Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ІНДЕТПЕН КҮРЕСКЕН ДӘРІГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Уақыты: 05.03.2021
Оқылды: 547
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтау үшін Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасына арнайы барды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

- Медицина саласының мамандары пандемия кезінде күн-түн демей, халықтың денсаулығын сақтауда аянбай еңбек етті. Отбасы, бала-шағаларын қалдырып, ауруханада қона жатып, айлар бойы үй-ішін көрмей, жанын салып жұмыс істеді. Науқастарды емдеуге бар күш-жігерін жұмсады. Блок-посттарда күні-түні кезекшілікте тұрды. Сондықтан індетпен күресте ерекше қажырлық танытқан баршаңызға алғыс айтамын. Біз өз кезегінде ауруханаларды дәрі-дәрмек, оттегі, "Жедел жәрдем" көлігімен қамтамасыз ету үшін барымызды салдық. Жаңа үлгідегі, барлық құрал-жабдықтармен қамтылған медицина мекемелерінің қатарын көбейтуге мейлінше көңіл бөлудеміз. Барша сала қызметкерлерін мерекемен құттықтап, еңбекте табыс, отбасына амандық тілеймін, – деді облыс басшысы.

Бұдан соң бірқатар сала қызметкерлерін Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапаттады.

Өз кезегінде облыстық аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Сәкенова, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылындағы аудандық аурухананың жалпы тәжірибедегі дәрігері Марина Имирова қазіргі таңда дәрігерлерге барлық жағдай жасалып, үстемеақы да төленіп, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқандығын айтып, медицина саласы қызметкерлерінің еңбегін ескеріп жатқан ел Президентіне, облыс әкіміне алғыстарын жеткізді.

Шара соңында Сүйінбай атындағы облыстық филармония әншілері ән-шашу тарту етті.

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы