КӨЛІК ҚАҚҚАН ҚЫЗДАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫН БІЛУГЕ ӘКІМ ОРЫНБАСАРЫ БАРДЫ

Уақыты: 11.03.2021
Оқылды: 761
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қорам ауылында орын алған көлік оқиғасынан зардап шеккен қыздардың хал-жағдайын білуге Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов Шелек ауылындағы ауруханаға арнайы барды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Оқушылардың жағдайымен танысқан ол ата-аналармен кездесіп, балалардың сауығып кетуі үшін барлық қажетті көмек жасалатынын айтты. Сонымен қатар, Шелек ауруханасына облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының тапсырмасымен Өтеген батыр кентіндегі балалар ауруханасынан балалар хирургиясы, нейрохирургия, анестезия саласының білікті дәрігерлері келіп, зардап шеккен қыздарға медициналық көмек көрсетуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккен оқушы қыздардың өміріне алаңдаушылық білдіріп, істі өз бақылауына алатынын жеткізген. Алматы облысының басшысы Амандық Баталов та оқушылардың емделіп, денсаулықтарын қалпына келтіруге мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылданатынын айтқан.

Айта кетейік, кінәлі адам заң аясында тиісті жазасын алатын болады. Оқиға орнына жедел жеткен медицина қызметкерлері қыздарды түрлі жарақаттармен Шелек ауылындағы ауруханаға жеткізген еді. Ал мас жүргізуші қамауға алынып, қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы «Мас күйінде көлік айдап, жол ережесін бұзу арқылы денсаулыққа зақым келтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалуда. Тергеу амалдары басталып, сараптама тағайындалған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"