облыс бойынша 4 млрд.097 млн.208 мың 414 теңге сомасына мемлекеттік бюджет үнемделді.

2020 жылы облыстың барлық 20 аудандық және қалалық әкімдігі қызмет көрсетудің сервистік моделіне көшті. Биылғы жылы ауылдық деңгейдегі әкімдіктер жұмысының осы моделіне көшу жоспарланып отыр.

"Protecting Business and Investments" бизнес пен Инвестицияларды қорғау жөніндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоба шеңберінде Департамент 2020 жылы инвесторлармен 700 млрд.теңгеден астам сомаға 55 келісімге қол қойды.

Департаментпен "Ашық бюджеттердің интерактивті картасы" жобасы шеңберінде Publicbudget.kz 2020 жылы жалпы сомасы 935,1 млрд.теңгеге 1740 мемлекеттік ұйымның бюджетін жариялау қамтамасыз етілді.

Департаментпен 2020 жылы 12 сыртқы талдау және 17 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізілді. Оның шеңберінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне неғұрлым бейім салалар мен бағыттар анықталды. Сыртқы талдау қорытындылары бойынша 194 ұсыным әзірленді, оның ішінде, бүгінгі күні талдау объектілері 178 ұсынысты орындады, бұл 91,7 пайызды құрайды. Бүгінгі күні жүргізілген талдау жұмысының қорытындылары бойынша 934 нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді (41 - сыртқы талдау желісі бойынша, 893 - мониторинг желісі бойынша). Сонымен қатар, департамент сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру және азаматтар арасында парасаттылық қағидаттарын насихаттау мақсатында 150-ден астам сыбайлас жемқорлыққа қарсы бейнематериал әзірледі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы құндылықтарды насихаттау мақсатында көрнекті тұлғаларға арналған 13 мурал (сурет) салынды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"