АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРУ ДЕҢГЕЙІ ТӨМЕНДЕДІ

Уақыты: 16.02.2021
Оқылды: 1147
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«Jetisy media» ақпараттық алаңында Алматы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асхат Чарапиевтің қатысуымен «Ағымдағы эпидемиологиялық жағдай және COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі шаралар» тақырыбында брифинг өтті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Спикердің айтуынша, бүгінге дейін індетпен 9781 науқас тіркеліп, оның ішінде, 3976 адамда сырқат белгісі байқалған. Соңғы 2 аптада коронавирустың деңгейі 0,8 пайыздан 0,6 пайызға төмендеген. Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық жағдайды бақылау орталығының пайымдауына сүйенсек, облыс жасыл аймақта.

Брифингте Асхат Сәкенұлы алдағы уақытқа жоспарланған шараларды таныстырды.

– Бірінші, мешіттерді 30 пайызға дейін толтыруға рұқсат етілді. Сонымен қатар, 100 адамнан аспайтын жамағатпен намаз оқуға болады. Екінші, ауылдық жерлерде жұма намазы оқылады, бірақ адам саны 150-ден аспауы тиіс. Үшінші, карантин талаптарына сәйкес орын саны 50-ден аспайтын қоғамдық тамақтану нысандары жұмыс істейді. Төртінші, қарбалас уақытта аялдамалар мен қоғамдық көліктерде азаматтардың жаппай жиналуы болмаған жөн. Адам саны 250-ден асатын жұмыс орындары адамдарды тасымалдауға мекеме көлігін пайдаланады. Бесінші, штат кестесінде 30-дан астам қызметкер болса, олардың 50 пайызы қашықтан жұмыс жасайды, – деді ол.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, аталмыш вируспен күресудің жолы - карантин талаптарын сақтау. Қоғамдық орындарда бетперде тағып, адам көп шоғырланған орындарға бармаған жөн.

Дәулет ХАЛЫҚҰЛЫ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды