АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА СОҢҒЫ ҮШ КҮНДЕ 176 АДАМ ІНДЕТ ЖҰҚТЫРДЫ

Уақыты: 08.02.2021
Оқылды: 802
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында коронавирусқа шалдыққандар саны толастамай тұр. Мәселен, соңғы үш күнде аймақ бойынша 176 адам қауіпті індет жұқтырған. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Қазіргі таңда Алматы облысы «жасыл аймаққа» енген. Десек те, бұл босаңсу емес екенін әрбір тұрғын ұғынуға тиісті. Елімізде «жасыл аймаққа» өтіп, артынша қайтадан қауіптілігі жоғары «қызыл аймаққа» еніп кеткен өңірлер баршылық. Мұның бәрі сақтыққа салғыр қараудың салдары. Сондықтан, бетперде режимі мен арақашықты қатаң ұстанбай, вирустың бетін қайтару мүмкін емес. Дәрігерлер осылай деп дабыл қағып отыр.

Вирусты жұқтырғандардың басым көпшілігі сенбі-жексенбі күндері тіркелген. Бұдан шығатын қорытынды – шектеу шаралары енгізілсе де, демалыс күндері тұрғындардың ары-бері бейсауат жүрісі тоқтамаған. Жасырын той өткізу, қонаққа бару, туған-туысты аралау сияқты отбасылық мерекелер індеттің қайта күшеюінің басты себепшісі. Әрбір азамат айналасының амандығын ойлап, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарай білгені абзал. Сонда ғана әлемді жайлаған індетке тосқауыл қоя аламыз.

Облыста өткен үш тәулікте 407 адам коронавирус індетінен емделіп шықты. Жалпы, облыс бойынша індет басталғалы бері 9731 адамнан коронавирус анықталған. Оның ішінде, 7912-сі ауруды жеңіп, қатарға қосылған. Бірақ соңғы тәуліктегі жұқтыру көрсеткіші тағы жоғары болып тұр. Бір күнде аймақта 46 адам ковид белгісімен ауруханаға келген. Олардың басым көпшілігі Талдықорған қаласының және Еңбекшіқазақ, Іле, Сарқан, Қарасай, Талғар аудандарының тұрғындары. Жұқтырғандардың ішінде зейнеткерлер, сот, электрмен жабдықтау, педагогика, полиция, түрлі мекеме мен өнеркәсіп саласының қызметкерлері, студенттер мен балалар бар. Науқастар 100-ге жуық адаммен байланыста болған. Бүгінде сырқаттармен байланыс жасағандар дәрігерлердің бақылауына алынды.

Айта кетейік, өткен екі аптамен салыстырғанда облыста коронавирус жұқтыру көрсеткіші 0,8 пайыздан 0,7 пайызға төмендеген. Бірақ бұл көрсеткіш сақтық шараларын ұстанбаса, әп-сәтте өзгеріп, жағдай ушығып кетуі мүмкін. Сондықтан, дәрігерлер тұрғындарды санитарлық талаптарды орындап жүруге шақырады.

Осы жылдың 8 ақпанындағы мәлімет бойынша, Алматы облысының ауруханаларында ковид белгісімен 559 адам жатыр. Оның ішінде 27 адам ауыр халде. Коронавирус белгісіне ұқсас өкпе қабынуы бойынша Алматы облысында өткен жылдың тамыз айынан бері 1842 адам тіркелген. Соңғы тәулікте аймақта 6 адамның (Талдықорған қаласының, Қарасай ауданының тұрғындары) өкпесі қабынған.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан