"ТҰРҒЫНДАРҒА ЖАЙЛЫ БОЛСА ЕКЕН": ҚЫЗЫЛҚАЙРАТТАҒЫ АМБУЛАТОРИЯ

Уақыты: 06.02.2021
Оқылды: 1483
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Ауылдық амбулаторияның жаңаруы көңіл көншітер қуаныштың да нұрын төккендей. Халық саны еселеп артқан Қызылқайрат ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның іргесінің қаланғанына 45 жылға жуықтаған. Содан бері ағымдағы жөндеуден әрі аспайтын ғимараттың тозығының жетуі тұрғындар мен осында еңбек ететін медицина мамандарының арқасына аяздай бататын.

Жыл сайын жыры бітпейтін проблеманың жуырда түйінінің тарқатылғанына ауыл тұрғындары, әсіресе, зейнет жасындағы ақсамайлы қариялар балаша қуанғанын жасыруға болмас.

Бұдан былай «EL AMAN» отбасылық денсаулық орталығы деп аталатын екі қабатты ғимаратта ауыл тұрғындары медициналық қызмет түрлерін емін-еркін пайдалана алатындығымен ерекшеленеді. Ескі дәрігерлік-амбулаторияны алмастырған бұл орталықта ауылдың үлкен-кішісіне емханалық іс-шаралар қалтқысыз көрсетіліп, медицина қызметкерлері мен орта буын мамандары түгелдей өз жұмыстарын жалғастыра береді деген сенім бар.

– Менің ауылдық амбулаторияға келіп, еңбек еткеніме 38 жыл болыпты. Яғни, ескі ғимаратпен бірге қызмет етіп келеді екенмін. Тозығы жеткен амбулаторияның жаңаға ауысуы қызылқайраттық тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Салынғанына жарты ғасырға жуықтаған амбулатроияны қанша жамап-жасқағанмен жыртығы жамалып бітпейтін еді. Судың жоқтығы, жылуға жарымау, қабырғаларының көгеріп, еденінің ескіруі сынды жайсыздықтар жарты ғасырға таяған ғимаратты жылда жөндегенмен еш мәні болмайтын. Енді, міне, жарқыраған кең сарайдай, заманауи үлгідегі ғимаратта еңбек ететінімізге жүрегіміз жарыла қуанудамыз. Осындай амбулатория ауданда біздің ауылда ғана бар десек, асыра айтпаған болар едік, – дейді қуанышын жасыра алмаған тәжірибелі аға мейірбике Таңжарық Ибраимова.

– Менің ауылдық амбулаторияға келіп, еңбекке араласқаныма бес айдан асты. Көненің көзіндей болған амбулаторияның сәнді де сәулетті ғимаратқа қоныс аударуы менің де қуанышымды еселеді. Ендігі жерде мамандардың қай-қайсының да еңбекке деген құлшыныстары арта түсері сөзсіз, – дейді жас дәрігер Гүлбану Демесінова.

Білікті маман Ақбаян Әлдібаева басшылық ететін отбасылық денсаулық орталығына ескі амбулаторияның мамандары біртіндеп көшіріле бастаған. Ендігі жерде тұрғындар медициналық қызметтің кеңейтілген түрлерін пайдалана алатын болады. Аталған орталық заманауи үлгідегі УЗИ аппараты, электрокардиограф және қан мен несепке жедел талдау жасайтын зертхана, сондай-ақ, компъютер, оргтехника, жиһаздармен жабдықталған.

Бірінші қабатта тіркеу, дәрігералды бақылау бөлімдері мен киім ілгіш орындары жайғасқан. Сонымен қатар, емделушілер 4 төсектік күндізгі стационарда ем-шараларын қабылдай алады. Ал екінші қабатта дәрігерлік кабинеттер орналасқан. Алдағы уақытта орталықта тіркеуде тұратын тұрғындарға хирург, гинеколог және кардиолог сынды дәрігерлердің кеңес беріп, қабылдау жасауына мүмкіндіктер қарастырылуда.

– Біздің жобаның басты міндеті – тұрғындарға жоғары сапалы медициналық қызмет көрсету. Бүгінгі медицинаның қолжетімділігін арттыру. Амбулаториялық-емханалық шаралар толығымен тегін көрсетіледі. Бұған тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ. Сондай-ақ, ұжым қызметкерлерінің еңбекақысы мен орталықтың барлық шығынын серіктестік өз жауапкершілігіне алады, – дейді «Nova Invest» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Ләйлә Азатбекқызы.

2012 жылдан бері медицина жүйесінде қызмет көрсетіп келе жатқан компания басшысы алдағы уақытта ауылдық дәрігерлердің іс-тәжірибесін шыңдап, жетілдіру мақсатында Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан жоғары санатты мамандардан кеңес алып, тәжірибе алмасу жұмыстары жолға қойылатындығын да тілге тиек етті.

Айта кетейік, ақпанның алғашқы күнінен жаңа отбасылық орталықтың есігін айқара ашқанын осылайша алақайлап жазған едім. Алайда Қызылқайрат ауылындағы ескі дәрігерлік-амбулаторияның да жұмысын біржола тоқтатпай, жалғастырып жатқаны жайлы хабардар болдық. Осыны нақтылау мақсатында аудандық орталық ауруханаға ат басын бұрып, Қызылқайрат ауылдық амбулаториясының екіжақты болуының басты себептерін білмекке тырыстық.

– Әзірге осылай болып тұр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан Қызылқайрат ауылының 12 мың халқы «Nova Inbest» ЖШС-не тіркелетіндігі жөнінде хабарлама келді. Бұл біздің қызметімізге жасалып отырған қысастық деп хат жаздық. Өйткені, өткен жылдың қазан айынан бастап мемлекеттік басқармамен арада келісімшарт жасасып, 15 жылға сенімгерлік басқаруды қолға алған болатынбыз. Осы ауданның 34 ауылдық амбулаториясы мен орталық ауруханаға 4 млрд.теңгені компания өз қалтасынан бөліп, игілігіне жұмсауды жоспарлаған. Оның 1 млрд.теңгесіне құрал-жабдықтар алынды. Біз ашық конкурстан ұтып алғанбыз бұл тендерді. Ол жөнінде келісімшарт бар қолымызда. Осы уақытқа дейін аудан бойынша аудит жүргізіп, не істеу керектігін сараладық. Қызылқайраттың ескі амбулаториясының аумағындағы бос жерге жаңа ғимарат салуды да жоспарлағанбыз. Біз биылғы жылдан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысын да көтерген болатынбыз. Сол себепті, амбулаторияның мамандары да екіге жарылып отыр. Қалағаны жаңаға, қаламаған екі-үшеуі ескі ғимаратта жұмыс істеп отыр. Ендігі мәселені облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп шешетін боламыз, – дейді «a-Class Medical» ЖШС басқарушы директоры Санжар Орынбаев.

Біздің тілек - «Екі піл сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» демекші, екі компания арасындағы теке-тірестен тұрғындар мен медицина мамандары зардап шекпесе болғаны.

Ұлбосын ИСАБЕК

Қызылқайрат ауылы,

Талғар ауданы

Алматы облысы