"БӘРІ ЖАЛҒАН": КОВИДКЕ ҚАРСЫ ЕКПЕ САЛДЫРҒАН МЕДБИКЕ ҮНДЕУ ЖАСАДЫ

Уақыты: 11.02.2021
Оқылды: 1055
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талдықорған қаласында коронавирусқа қарсы вакцинациядан кейін есінен танып қалды делінген медбике үндеу жариялады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

«Алматы облыстық ауруханасы инфекциялық бөлім медбикесімін. №2 емханаға COVID-19-ға қарсы вакцина алуға бардық. Вакцина алар алдында уайымдағаннан кейін жүрегімнің соғысы қатты болып, сол жерде маған алғашқы көмек көрсетілді. Алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін жағдайым жақсарып, үйге қайттым. Ал Instagram желісінде мені «сол жерде талып қалыпты», мені «жансақтау бөліміне алып кетіпті» деген ақпараттың бәрі жалған екендігін айтқым келеді», - деді видео авторы. Сондай-ақ, медбике бейнежазбада өзінің жұмыста отырғанын және жағдайы жақсы екенін жеткізді.

«Үш аптадан кейін келесі вакцинамды алуға дайынмын», - дейді ол. Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Талдықорғанда вакцина алған медбикенің есінен танып қалғандығы жөнінде ақпарат жарияланған болатын. Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хатшысы Ләйлім Әубәкірова тұрғындардан тек ресми деректердің ақпаратына жүгінуге шақырды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"