ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ: "КОВИДКЕ ҚАРСЫ ЕКПЕ САЛДЫРУ ӘР АДАМНЫҢ ӨЗ ЕРКІНДЕ"

Уақыты: 30.01.2021
Оқылды: 1017
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қазақстанда COVID-19 індетін жұқтырғандар саны өткен аймен салыстырғанда 20 пайызға артты. Күн сайын 1500-ге жуық адамнан вирус анықталуда. Республикада 8 облыс қауіптілігі жоғары қызыл аймаққа енді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның селекторлық отырысында мәлімдеді.

Вакцина өндіру жөніндегі жұмыс туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, карантиндік шаралардың сақталуын бақылау туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев баяндады.

Қызыл аймаққа Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары кірген.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин аймақтардың қызыл аймаққа енуі коронавирусқа қарсы жұмыстың аталмыш облыстарда нашар жүргізілгендігі деп атап өтті. Сондықтан, әкімдерге аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Бұдан кейін елдің бас дәрігері вакциналау жұмыстарына дайындықты баяндады. Ақпан айынан халыққа ерікті түрде ресейлік «Спутник В» вакцинасы салына бастайды. Ол үшін 2 миллионнан аса екпе дайын. Ал отандық QazCovid-in вакцинасы сәуірде қолжетімді болады деп жоспарлануда. Қазір клиникалық сынақтың 3-ші кезеңінде.

Үкімет басшысы Асқар Мамин облыс пен қала әкімдеріне вакцинаны сақтауға қажетті тоңазытқыштар сатып алып, егу пункттерінің дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды.

- Ақпарат министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп, халыққа шынайы ақпараттың таратылуын қадағаласын. Жалған мәліметтерге жол бермеу қажет. Екпені қабылдау әр адамның өз таңдауында, ерікті түрде жүзеге асады. Денсаулық сақтау министрлігі әр облыста дәрі-дәрмектің жеткіліктілігін қадағаласын. Дәріханаларда вирустан қорғану құралдары мен дәрі-дәрмектің тапшылығы болмауы қажет. Баға тұрақтылығы сақталуы тиіс, - деді Үкімет басшысы.

Селекторлық жиын соңында Үкімет басшысы: «Вакцина өндірісін қамтамасыз ету және халықты жаппай вакциналауды өткізу денсаулық сақтау саласындағы Үкіметтің бүгінгі күнгі негізгі міндеті», - деді.

 

Кезекті селекторлық жиыннан кейін өңір басшысы Амандық Баталов облыстағы эпидахуалды талқылады. Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес вакцинаны сақтайтын тоңазытқыштар мен термоконтейнерлер медициналық мекемелерге 1 ақпанға дейін орнықтырылуы керектігін айтты. Салаға жауапты орынбасары мен денсаулық сақтау басқармасының жетекшілеріне індетпен күресті күшейтуді тапсырды.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды